АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ТЫМАҚ ЖОҒАЛҒАННАН ТОТЫҚҰС ӨЛГЕНГЕ ДЕЙІН

33acebb77dfe9ff5767be15b710b27fbОқу – жұмысқа айналды. Құнарсыздау, дыз етпе шығармалардың көбейгені сонша, оқу деген біздің санамызда ләззатпен емес, мехнатпен астасып барады. Пәленшенің жаңа әңгімесі шығыпты десе, «не деді екен» деп асықпаймыз, сол әңгімені көшіріп жазып шық немесе жаттап ал деп тапсырма алған адамдай қараптан-қарап шаршаймыз.

Биыл 70 жасқа келіп жатқан Тынымбай Нұрмағамбетовтің жаздан бері «Маскүнемнің малқорасы» («Жас Алаш» газетінде басылды), «Қар астындағы ауыл» («Қазақ әдебиеті» газетінде басылды), «Какаду» («Алаш тарихының ақиқаты» бәйгесінен бас жүлде алып, жинаққа шықты) деген әңгімелері қолымызға түсіп, әлгіндей боп ұмытылып бара жатқан оқырмандық шынайы сезімімізді оятқандай болды. Жазушының өз құлақкүйінен ауытқымай жазған бұл үш әңгімесі бұрынғы «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деген кітабына қосуға лайық дүниелер екен…

Жазушының суреттеу шеберлігі, юморы, қазақылығы, сезімталдығы – оның негізгі артықшылығы екеніне дау жоқ. Бірақ Тынымбай жазуына тән, бір қарағанда байқала қоймайтын дүние бар екен. Оны жаңа әңгімелерін оқыған соң, жүлгелес ескі шығармаларын тағы бір сүзіп шығып, кейіпкерлерді қатар тізіп қойып қарағанда байқадық, байқадық та таңғалдық, тіпті тіксініп қалдық. Сондағы көргеніміз… бедірейіп қарап тұрған қазақтың бейнесі болды. Шаршаңқы, жүзінің нұры жоқ, көзінен көнбістік, дәрменсіздік, кейде аярлық байқалатын қазақ.
XX ғасырда әлемде көптеген өзгерістер болды, ал қазақ үшін ең үлкен өзгеріс – көшпелі тұрмыстан отырықшы тұрмысқа ауысу болды дейді Ақселеу Сейдімбек. Көшпелі дәуірмен қоштасу деген бізге ықылым заманда болған нәрсе көрінгенімен, ол осыдан екі-үш ұрпақ бұрынғы ғана жағдай екен. Және сол көшпелілерден қалған, бәлен жылдар бойы қалыптасқан психология XX ғасырда отырықшының немесе коммунистің психологиясына бірден ауыса салмапты. Күн сайын әлсірей берсе де, сүйекке сіңіп, болмыспен астасып кеткен әдеттер, мінездер қалмай, күні бүгінге дейін жетіпті. Және елдің өткен өткелдері нәтижесінде ұлттық санаға жаңадан бояулар да қосылып, болмаған мінездер де пайда болыпты… Тынымбайдың әлемі осы өзгерістерді қамтиды, басқаша айтсақ, «Тымақ жоғалғаннан тотықұс өлгенге дейінгі уақытты» суреттейді. Яғни сәвет үкіметі көшпелі тұрмысқа тырнағын шын батыра бастаған уақыттан күні бүгінге дейін деген сөз («Бөрібайдың тымағын ит алып қашатын қыс кәмпескеден сәл әрі, яки сәл бері» дейді Нұрқабыл шал әңгімеде, демек, тымақ жоғалатын уақыт пен кәмпескеден басталатын қызыл қырғынның уақыты сәйкес келеді, ал «Какаду» әңгімесінің кейіпкері осы заманның, бүгіннің адамы, оның тотықұсы да кеше, я болмаса оның алдыңғы күндері өлді деп қабылдай аламыз).
«Какаду» әңгімесі… Жүлделі шығармалардың жинағынан басқа жерде жариялана қоймаған бұл әңгіме бір қарағанда комедия болғанымен, астары нағыз трагедия. (Жалпы, Тынымбайдың күлкіге құрылған шығармаларының көбінің әр жағында қасірет жатыр). Жоғары жақпен сыйыса алмай шет елге кеткен Тәкежан Байгелдіге Какаду деген тотықұсын тастап кетеді. Байгелді өзі әйелімен ажырасып, оған дейінгі әдеті ішуге біржолата бет бұрған адам екен. Тотықұс екеуі әбден достасып кетеді. Байгелді Какадуға арақ ішуді үйретеді. Оны көрген Ерік деген әкімшілікте істейтін суайт сыныптасы құсты бір жетіге деп сұрап алады да, әкімге сыйлап жібереді. Әкім болса өзінен үлкен, тіпті үлкен болғанда да үлкен кісіге сыйлап жібереді. Ерік те, әкім де өсіп шыға келеді. Байгелді болса құсты сағынып, қайғыға батады. Құс та бұны сағынып, ауырып қалады. Сөйтіп екеуі қайта табысады. Үлкен кісінің орысша сөйлейтін адамдары емде деп әкеліп тастайды. Осы кезде қайдан естігені белгісіз, «маған сат» деп хабарласатындар көбейеді. Байгелді шет елде жүрген Тәкежанға көмекшісі арқылы жағдайды ескертеді. Сөйтіп құсқа талас басталады. Бірақ құсты алып Австралияға қашамын деп отырғанда құсы арақты көбірек сілтеп жібереді де, жан тапсырады. Осы кезде орысша сөйлейтін көмекші де, Тәкежанның адамы да, сатып алмақ болып хабарласып жүретін жігіт те, суайт досы Ерік те келіп, құстың өлігін өз көздерімен көреді. Содан үш күн өткеннен кейін Байгелді қайта ішіп кетті дейді. Кейде түсінде Какадумен бірге Австралия ормандарында ойнап-күліп жүреді екен. Әрине, құс тілінде. Бір жолы тіпті екеуі ән шырқағанда орманның құстары көздеріне жас алып тұрып тыңдапты. Бірақ Байгелді бұл түсін, одан алған сезімін ешкімге айтпай тұра тұрмақ…
Әлқисса, бұл Байгелдінің өзі Тынымбай кейіпкерлерінің ішіндегі қалада тұратын екінші адам. Біріншісі – «Қыз ұзатылған түндегі» аты аталмайтын (Осы әңгіме – бірінші жақта жазылған жалғыз әңгіме) лирикалық кейіпкер. Ауылда ағасының қызы ұзатылып жатқанда қаладағы үйінде, шешесінің әңгімесін тыңдап отырып, екі баласының көзінше арақ ішетін бір бейбақ… Содан кейінгі қалада тұратын кейіпкеріміз, міне, бала-шағасынан айрылған, араққа салынған Байгелді. Сұрықсыз өміріндегі пайда болған бір қызығы – тотықұс. Сөйтіп, тотықұсы да ішкішке айналады. Байгелді алғаш ішіп үйреткеннен кейін, қолдан қолға өтіп, кейін қайта оралғанда Какаду тап-таза алқаш болып шығады. Үлкен кісі деп жүрген адамының халі менен жаман екен ғой деп Байгелді енді өзінің жағдайына шүкір етіп қалады. Кейіпкердің бұл ойы – әңгіменің өне бойындағы автор жасаған айқыш-ұйқыш ишаралардың бірі ғана. Жеке-жеке айтып отырмай, «Какаду» әңгімесіндегі жалпы тұспалды тарқататын болсақ, былай болатын сияқты: «былыққан қоғам, қазақты тыңдайтын ешкім жоқ, жылпостар күн санап семіріп, өрлеп, өсіп барады». Әдеттегі пыш-пыш әңгіме сияқты болып көрінгенімен, олай емес, бұл – жасы 70-ке кеп отырған қазақ прозаигының бүгінгі Қазақстанға берген бағасы. Ешкіммен жолықпай, оңаша отырған жазушы тотықұс арқылы билік пен көпшілікке сәлем жолдағандай. Ғабит Мүсірепов күнделігінде жазушыны халыққа қатысты сигналдарды қабылдап отыратын спутниктік антеннаға теңейді. Осыны ескерсек, ұлттың халін жан жүйесімен сезетін жазушының ел туралы ойы осынша ащы болғаны, өкінішті, әрине…
Байгелді қалада тұратын екінші кейіпкер дедік. Ал басқа әңгімелердегі кейіпкерлер егін басында, фермада, совхозда тұрады. Олар үшін ауданға барудың өзі абырой. Ал «Бұлақ» әңгімесіндегі Қошқарбай Алматыға бару дегенді естісе зәресі қалмайды. Тәуірлеу қызметте істейді деген үлкен кісінің көмекшісі қазақ болса да, орысша ғана сөйлейтін орыс тілді. Қазақша сөйлейтіндер онша алысқа бара алмайтындай, екінші сұрыпты адамдар сияқты.
Жалпы, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деп аталатын кітаптағы он екі әңгіме, биыл жарыққа шықты деп отырған үш әңгімені алыңыз – он бесінде де кеудесін ешкімге бастырмайтын, санасы азат, елге сыйлы әзиз азамат жоқ. Не шетінен момын, көнбіс, қорғансыз, дәрменсіз, шарасыздар, не озбыр, суайт немелер. Бұл екі топқа жатпайтындары қылжақбас, дарақылар. Барлығы дерлік арақ ішеді. Ел тізгінін алатын, көшелі сөз айтатын, қылжақсыз, құрметке лайық адамдар тек марқұм боп кеткендер ғана, басқаша айтқанда, Тымаққа жоғалғанда немесе содан көп ұзамай о дүниелік болғандар («Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыстағы» Бөрібай, Тауасар, «Шашубайдағы» Алашыбай, «Бәйтеректердегі» Арыстан, Бағыбек, Қуаныш).
Тынымбай кейіпкерлері қыл аяғы тотықұсына дейін араққа салынып кетті. «Жәрдемшідегі» үш қойшы – Қабыл, Алдашбек, Алшағыр қой бағып жүріп ішеді, «Бұлақтағы» Қошқарбай мен Ертілеу клубта кешкісін қалып ішеді, «Қорашылардағы» Ораз қойшының әйелімен отырып ішеді, «Қыз ұзатылған түндегі» кейіпкер шешесінің алдында отырып ішеді, «Нақаң үшінде» Нақаң өлейін деп жатқанда елдің бәрі мәз-мейрам болып ішеді, «Қар астындағы ауылда» Сейілбек пен Сағымбай өзен жағасына барып ішеді. Бәрі ішеді. «Маскүнемнің малқорасында» Жарқынбек пен Бершікүр күн сайын ішеді…
«Маскүнемнің малқорасында» да, «Какадудағыдай», сәвет үкіметі құлағаннан кейін жұмысынан айрылып, ешкімге керек болмай, араққа салынған Жарқынбек өмірдің мәнін хайуанаттардан іздей бастайды. Өзіне тесіліп қараған Ақбас өгіз сөйлегендей болып, оның даусы марқұм әкесінікіндей көрініп, шоши бастайды. Бөтелкелес досы Бершікүр бұл жағдайды тибеттіктердің философиясымен түсіндіреді. Яғни өлген адамның жаны сол кезде дүниеге келген басқа бір тіршілік иесіне беріледі дейді. Осыған тоқтаған Жарқынбек Ақбас өгізді әкем деп, Мәңбас өгізді Оташ атам, Қасқа сиырды Зерегүл анам, Аймүйізді Бипаз әжем, Қоңыр өгізшені Балмырза деп ойлай бастайды (Осы кісілер қайтқанда туған бұзаулар екен). Кейін өзінің біраздан бері мазалап жүрген дерті меңдеп, беті әрі қараған кезде әйелінен қай сиыры желіндегенін сұрап, соңында тіпті содан туатын бұзау өзі болатынын әйеліне айтып та қояды. Кейін шынында да Жарқынбек өлген күні …сиыр бұзаулап қалады. Бұны көрген әйелі де тибеттіктердің философиясына сеніп, зар еңіреп жылайды.
Жарқынбек – қорланушы образдардың ерекше бір түрі. Сәвет құламас бұрын ол ферма бастық болып тұрғанда асты-үстіне түсіп жүретіндер кейін бірі қалмай теріс айналып кетеді. Осындай жағдай «Жәрдемші» әңгімесіндегі Қабылдың да басына түсуші еді. Сонда Қабыл кезінде өзі көмекшісіне қандай жәбір көрсетсе, кейін орнынан түсіп, өзінің досы Алдашбекке көмекші болып қалғанда, Алдашбек өзіне тура сондай жәбір көрсетеді. «Маскүнемнің малқорасындағы» Жарқынбек те қорлықтың небір түрін көре бастайды. Бірақ бір қызығы басына қонған баққа бір кездері тез үйренгендей, қорлыққа да бойы тез үйренеді. Кеше ғана иіліп жастық болып тұрған адамдардың жағдай өзгергенде басқа адамға айналуы осы аталып отырған екі әңгімеде жақсы ашылады. Осы қатарға «Сушы» деп аталатын әңгімедегі Жаманқұлды да қосуға болады. Қолына құзырет тигенде елдің бәріне тізесін батырып жіберетін еді ғой, бәтшағар.
Осы Жарқынбектің жағдайы мен Қабыл мен Алшағыр, Алдашбек арасындағы қарым-қатынас Қазақ Ордасының жағдайы Ресеймен байланысына ұқсайтын сияқты. Бір кездері салық төлеп тұрған Русия кейін ыдырап кеткен Алтын Орданың мұрагерлерін жаулап алады. Күштіні сыйлау, күштіден қорқу, кейін әлсіреп кетсе, қайтабас көтермейтіндей етіп басып тастау деген адамзаттың бұрыннан келе жатқан әдеті ме екен әлде?!
Бұл әңгімелерді оқымаған адам ол психологияны толық түсінбеуі мүмкін. Сондықтан дерттің диагнозын тура қойған Таласбек Әсемқұловтан бір үзінді келтірейік: «Ресей империясының территориясында адам сәт сайын деспотпен, тиранмен кездесiп отырады. Мейлi, ол жатақхананың вахтерi, полицияның бастығы болсын, бiр қап анықтама сұрайтын, паспорт үстелiнде отырған қыз, я заттарыңызды ақтарып жатқан кеденшi болсын – бәрiбiр, бұлардың барлығы – үлкендi-кiшiлi тирандар. Осындай сәттерде адамның бойын әлдебiр қорлық сезiм, әлдебiр үрей билейдi. Бұл – құлдық сезiм». Ол – Ресей, біз Қазақстанбыз дей алмаймыз. Қол астында болдық, тағдырласпыз. Оларда бар ауру бізде де бар. Жарқынбек Жарқынбек болып тұрғанда оны «Жақа» атандырған сол ауру, Қабылға Алшағырды қорлаттырған, кейін Алдашбекке Қабылды қорлаттырған сол ауру, Жаманқұлға да сушы болғаннан кейін бүкіл ауылды қан қақсаттырған сол ауру ғой? Әлі күнге дейін бізді бір-бірімізге зіркілдетіп қойған, бір-бірімізден ықтырып қойған сол ауру емес пе?
Жуас, қорғансыз, езілген адамдар бейнесі «Маскүнемнің мал қорасы», «Сушы», «Жәрдемші» әңгімелерінде ғана емес, Тынымбайда ондайлардың тұтас галереясы бар. (Солардың ішіндегі ең қатты езілетіні «Қорашылардағы» Жақып). Егер осы езгі көретіндерді қоса алсақ, момын, дәрменсіз (кейде дәрменсіздеу), қорғансыз (кейде жай ғана бәтуасыз) адам бейнесі барлық әңгімеде дерлік бар, мәселен: «Ата қоныста» Мұқа, «Бұлақта» Қошқарбай, «Қорашыларда» Жақып, «Шашубайда» Шашубай, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыста» Әлмәмбет, «Нақаң үшінде» Елен, «Қыз ұзатылған түнде» баяндаушы кейіпкер, «Келінде» Тоқтас, «Жәрдемшіде» Қабыл мен Алшағыр, «Ақкөңіл ұрыда» Бошай, «Маскүнемде» Жарқынбек, «Какадуда» Байгелді, «Қар астындағы ауылда» Рәш.
Үшінші жаңа әңгіме – «Қар астындағы ауыл». «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Келін», «Ата қоныс» секілді риясыз, Мағауинша айтқанда бейкүнә, қазақылықты сағынтатын әңгімелер қатарына келіп қосылған сәтті шығарма. 1951 жылдан 1952 жылғы қараған, қар қалың түскен қыста жұмыссыз жатқан Сағымбайдың іші пысып, Сейілбек, Рәш деген құрдастарына басқа адамдардың атынан хат жазып, әбігерге түсіргені, қазақы қалжың ерекшелігі… Аздап үзінді келтірейік: «…Сағымбайдың кейде ермек үшін келіншегін жоқ жерден ашуландыратын да әдеті бар. Ашуландырарда айтатыны – «Сенен бұрын Көлтоғанның бір қызымен әуейі болғанмын. Сен болмағанда соны алайын деп жүр едім. Серттесіп те қойып едік», – дейді. «Сол қызыңа неге үйлене бермедің?» деудің орнына Әкүл жылап қалады. Мінезі ұяң. Күйеуінің әзіліне әзілмен жауап беруге де айласы жетпейді. Соны біліп Сағымбай да жас келіншекке мәтіби болып алған. Көлтоғандағы әуейі болған қызының әңгімесі ескіріп, Әкүлді тағы бір жылатып алғысы келген кезде: «Түркістанда да бір қызым бар еді, менен екіқабат болып қалған», – дейді. Бұл жолы Әкүл көбірек жылайды. Сағымбайдың Әкүлді қайта-қайта жылатуды қызық көретіні… кешкісін құрақ көрпешенің үстінде құшақтасып жатып, татуласулары қызық… Тәтті…». Есерсоқтық дейсіз, бе, әумесерлік дейсіз бе, өзіңіз білесіз. Бірақ қазақы ортада өскен әр оқырман осы Сағымбайға ұқсас бір ауылдасын еске алары анық. Сол сияқты, «Ата қоныстағы» Мұқаның сағынышы, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыстағы» ауыл адамдарының әңгімесі, «Келіндегі» кемпірдің мінезі де етене таныс боларына күмән жоқ.
«Қазақтың шырылдаған жаны кеуделерінде бұлқынған, өмірге келіп-кеткенін ешкім білмей қалатын жандар» (Ырысбек Дәбей) дәл Тынымбайдағыдай басқа ешкімде бейнеленбейтін шығар. Алайда, бүгінгі қазақ – ішкіліктің кесірінен, аштық, репрессия, соғыстан кейін сүйекке сіңген үрейден, коммунистік идеологияның насихатынан, қазіргі нарықтық, ақпараттық заманның шабуылынан әбден өзгерген қазақ сол бір өзіндік қазақы түйсіктен ажырап бара жатқандай ма?! «Жоқ, ажырап бара жатыр еді, қазір сол түйсікті қайта оятуға ұмтылыс бар» деп уәж айтар едік, бірақ оған сол түйсікпен өмір сүретін Тынымбай сене қояр ма екен?!
Адамның қорғансыздығы мен тура сол адамның аярлығын жазатын әңгімелерді атадық, риясыз, күлкі мен сағынышқа құрылған әңгімелерді де көрсеттік. Енді осы екі топқа жатпайтын бір әңгіме бар, ол – «Бәйтеректер». Он бес әңгіменің ішіндегі ең ауыр оқылатыны, зарлысы. Басқа әңгімелерде күлкімен көмкерілген қасірет болғанымен, қайғы, зар жоқ. Сірә, автордың гуманист болмысы ауыр қайғыны, қылмыстарды жазуға, қауіпті кейіпкерлерді суреттеуге көңілін соқтырмайтын шығар. Тек осы «Бәйтеректерде» ғана нағыз ауыр азап бар. Жобасы, соғыстың өзін болмаса да, соғыстан кейінгі жылдарды, соғыстың құрбандарын көрген адам болған соң, көңіліне түйген жайттары жазбасқа қоймаған болса керек.
Сөз етіп отырған осы он бес әңгіме жоғарыда айтылған жайттардан басқа, тағы да бірнеше ортақ ерекшеліктермен бір-біріне жақындай түседі. Мәселен, жас жұбайлардың бір-біріне деген сезімі, араларындағы қызықтар «Келін», «Қар астындағы ауыл» әңгімелерінде өте шебер суреттеледі. Аймүйіз деген сиыр «Ата қоныста», «Маскүнемнің малқорасында» бар, Қарабұлақ деген бұлақ «Бұлақ» пен «Бәйтеректерде» аталады. Жазушы өз өмірі туралы, шығармашылық шеберханасы туралы сұхбат беріп, мақала жазбайтын болғандықтан, «өз ауылында бар бұлақ шығар, сондай сиыры болған болар» деп шамалаймыз да қоямыз. Көркемдік шешім жағынан «Маскүнемнің малқорасы» мен «Какадуда» ұқсастық бар. Шығармадағы кей оқиғалар спектакльдегідей өрбиді. Тотықұс бір адамнан бір адамға оп-оңай өтіп, кейін оп-оңай қайтып келеді, ол туралы газетте жазылады, сатып алмақ болған кейіпкерлер кейін тотықұс өлгенде бір уақытта жинала қалады. Жарқынбек өлгенде де сиыр бұзаулай қалады, оның алдында сол үйде бір адам жан тапсырған сайын сиырлар бұзаулап отырған. Бұндай тәсілдер комедияға жараса береді десек те, автордың драматургиялық шығармаларымен таныс адамның есіне «Қожанасыр тірі екен», «Бес бойдаққа бір той» қойылымдары түсе береді. Онда да Қожанасырды сатып алуға түрлі ұлт өкілдері жинала қалатын, Қырмамбай шалдың балалары бір күнде үйлене салатын. Осындай драматургияға тән қасиеттер жазушының прозасына да әсерін тигізгендей ме, қалай…
Бастаған соң, айта салайық, «Бес бойдаққа бір тойда» періште болып киініп, шалды қорқытатын Киконың «Ғайбат сөйлеме» деп шалға ұрсатыны бар. Сондағы айтқысы келетіні «асылық сөйлеме» деген мағына. Ал ғайбат деген сөз – бір кісінің айыбын, күнәсін біреуге айтып, айыбын ашу, сыртынан жамандау деген сөз. Осы нәрсені автор да, режиссер де, актерлар да білмегеніне еріксіз таңғалушы едік. Тағы сондай бір «әттеген-ай» «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыстан» да байқалады. Күн ұясына бата бергенде-ақ келген қонақтар біраз отырған соң құтпан өтіп барады деп үйлеріне асығады. Біріншіден, ақшам намазы күн ұясына батқаннан, көз байланғанға дейінгі аралықта оқылады. Сонда Алданбек, Нұрғабыл, Қазыгүл үшеуі Әлмәмбеттің үйіне ақшамды оқымай келген болады. Екіншіден, ақшамнан кейінгі құтпан («құптан» де те айтады) намазы қазақтар ұстанатын Әбу-Ханифа мәзхабы бойынша таң намазының уақыты кіргенге дейін оқыла береді. Яғни құтпан шықпайды деуге де болады. Бұл – көркем шығарма ғой, діни кітап емес деп уәж айтарсыз, бірақ «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қысты» намаздан хабары бар адамдар да ойын шашыратпай, еркін отырып оқығысы келеді ғой?

P.S.: Дидар Амантай сұхбаттарында өзіне ерекше ұнайтын әңгімелерінің қатарында «Бамбуктің үні, өріктің гүлі» деген Ясунари Кавабатаның шығармасын ылғи айтады. Сондағы жетпістен асқан Хисао Миякава бір күні сұңқар көреді. Ол жақта сұңқар ұшпайтын. Бірақ Миякаваның үйінің артындағы қурап тұрған қу қарағайға сұңқар келіп қоныпты. Миякава бұны бір ерекше жақсылыққа жориды. Қуанады. Бірақ сұңқарды көргенін ешкімге атпаймын деп шешім қабылдайды.
Көргенінің бәрі мүлде болмаған шығар, жынданғаннан кейінгі сандырағы ғана шығар деп түсінуге болады. Тура «Какадудағы» сияқты…
Тымақ жоғалғаннан тотықұс өлгенге дейінгі аралықтағы қазақтардың қалыпасуына, бүгінгі сықпытына қарап отырып осы біздің Қазақ елі деп жүргеніміз де біздің санамызда ғана бар елес, тілімізде ғана бар сандырақ емес пе, бір күні есімізді жиып, дымсыз екенімізді түсінбейміз бе деген қорқынышты ой келеді. Бетін аулақ қылсын.
Арман ӘЛМЕНБЕТ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистранты.
«Қазақ әдебиеті» газеті