Бұрын құл сатылатын. Бүгінде ұл сатылады. Қыз сатылады. Бұрын мал сатылатын. Енді адам сатылатын болды.
Қазақстанның сыртқы есігі де, ішкі есігі де ашық-шашық. Кім көрінген кіреді. Кім көрінген шығады. Жәй келіп кетпейді, қомақты қаржы беріп, Қазақстаннан бала сатып әкетеді. Шетке сатылған қазақ балаларының жағдайы нешік? Бұл туралы сұрау салынса, «олардың жағдайы өте керемет, жайлы үйде, жақсы жағдайда тұрып жатыр» деген жауап дайын тұр. Шын мәнінде солай ма?
«Естімеген елде көп» дейтін бұрынғылар. Бұл күнде естімеген шетелде көп. Сол шетелдік басылымдардың бірі адам ойына келмейтін сұмдық жағдайды хабарлапты жақында. Адамның жаны түршігеді.
The Milford Daily News деген газеттің жазуына қарағанда, АҚШ-тың Уитинсвилль қаласында оқыс оқиға орын алыпты. Американдық ерлі-зайыпты Қазақстаннан асырап алған ұл мен қызды зорлаған. 50 жастағы Джозеф Мэйотт пен оның 49 -дағы әйелі осындай күдікпен 2009 жылы қамауға алынған көрінеді. Оларға 26 пункт бойынша айып тағылған, соның ішінде 14 жасқа жетпеген жасөспірімдерге ұятсыз қылық көрсету, қинап зорлау сияқты айыптар бар. Алайда, 2010 жылы әлгі екеу «судан ақ, сүттен таза» болып ақталып шыққан. Сот оларға 25 мың доллар көлемінде залог төлеуге міндеттеген, сонымен қатар GPS датчик тағып жүру туралы қаулы шығарыпты. Міне, арада үш жыл өткеннен кейін сот істі қайта қарады.
Округтік прокурордың көмекшісі Шэрил Риддл сотта қазақстандық балалардың Уитинсвилль қаласына 2004 жылы әкелінгенін хабарлады. Қыз – 8 жаста, ұл – 13-те болған екен сол кезде.
«Бұл деген таза түнгі сұмдық болатын: кішкентай қазақстандықтар шет тілін білмей жәутеңдеп, асырап алған әке-шешелеріне толық тәуелді еді. Екі ай бойы еркек қызды құшақтап, қойнына алып жатқан. Ал жалақтаған әйел қазақтың шекесі торсықтай он үштегі баласын қойнына тартқан. Мұның бәрі кішкентай бүлдіршіндердің көз алдында жасалған», – деп жазады прокурор басылымы.
Прокурордың көмекшісінің айтуына қарағанда, қыз бала әкесінің өзіне қол жүгірткені туралы 2007 жылы көрші әйелге айтқан. Өгей шешесі өлердей қорқытқаннан кейін қыздың да, ұлдың да үні өшкен, сөйтіп олар өз бастарынан өтіп жатқан жағдайды полиция мен әлеуметтік қызметкерлерге айтудан бас тартқан екен.
Сұмдық жағдай мұнымен де тоқтамапты. «Он үште – отау иесі» деген бар емес пе, біздің ұлдың қауқары қырық тоғыз жастағы американдық қатынды қанағаттандырып қана қоймай, жасы ұлғайғанда пұшпағын қанатыпты. Отбасындағы үшінші баланың әкесі – біздің ұл болып шығып отыр.
Мал екеш мал да енесіне шаппайды ғой. Осындай масқарадан кейін әлгі әйел қалайша «анамын» деп айта алады?! Ой, сұмдық-ай!
Бұл бізге белгілі болған бір ғана дерек. Ал көз жасына тұншығып, басқа қанша қазақ қызының өксіп жатқанын бір құдайым білсін?!
Қазақстаннан шетке сатылған балалардың жағдайын білуге біздің ел мүдделі ме? «Өлдің Мамай – қор болдың» дегендей, шетелге бір сатылып кеткен соң, қайран қазақтың ұл-қыздары қор болмағанда не болды?! Олардың тағдырына алаңдайтын ел жоқ. Өз балаларымызды өзекке теуіп отырғанда, өзгенің баласына бас қатырып не керек?!
\Бұл мемлекетке Адамның қажеті шамалы тәрізді.
Бір жетімді шетке сатпақ түгілі, шекесін қанатпаған ел едік.
Бір жесірдің көзінен бір тамшы жас тамызбаған ел едік.
Қорасы құлап қалған, қоғамы көз ашпаған сұрақтардан…беталбаты жағдайға қалай жеттік? Өзіңде адам толып жатса бір жөн Қытай сияқты, тігерге тұяқ таппай қалатындай тууы сиреп, іштей күйреп, ішкені – ірің, жегені – желім, дегені болмай, дымы құрып, дағдарыста өмір сүріп, іші қазандай сарқылдап қайнағаны болмаса, күресерге дәрмені жоқ, заң-зәкүнді ұлт ыңғайына қарай бұруға пәрмені жоқ, сатса – сатқызғанның ығында, жатса – жатқызғанның ығында, атса – атқызғанның ығында, боранды күні ыққан қойдай ұйлыққаннан басқа қолынан келер қайраны жоқ, қайран қалың ел-ай?!
Баланы шетке сатудан алдымызға жан салмай келеміз. Бұған бір тоқтам бола ма? Қайткен күнде қазақтың ұл-қызын шетке қолдан байлап беруді доғаруға болады?
Осы орайда менің ойыма мынадай ұсыныс келеді:
Қазақ деген жігерін намысқа жаныған ел едік. Қалайша бұлай болдық? Неге намыстан жұрдаймыз? Осы сұраққа жауап іздеп отырып, бар пәле – біздің өзімізде жатқанын, ұлттық құндылықтарды аяққа таптап, ұлтсыздану ұранына ерген кезімізден қазіргі қалпымызға түскенге дейін біз Елдік деген ұғымды ұмытқанымызды ұқтым. Қазақты – қалың рулы ел құрады. Әр ру өз алдына елдік дәрежеде болды. Қазақтың жөн сұрасқанда «Қай елсің? Не елсің?» деп сұрауының мәні зор. Осы арқылы ат төбеліндей ру болса да үлкен елдік ұғымға лайық талап орныққан еді. Кім болса да өзінің шыққан еліне, тегіне, жеріне кір келтірмеуді зор мәртебе санап өсетін. Бұл қағида қазақтың барт баласына тән болатын. Сол арқылы қазақ биіктеп, әр рулы елдің намысы — айналып келгенде, қазақ намысы дәрежесіне көтерілетін. Біз осындай асыл құндылықты жоғалттық. «Маған да бәрібір, оған да бәрібір» деген бәлшебектік бөлшектену – ұлтты аздырып, тоздырды. Соның салдарынан біз өзіміздің қорғаныш қабілетімізден айрылдық.
Бізге қазір бәрібір: қазақтың баласын сатасыз ба, атасын сатасыз ба? Санасын сатасыз ба, данасын сатасыз ба?!
Шетке бала сату – қоғам назарында болуы тиіс. Қай бала қай елге сатылды? Қай бала қай рудан сатылады? Жетімханаға өткізілген жетім балалардың Туу туралы деректеріне оның қай рудан екені қосымша мәлімет ретінде міндетті түрде жазылуы қажет. Сонда қазақтың қай руы өз перзентін керек қылмайтыны мәлім болады. Қарттар үйіне қазақтың қай руы кемпір-шалын көп өткізеді? Осының бәріне арнайы мониторинг жүргізіліп, елдің, халықтың талқысына салынып отырғаны керек. Мұндай әрекетке саналы түрде бару керек, онсыз біз өліп бара жатқан намыс отын қайта тірілте алмаймыз.
Абай Атаның айтатыны бар еді: қазақты қазақ қылып тұрған екі нәрсе, бірі – намысқойлығы, екіншісі – үлкенін сыйлауы деп…
«У ішсең – руыңмен» дегенде қазақ бірден у іше салып, өле қал демеген; не болса да бірге көр, қиындық болса бірге көтер, жесіріңді жылатпа, жетіміңді тентіретпе деген…
У іше аласыз ба? Ел үшін?! Ел қамын жейтін ер үшін?!
Нұртөре Жүсіп