АЛТЫНОРДА
Новости КазахстанаНовости Караганды

«УАҚЫТ ӨТПЕЙ АЙЫППҰЛДЫ ТЕЗ ТӨЛЕ»!

радар 1(Тың технология неге енбей тұр?)
Бүгінгі таңда елімізге тың технологиялар еніп, көптеген салаларда айтарлықтай озық өзгерістер байқалуда. Автоматтандырылған жүйелер мен интернет ресурстары қабыса жұмыс істеп, қарапайым тірліктер тез арада тындырылатын болды. Жақсыны үйренбекке дегендей, халық та заманауи үрдісті меңгеріп, жылдамдық керуенінен қалмай келеді. Электронды поштасы жоқ адам некен саяқ шығар қазір. Қалта телефондарымыз да жаңарған сайын жаңарып, бар шаруаны көшеде келе жатып-ақ атқара салатындай мүмкіндікке қол жетті. Әрине, керемет. Осындай керемет мүмкіндікті пайдаланбай отырған бір мекеме бар. Ол – Ішкі істер министрлігіне қарасты Жол-потрульдік полициясы саласы. Мәселен, көшеде абайсызда жол ережесін бұздыңыз делік. Айталық, жылдамдықты бақылап тұратын фотоаппаратқа түсіп қалдыңыз. Әдейі істемейтініңіз белгілі. Бірақ, адам болған соң асығыстық жасайсың дегендей. Күндердің күнінде жол-патрульдік полициясы сізді тоқтатып айыппұлыңыз бар ма, тексеріп көрейік дейді. Сол кезде әлгі фотоаппаратқа түскендегі айыбыңыз орталық база арқылы алдыңыздан шыға келеді. МАИ қызметкері бірден сіздің көлік жүргізу куәлігіңізді немесе көлігіңіздің техпаспортын алып қалады. Осы уақыт аралығында айыппұлыңызды банкке барып төлеп, түбіртегін алып келесіз, сонда құжатыңызды қайтарып аласыз дейді. Тіпті сол жерде-ақ, уақытша көлік жүргізу құқығыңызды шектейді. Бір жағынан қарап отырсаңыз сізде кінәлісіз. Өйткені, сіздің атыңызда жол жүру ережесін бұзғаныңыз туралы айыппұл бар ма, жоқ па білмейсіз. Арнайы мекемеге барып тексертіп те алған жоқсыз. Өзіңіз асығып жүргенде тағы бір жұмыс осылайша жамала түседі. Айыппұл төлеу керек екенін білсеңіз, осындай жағдай болатынын сезіп, ертерек төлеп тастауға ұмтыласыз ғой. Міне сізге қосымша жұмыс, қолбайлау. Осыдан барып, МАИ қызметкерлері жеккөрінішті болады. Оларды көрген шопырлар мынау неғып тұр деп, сыбап өтеді. Бұл жерде МАИ қызметкерлерін де кінәлауға болмайды. Олардың жұмысы сол. Өзің де ақталғың келеді. Сөйтіп, әйтеу айыппұлыңды төлейсің, ары қарай кете барасың. Бұл тек бір адамның ғана емес, көпшіліктің көріп жүрген ісі.
Енді, ұсыныс. Айыппұл төлетуші жақта сіз туралы барлық ақпарат бар. Ұялы телефоныңның нөмірі, электронды поштаңыздың адресі де бар. Құжат толтырғанда бәрін жазып кеттіңіз ғой әу баста. Сол арқылы сіздің атыңызға жазылған айыппұл туралы ақпаратты телефоныңызға хабарлама арқылы немесе электронды поштаңызға хат арқылы лезде салып жіберсе керемет болмай ма. Сіз бірден қанша айыппұлыңыздың барын да біліп отырасыз, қолыңызда ақшаңыз болса, бірден барып төлей қоясыз. Осымен барлық шаруа ың-шыңсыз шешіледі. Бәрін жасағанда осы бір қарапайым дүниені қолға алуға болмас па екен деген ой ғой. Бәлкім ұсыныс дегеніміз дұрыс шығар. Егер, осындай жүйе орнатылса, жол жүру ережесін бұзған жүргізуші де күдіктен арылар еді және мемлекеттің қоржынына түсу керек қаржы да уақытында түсетін еді. Құда да тыныш, құдағи да тыныш дегендей…Бір апта ішінде төлесең 50% жеңілдік тағы бар…

Бекен Қырғызханұлы.

http://zhebe.com/