26 қыркүйек – дүниежүзілік контрацепция күні. Қазақстандағы азаматтық белсенділердің сөзінше, секс туралы айту ерсі саналатындықтан ерте жүктілік проблемасы көбейеді.
Бойжеткендер сурет көрмесінде жүр. Астана, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаттық: — Қазақстанда дүниеге бала әкелетін жастағы адамдардың денсаулығы қандай және отбасын жоспарлау ісі қалай жүріп жатыр?
Зүлфия Байсақова: — Жыныстық қатынас туралы, оның нәтижесі жөнінде ақпараттың болмауынан қыздар ерте жастан жүкті боп қалып жатыр. Ерте жүктілік қазір Қазақстанда өзекті проблемаға айналды. Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енген мемлекетте мұндай проблема болмауы тиіс. Бізде дүниеге бала әкелетін жастағы ер және әйел адамдардың денсаулық күтімі мен отбасын жоспарлау мәселесі әлі дұрыс жолға қойылмаған.
Ерте жүкті болу мәселесінің себебі — отбасы құндылығы туралы дұрыс түсінік қалыптастырмайтын ата-аналардың жауапсыздығынан. Оның үстіне мемлекет осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдарға ешқандай жағдай жасамаған.
Тегін презерватив тарататын бір реттік акциялар мен флешмобтар өткізумен ғана шектелмей, бұл бағытта жүйелі, әрі дәйекті жұмыс жүргізу керек.
Азаттық: — Сіз ерте жүктілік проблемасы мен жастардың жыныстық денсаулығына бейқам қарауын контрацептив пен сақтану жолдары жайлы дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмауымен байланыстырасыз ба?
Зүлфия Байсақова: — Ақпарат жетіспейтіні анық. Менің білуімше, ер адамдардың презервативтері қымбат емес. Ал әйелдерге арналған презервативтер Қазақстанда жоқтың қасы. Бар болса да, өте қымбат. Егер ерлердің презервативі 20-25 теңге болса, әйелдікі 600 теңгедей. Айырмасы — жер мен көктей. Тіпті әйелдерге арналған презерватив бар екенін көп адам білмейді, ол туралы ақпарат жоқ.
Егер әр адам ретсіз жыныстық қарым-қатынас жасаудың зардабын білсе, жағдай басқаша болар еді. Бізде көбінесе сақтану құралдарын қолдану тәсілдері туралы айтылады да, жыныстық қатынастың көңіл қосқан адамның және өзінің денсаулығына әсері жайында айтылмайды.
Біздің сенім телефонымызға айына шамамен 37 мыңдай адам хабарласады. Оның екі пайызы жыныстық денсаулық мәселелері бойынша сұрақтар қояды. Мысалы, бір бойжеткен келді. Жүкті болып қалған соң жігіті тастап кеткен. Ол өзіне қол салмақшы болған. Қазір оған біздің маман кеңес беріп жатыр. Жуырда 13 жастағы қыз бала «Егер жігіт зорлап сүйіп алса, жүкті боламын ба?» деп сұрады. «Жыныстық қарым-қатынас жасап жүрмін, енді не болады?» деп сұрайтындар да бар.
Азаттық: — Кейбір белсенділер Қазақстан мектептерінде жыныстық білім және репродуктивті денсаулық сабақтарын өткізуді ұсынады. Бұған сіз қалай қарайсыз?
Зүлфия Байсақова: — Жалпы, бұл туралы бірер сабақ ешкімге артық болмас еді. Бірақ бүкіл қоғамды, ата-аналарды оқыту керек. Бала бойында репродуктивтік денсаулық дағдыларын дұрыс қалыптастыру үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттырған жөн. Мемлекет те жастарға тегін кеңес беретін орталықтар ашуы тиіс.
Біздің желіміздің нөмірі – 150. Жастар жыныстық қарым-қатынас жайында әңгімелесуге қысылғанымен, оны жасаған кезде ұялмайды. Біздің қоғамда секс жайында мүлде айтылмайды. Жуырда Шымкент қаласына барып келдім. Психологиядан сабақ беретін бір мұғалім «Сыныпта туысым, көршім отыра ма деп, ерте жүктіліктің зардаптары сияқты тақырыптарды айта алмаймын» дейді. Яғни менталитетіміз бұл туралы ашық айтқызбайды. Осының кесірінен оқу жылының аяғына қарай әр ауылдың мектебінен жүкті болып қалған қыздар шығады.
Азаттық: — Жұмысты неден бастаған жөн? Азаматтық қоғамның қолынан не келеді?
Зүлфия Байсақова: — Меніңше, балаларға ақпарат жететіндей болуы керек. Біз 150 деген нөмірлі телефон желісі арқылы халықты құлақтандыра бастадық. Біріншіден, бала өзін алаңдатқан сұрақты кез келген уақытта батыл және құпия түрде қоя алатындай жағдай жасау керек. Екіншіден, ата-ананың сауатын ашу қажет. Баламен бұл тақырыпты қысылмай талқыламаса, кейін зиянын көреді.
Азаттық: — Сұхбат бергеніңізге рақмет.