Ресейшіл сепаратистер украин әскеріне шығыс Украинадағы қоршауда қалған Дебальцево қаласын өз еркімен берсе, онда қаладан аман шығып кетулеріне мұрсат беретінін айтып, ұсыныс жасады. Бірақ украин әскерилері бұл ұсынысты қабылдамай қойған.
Өткен аптада Германия, Франция, Украина және Ресей басшылары Донбастағы қақтығысты тоқтату туралы жаңа келісімге келген. Бірақ Дебальцево қаласы маңында қоршауда қалған үкімет әскері мен сепаратистер арасында шайқас тоқтамай тұр.
Өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасының» өкілі Эдуард Басурин ақпанның 16-сында Reuters агенттігіне «егер украин әскері қаруын тастап, қаладан өз еркімен шығып кетсе, олардың өмірлеріне қауіп төнбейтінін» айтқан.
Украина армиясы бас штабының өкілі Владислав Селезнев Минскіде жасалған соңғы келісім бойынша Дебальцево Украина бақылауындағы территория болып қалғандықтан украин әскері қаланы босатпайтынын мәлімдеген.
http://www.azattyq.org/archive/news/20150217/330/330.html?id=26853480