АЛТЫНОРДА
Иносми

УКРАИНА БИЫЛ ЕО КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЯ МА?

загруженное (18)Бір айға жалғасқан Украина алаңдарындағы Еуромайдан мемлекетті Еуроодаққа жақындатқыза алмады. Бұған жергілікті ұлтшылдар президент Януковичті кінәлайды. «Ресейден алған 15 млрд. АҚШ доллары мен жеңілдікпен берілетін газ оның аузына құм құйды. Ол бұдан былай Путиннің айтқанымен жүретін болады» деп ашынады олар. Тіпті, кейбір алысты болжайтын саясаттанушылар Еуроодақ табалдырығын 2014 жылы да аттаудың мүмкіндігі тумайтынын жарыса айтуда.

Бүгін Еуропарламент депутаты Павел Коваль: «2014 жыл сайлауалды шараларға арналады. Меніңше, Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қою туралы құжатын дайындап, пікірталастарға қатысатын саясаткерлерді көріп тұрғам жоқ. Сондықтан да елдегі президенттік сайлауға дейін Еуроодақпен де, Кедендік одақпен де келісім орнамайды. Әрине, өз басым Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қойғанын құптар едім, бірақ бұл жылы да жүзеге аспайды» деген пікірімен бөлісті.

Ал «Удар» оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко Еуропарламент вице-президенті Джанни Пителломен кездесуінде Еуропа Януковичтің режиміне қысым жасауы керек деген ұсынысын білдірді. «Майдандағы халық өзінің талаптарын орындатуға құқылы. Біріншіден, саяси тұтқындарды босату керек. Екіншіден, бейбіт шерудегі адамдарға қару жұмсаған күш құрылымдары жазасын алуы тиіс; үшіншіден, халыққа қарсы үкіметтің отставкаға кетуі керек; төртіншіден, парламент және президенттік сайлауды қысқа мерзімде өткізу кезек күттірмейтін мәселе» деген мәлімдеме жасады.

Бірақ та Украина президенті Януковичтің Ресейден қаржылай көмек алғанына қарамастан, Еуроодақтан үміті бар. Ол жаңа жылдың 1-қаңтарынан бастап Еуроодақ кеңесіне төрағалық етуді қолға алған Грекияның Украина мен ЕО арасындағы әріптестікті нығайта түсетіндігіне бек сенімді. Сонымен, Украина бұл тығырықтан қалай шығады? Бір белгілісі, 2014 жыл да Украинаның патриоттық халқы үшін саяси күреске толы жыл болатыны анық.

Динара Мыңжасарқызы 

http://www.turkystan.kz