Жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15 кезінде Украинада кезектен тыс президент сайлауына дауыс бергендер саны тізімдегі сайлаушылар санының 40 пайыздан асқаны хабарланды.
Украина Орталық сайлау комисиясының мәліметіне сәйкес, ең көп көрсеткіш Ровенск облысында – 50,5 пайыз, ал ең азы Донецк облысында – 9 пайыздан сәл астам деп хабарлады «Интерфакс» агенттігі. Ел астанасы Киевте – 31 пайыздан көп, Одессадағы көрсеткіш те осы шамада.
УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Луганск облысында сайлаушылардың 18 пайызы дауыс берген.
Донецк облыстық әкімшілігі басшысы Сергей Тарута аймақтағы 22 сайлау округінің тоғызында сайлау өтіп жатқаны туралы мәлімдеді. Ол облыстағы бірқатар аудандарда өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» өкілдері сайлау комиссияларының жұмысына бөгет қойып, бюллетеньдер мен басқа да құжаттарды, мөрлерді тартып алып, сайлауды өткіздірмей отырғанын айтты.
Луганск облысында тек солтүстіктегі жеті ауданда ғана дауыс беру өтіп жатыр.
Украинадағы кезектен тыс президент сайлауына 18 кандидат түсіп отыр. Сарапшылар бұл орынға негізгі екі үміткер ретінде украиналық миллиардер Петр Порошенко мен елдің бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконы атайды.
Украинадағы кезектен тыс президент сайлауындағы дауыс беру барысын (Луганск мен Донецкіден басқа аймақтарда) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мыңнан аса бақылаушысы қадағалайды.
Жексенбі күні сайлау учаскелері жабылған соң дауыс беру жайлы экзит-пол сауалнамасының деректері көпшілікке таныстырылады.
Украинадағы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала ресми нәтижесі 26 мамыр күні белгілі болмақ.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140525/330/330.html?id=25397189