АЛТЫНОРДА
Новости

Украина Қазақстан әскеріне қандай сабақ береді?

©Алаш айнасы иллюстрациясыУкраина территориясына қол сұғылған күні, ең бірінші боп сынаққа әскерилер түсті. Өкінішке қарай, сындарлы сәтте украин әскерінің бір бөлігі отанын сатып, бөтен тарап жаққа шығып кетіп жатты. Жалпы, бұл Қазақстан әскеріне қандай сабақ береді? «Алаш айнасы» осы сауалды мамандар талқысына ұсынды.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Украинадағы жағдайдан соң елімізде екі мәселе дереу қолға алынуы тиіс еді дейді. Біріншісі – сыбайлас жемқорлықпен күрес, екіншісі – ақпарат айдынан бөтен пиғылдыларды тазалау. «Алайда бұл мәселелер шешімінің тиімділігін әлі көре алмай келеміз» дейді саясаттанушы.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

— Әскер – құрал. Ал ол құралды ұстап тұрған қол әлсіз болса, әскерден еш пайда жоқ. Украинада осындай жағдай орын алды. Ондағы территориялық сепаратизм идеологиялық сепаратизмнен басталды. Адамдар, өңірлер жік-жікке бөлінді. Тіл және басқа себептер бойынша. Мұны сыртқы күштер жақсы пайдаланып кетті. Әскер ештеңе істей алмай қалды. Тіпті, әскердің өзі алауыздыққа ұрынды. Сондықтан Украина жағдайынан сабақ ала отырып, Қазақстан күшті экономиканы өрістетуде қазір ішкі мәселелеріне барынша басымдық беруі тиіс. Билік, әскер мен халықтың жақын қарым-қатынасын құруы керек. Ол үшін, ең алдымен сыбайлас жемқорлықпен күресіп, ақпарат тарату айдынын бөтен пиғылдылардан тазалау қажет.

Сондай-ақ ол Тасмағамбетов заманға сай Қазақстан әскерінің тиімділігін арттыруға тырысып жатқанын байқайтынын айтады: « Қазақстанға үлкен әскер керегі жоқ. Оған шамамыз да жетпейді. Бізге керегі – қазіргі заманға сай шағын, ұтқыр әрі қарымды әскер. Ол үшін бүгінгі осы саладағы барлық техника мен технологиялардан қалыспау керек. Ең бастысы, Тасмағамбетов, әскердегі сыбайлас жемқорлыққа баса назар аударып, оны ауыздықтаса деймін. Өйткені жемқорлық бар жерде барлығы сатылады. Отан да…»

 

Украинадағы жағдайдан біз міндетті түрде сабақ алуымыз тиіс деген саясаттанушы Әзімбай Ғали ондағы ішкі істер министрлдігі мен қарулы күштер министрлігінің екі облыс бойынша бүтін әскери бөлімшесі сепаратистер жағына шығып кеткенін өкінішпен мысалға келтіреді.

 

«Ешқандай күштеусіз, қантөгіссіз-ақ. Бұл өте масқара жағдай. Сондықтан еліміздегі барлық күш құрылымдарының, соның ішінде қорғаныс саласының да қызметкерлерін мемлекет алдындағы борышына беріктігі мен адалдығын бір сыннан өткізіп алу керек. Бұл ретте халықаралық тәжірибедегі озық әдістемелерді пайдалану қажет деп ойлаймын» дейді ол.

Сондай-ақ өзін әскери адам екенін еске салған саясаттанушы өз қызметіне кіресе салып, оңтүстік өңір бойынша дабыл жариялаған министр әскерилердің әскери дайындығын тексеруді барлық өңір бойынша ары қарай жалғастырғанын қалайтынын айтады.

— Қазір жан-жағымыз аласапыранға толы. Жау қай жақтан келетінін де аңғармай қалуымыз мүмкін. Сондықтан Қазақстан әскерінің барлық бөлімшесі жоғары деңгейде әскери дайындықта болуы тиіс. РФ Қорғаныс министрінің бұл реттегі іс-қимылы жақсы үлгі бола алады. Әрине, оңтүстіктің бекінісін күшейту керек, сол секілді солтүстікті де ұмытпау қажет. Өйткені Орталық Азиядағы соңғы жылдары отқа оранған аймақтарға көз жүгіртсек, қазір кімнің қауіпті екенін аңғару қиын емес, — дейді Әзімбай Ғали.

Саясаттанушы бүгіндері Астанаға келіп, симпозиум өткізіп жатқан АҚШ әскерилерінің тәжірибесі маңызды екенін айтады. «Бұл өте дұрыс нәрсе. Қазақстанның НАТО-мен арада екі келісімшарты бар. Сондықтан өзара тәжірибе алмасып, кеңесуге жол ашып тұрған осы мүмкіндік ұтымды пайдалануымыз тиіс. Осындай маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық боп жатқан біздің қорғаныс министрлігі өзінің басқару тиімділігін байқатты деп ойлаймын. Бұл мені қуантады», — дейді ол.

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/ukraina-kazakstan-askerne-kanday-sabak-bered-61964/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі