АЛТЫНОРДА
Новости

Украина сайлауы таяған сайын, қауіп те күшейді

Ертең Украинада президент сайлауы өтеді. Елдің шығысында кісі ұрлау, атыс-шабыс, сепаратистер бүлігі жиілеп кетті. Осындай қым-қуыт жағдайда украиналықтар президент сайлай ала ма?

Украинадағы бұл жолғы сайлау әдеттегі сайлауға ұқсамайды, себебі кандидаттардың ешқайсысы үкімет құрамында жоқ. Демек олар пост-советтік елдерде әдетке айналған «әкімшілік ресурсты» пайдалана алмайды. Бақылаушылар «соның арқасында сайлау таза өтеді» деп отыр. Бірақ бұдан басқа проблема да жетіп артылады.

САЙЛАУҒА ЕҢ БАСТЫ КЕДЕРГІЛЕР ҚАНДАЙ? 

Ең басты қауіп – елдің шығысында сайлауды болдырмай тастауға талпынып жатқан ресейшіл сепаратистер.

Ішкі істер министрі Арсен Аваков мамырдың 19-ы күні шығыстағы Донецк және Луганск облыстарында қалыпты жағдайда сайлау өткізу мүмкін болмай тұрғанын мойындады. Ол «Сайлау учаскелеріне шабуыл жасалып, мөрлер ұрланған, сайлау комиссияларының кейбір басшыларын ұрлап әкеткен. Бұл – сайлауды болдырмауға тырысып жатқан бұзақылардың әрекеттері» деді.

Донецк маңындағы ресейшіл сепаратистер. Украина, 23 мамыр 2014 жыл.Донецк маңындағы ресейшіл сепаратистер. Украина, 23 мамыр 2014 жыл.

Сайлау комиссиясы өкілдерін, олардың отбасыларын қорқыту фактілері де бар. Орталық сайлау комиссиясының мамырдың 20-сы күнгі мәліметіне қарағанда, Донецк облысындағы 22 аумақтық сайлау учаскесінің алтауын бүлікшілер басып алған не оларға барар жолдарды бөгеп тастаған. Ал Луганскідегі 12 сайлау учаскесінің алтауы қоршалған және үшеуіне сондай қауіп төніп тұр. Бұл сайлау комиссиялары болмаса, сайлау учаскелері де жұмыс істемейді, демек дауыс беруге мүмкіндік жоқ деген сөз.

ШЫҒЫСТАҒЫ САЙЛАУШЫ ДАУЫС БЕРЕ АЛМАУЫ МҮМКІН БЕ? 

Донецк мен Луганскідегі сайлаушылардың көпшілігі дауыс бере алмауы ғажап емес. Себебі олар тіркелген аудандарда сайлау учаскелері жұмыс істемеуі мүмкін.

Украинаның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы басқа аудандарда да қақтығыстар болған. Бірақ әзірге Донецк мен Луганскіде ғана сайлауға қауіп төніп тұр.

Науқанды бақылап отырған «Украина сайлаушылар комитетінің» директоры Александр Черненконың айтуынша, учаскелердің жартысы жұмыс істемеуіне байланысты 2 миллион астам азамат дауыс беру құқығын жүзеге асыра алмауы мүмкін.

ДАУЫС БЕРЕ АЛМАУДЫҢ ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ? 

Александр Черненконың есептеуінше, «Украинадағы дауыс беруге құқығы бар 35 миллион сайлаушының 5-7 пайызы сайлауға қатыса алмайын деп тұр. Бұл сайлаудың нәтижесіне онша көп әсер ете қоймағанымен, оның легитимділігіне, яғни заңдылығына біраз кесірін тигізеді».

Шығыс аймақты қоса алғанда, бүкіл ел бойынша кәмпит магнаты Петр Порошенко басқалардан көшілгері алда келеді. Аймақтар партиясымен байланысы бар екі кандидат Михаил Добкин мен Сергей Тигипко шығыс аймақта танымал болғанымен, бұл өңір дауыс берсе де, бермесе де, президенттікке таласардай қауқарлы емес.

Сайлауға қатысушылардың төменгі шегі белгіленбегенімен, Виктор Януковичті биліктен тайдырғаннан кейін легитимді басшының төңірегіне ұйысудан үміттеніп жүрген украиналықтарға сайлаудағы белсенділіктің төмендігі үлкен соққы болуы мүмкін. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Охендовский мамырдың 15-і күні өткен баспасөз мәслихатында:

Украина президент сайлауы науқаны кезінде кандидаттар Юлия Тимошенко (оң жақта) мен Петр Порошенконың қатар ілініп тұрған плакаттары. Украина, Львов, 21 мамыр 2014 жыл.Украина президент сайлауы науқаны кезінде кандидаттар Юлия Тимошенко (оң жақта) мен Петр Порошенконың қатар ілініп тұрған плакаттары. Украина, Львов, 21 мамыр 2014 жыл.

— Дауыс берушілердің сайлауға қатысу-қатыспау құқығы өздерінде болғанымен, саяси тұрғыдан халықтың бұл сайлауға белсенді қатысқаны қажет болып тұр. Украина президентін азаматтардың 30-40 пайызы ғана сайлағанын қаламас едік, — деді.

Черненконың айтуынша, болжап жүргендей, орталық және батыс аудандарда дауыс беруге 80 пайыздай сайлаушы қатысса, бұл шығыстағы халықтың сайлауға деген енжарлығын байқатпай жіберуі де мүмкін.

ҚЫРЫМ ҚАЙТЕДІ?  

Түбекті Ресей аннексиялап алғандықтан, мұнда дауыс беру учаскелері жоқ. Қырымдағы Украина азаматтарының көбі дауыс бере алмауы мүмкін. Өйткені, олар дауыс беру үшін олар Қырымнан шығып, Украинаның өзі қалаған кез келген аймағына баруы тиіс. Қырым «оккупацияланған аймақ» деп жарияланғандықтан, Украина парламенті онда тұратын азаматтарға елдің кез келген өңіріне барып дауыс беру құқығын бекітті.

Қырым тұрғындары сайлаудан бес күн бұрын елдің басқа ауданына барып тіркелсе, онда оларға мамырдың 25-і күні сол тіркелген учаскесінде дауыс беру құқығы беріледі. Болжам бойынша, Қырымнан бірнеше мың адам ғана көршілес облыстарда немесе ішкі босқындар өмір сүріп жатқан Львов және Киев қалаларында дауыс береді.

Заң бойынша тіркелген жерінен басқа аймақта тұрып жатқан кез келген украиналық азамат сол жерде тұрып жатқанын дәлелдесе, онда сол аймақта дауыс бере алады. Тек бұл процедура қырымдықтар үшін жеңілдетілген схемамен жүргізіледі. Олар тек өздерінің Қырымның тұрғыны екенін дәлелдесе жеткілікті. Азаттықтың Украин қызметініңмәліметтері бойынша, 100 мыңға жуық адам дауыс беретін жерлерін өзгерткен, олардың көпшілігі — Донбасс пен Қырым тұрғындары.

ЛУГАНСК ПЕН ДОНЕЦКІДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Бұл екі облыстың тұрғындарына Қырымдағыдай жеңілдік берілген жоқ. Олар сайлауға бес күн қалғанға дейін басқа аймақтағы сайлау учаскелеріне барып, құжаттарын көрсетіп, тіркелуі керек.

Сайлау учаскесінен дауыс беру жәшігін тартып алған ресейшіл сепаратист. Украина, Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.Сайлау учаскесінен дауыс беру жәшігін тартып алған ресейшіл сепаратист. Украина, Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.

Демек сайлау учаскелері жұмыс істемейтін Донецк мен Луганск тұрғындарының басқа аймаққа барып тіркелмегендері мамырдың 25-і күні өтетін Украина президенті сайлауында дауыс бере алмайды.

Украиналық БАҚ ақпаратына қарағанда, мамырдың 19-ына дейін басқа аймақта тіркелу талабын орындап үлгере алмай қалған Симферополь, Керчь, Алушта қалаларының тұрғындары сайлау құқықтарының бұзылғанын айтып, сотқа шағымданған.

САЙЛАУ ӨТКІЗУ ҮШІН ҮКІМЕТ НЕ ІСТЕДІ? 

Олар сайлау жәшіктерін жеткізушілердің қауіпсіздігін күшейтті. Бұрынғы сайлауларда жәшіктерді екі полицей алып жүрген болса, бұл жолы Украина қауіпсіздік қызметінің жауынгерлері тасымалдайтын болды.

Парламент қабылдаған заңға сәйкес сайлауға сегіз күн қалғанға дейін Украина ішкі істер министрлігі аумақтық сайлау комиссияларының айналасына арнайы күзет қоюы тиіс.

САЙЛАУ КҮНІ НЕ БОЛУЫ МҮМКІН? 

Билік жағдайды жіті бақылап отыр, кейбір мекемелер төтенше оқиғалар да болуы мүмкін деп, арнайы дайындалды. Мамырдың 20-сы күні Украина қауіпсіздік қызметі Киев қаласынан жеті автоматты қару, екі килограмм жарылғыш зат алып жүрген қылмыстық топты ұстағанын хабарлады. Олар сайлау кезінде жағдайды тұрақсыздандыруға әзірленіп жатқан болуы мүмкін.

Шекара қызметі Ресеймен арадағы шекарада күзетті күшейтті. Украина қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, «бес кандидатқа шабуыл әзірленіп жатыр деген мәлімет бар».

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

http://www.azattyq.org/content/ukraine-separatists-against-elections/25396389.html