Украинада бүгін армия мен ресейшіл сепаратистер елдің шығысындағы қақтығысты тоқтату үшін «тыныштық күнін» өткізбек.
Украина президенті Петр Порошенко украин әскері ұрыс қимылдарын желтоқсанның 9-ында тоқтатады деп жариялаған. Қақтығысты тоқтату шарасы қыркүйек айында Минскіде қол қойылған келісімде көрсетілген.
Украина қорғаныс министрі Степан Полторак желтоқсанның 8-інде қарулы күштер «тыныштық күніне» дайын деп мәлімдеген. Украинаның шығысындағы Донецк мен Луганск қалаларындағы сепаратистердің кейбір жетекшілері де қақтығысты тоқтату туралы келісімді сақтауға дайын екендіктерін білдірген.
Украина президенті Петр Порошенко да бүгін Минскіде Украина, Ресей және сепаратистердің қатысуымен үшжақты кездесу өтетінін айтқан. Бірақ өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасының» өкілдері мен «Донецк халық республикасының» жетекшісі Денис Пушкин кездесу желтоқсанның 12-сінде өтуі тиіс деп мәлімдеген.
Ал Кремль Ресей кездесу осы аптада өтуі үшін «қолдан келгеннің» бәрін істейтінін мәлімдеген.