Лауазымды тұлғалар мен БАҚ Украинадағы толқуды сипаттау үшін «төңкеріс», «террористер бүлігі», «фашистер көтерілісі», «азаматтық соғыс» деген сияқты әсірелеуге толы атауларды да қолданады.
«АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС»
Парламент тұтқындалған шерушілерді амнистиялау жайын талқыға салғанда тәуелсіз Украинаның алғашқы президенті Леонид Кравчук осы терминді пайдаланған еді. Қаңтардың басында ол заң шығарушыларды сақтандырып, «елді азаматтық соғыс елесі кезіп жүргенін» айтқан.
Бұдан кейін Киевтегі ақпанның 16-сы күнгі қанды қақтығыстан кейін, оппозиция басшысы Виталий Кличко «күш қолдану сценарийіне» қарсы ескерту жасады. Ол жергілікті арнаға берген сұхбатында «азаматтық соғыс мүмкіндігін жоққа шығармайтынын» айтты.
Чехияның ішкі істер министрі Милан Хованец 19 ақпан күні үкімет отырысынан шыға салып, журналистерге Украинада «азамат соғыстың басталғанын» мәлімдеген.
Польша премьер-министрі Дональд Туск те сол күні ел парламентіне «Біз азаматтық соғыстың алғашқы сағаттарына куә болып отыруымыз мүмкін» деді. Ол телеарнадан «Украинаның шығысы мен батысының арасындағы шиеленіс пен бүліншілік кез келген сәтте ешкімнің басқаруға мұршасы келмейтін ұрысқа айналып кетуі мүмкін» деді.
«ТЕРРОРИЗМ» МЕН «БОПСАЛАУ»
Шығыс Украинадағы ең үлкен қала Донецкінің басшысы Александр Лукьянченко «терроризм» жайлы айтты. Ол оппозиция басшыларын «террористік әрекеттері»
үшін тұтқындауды талап еткен. «Террористермен келіссөздер жүргізуге болмайды» деді ол.
ЕО-ның сабырға шақыруына қарамастан, Ресей премьер-министр Дмитрий Медведев ақпанның 20-сы күні «Ресей Украинада аяқ сүртетін төсеніш емес, мықты үкімет көргісі келетінін» айтты. Бұл оның президент Януковичке тәртіп орнату жөнінде қысым күшейткені еді.
Дәл сол күні Иракта жүрген Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың Украина лауазымды тұлғаларына қойған визалық шектеулерін және ЕО тарапынан осы тектес санкциялар жайында ескертулерін «бопсалау» деп бағалаған.
«ФАШИСТ РАДИКАЛДАР»
Майданда әсіреоңшыл ереуілшілер болуы Ресей мен Украинаның лауазымды тұлғаларының украиналық оппозицияны «экстремистер» деп бейнелеуіне мүмкіндік берді.
Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Виталий Чуркин ақпанның 19-ы күні CNN арнасына берген сұқбатында: «Көшеде естіген ұрандары мен осы ұйымдар жайындағы мәліметтерден білетініміз: олар – фашистік идеяларды сіңірген радикалдар» деді.
Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Александр Лукашевич Twitter-дегі сәрсенбі күнгі жазбасында «радикалдар мен экстремистердің әрекетін» сынады. Лукашевич «олар зорлық-зомбылыққа, қантөгіске және хаосқа тікелей жауапты» екенін айтты.
«АРСЫЗ АЛЬЯНС»
Британияда No2EU («ЕО-ға жол жоқ») деп аталатын әсіресолшыл альянс Киевтегі шерушілерді «консерватор, фашистік және реваншист топтардан
құралған және бұрынғы нацистік коллаборационистер культін дәріптейтін арсыз альянс» деп сипаттады.
Ресейлік «Комсомольская правда» газетінің өткен аптадағы бас бетінде «Бандерашылдар Украинаны басып алған соң Ресейге көз тігеді» деген тақырыптұрды. Степан Бандера 20-ғасырдың басындағы украин ұлттық қозғалысының көсемі болған. Ал Ресейде «бандерашылдар» деген сөз украин ұлтшылдарын кемсіту үшін айтылады.
Ақпанның 7-сі күні Бішкектегі gezitter.org ақпараттық веб-сайтында шыққан мақала Януковичтің болашағын бұрынғы екі қырғыз президентінің тағдырына ұқсастырады. Ол мақала «Янукович және Бакиев пен Ақаев» деп аталады. Құрманбек Бакиев те, Асқар Ақаев та Қырғызстандағы үкіметке қарсы шерулерден соң биліктен қуылған еді.
БӨЛІНУ ҚАУПІ
Украинадағы дағдарыс үдеген сайын мемлекет бөлініп кете ме деген қауіп те арта бастады.
Қырымдағы аймақтық парламент басшысы Владимир Константинов ақпанның 20-сы күні жағдай бұдан әрі шиеленіссе, автономиялық республиканың Украинадан ажырап кетуі мүмкін екенін айтты. «Ел ыдыраса, осылай болады. Қалай дегенмен, ахуалдың жалпы райы соған бет алып барады» деді ол.
Financial Times ақпанның 20-сы күні Ресейдің жоғары лауазымды шенеунігінің «этникалық орыстар мен Мәскеу әскери базасын қорғау мақсатында Қырым үшін соғысқа дайын» деген сөзін келтіреді. Аты-жөні құпия қызметкер бұған қоса «Егер Украина жіктелсе, бұл соғысқа ұласады. Украина ең алдымен Қырымнан айырылады. Себебі біз дәл Грузиядағыдай басып кіріп, оны қорғаймыз» дейді.
Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан.