Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчиновтың айтуынша, елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі ресейшіл сепаратистерге қарсы армияның қатысуымен «террорға қарсы ауқымды операция» бастауға шешім қабылдады.
12 сәуірде ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысындағы Славянск және тағы бірнеше қалада жергілікті милиция бөлімдерін және өзге де үкімет үйлерін басып алған. Славянскідегі атыста украиналық бір офицер қаза тапқан.
Украина парламенті — Жоғарғы Радада сөйлеген сөзінде Турчинов Украинаның шығысында тәртіпсіздіктер ұйымдастыру арқылы «соғыс бастап отыр» деп Ресейді айыптады. Ол Украина билігі «Қырым сценарийінің қайталануына жол бермейтінін» ескертті.
Александр Турчинов Киев уақытымен 14 сәуірде таңғы сағат 9-ға дейін қаруларын тастаған барлық сепаратистерге рақымшылық жасауды ұсынды. Ресей әскери операцияны «қылмыстық әрекет» деп атады.
http://www.aikyn.kz/articles/view/46928