АЛТЫНОРДА
Новости

Украинаға әскери көмек тағы сөз болды

Танк мінген украин сарбаздары. Луганск, 29 маусым 2014 жыл.«Мәскеу Украинаның шығысындағы бүлікшілерге әскери көмегін арттырды, енді Батыс Киевке қару жеткізбесе болмайды» деушілер қатары көбейіп келеді.

Былтыр қыркүйекте Минскіде қол қойылған бітім туралы келісім іске аспай қалып, Украинаның шығысындағы соғыс қайта өршіді. Осындай жағдайда Батыс елдерінде Украинаға қару-жарақ беру туралы ұсыныстар жиі айтыла бастады.

Ақпанның 2-сінде Атлантика кеңесі (The Atlantic Council) мен Брукингс институты (Brookings Institution) зерттеу ұйымы бірлескен есебін жариялады. Онда сарапшылар АҚШ үкіметіне Украинаға 3 миллиард доллардың қару-жарағы мен әскери жабдықтарын жеткізуге кеңес берген. Бірақ бұл аймақтағы жағдайды бұрынғыдан да қатты ушықтырып, Ресеймен ашық қақтығысқа ұластыра ма деген қауіп бар.

БҰЛ ҰСЫНЫС ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

2014 жылғы қыркүйекте қол қойылған бітім келісімі мүлде орындалмады. Соңғы апталарда Украина жағы әскери тұрғыдан көп жеңіліске ұшырады. НАТО-ның есебі бойынша, ресейшіл сепаратистер төрт айдың ішінде 500 шаршы километр аумақты, соның ішінде кескілескен ұрыс болған Донецк әуежайын басып алған.

Ақпанның 2-сінде сепаратистер Киевке қарсы соғысқа қатысуға тағы 100 мың адам жинаймыз деп мәлімдеді.

Ресейшіл сепаратистер. Донецк, 2 ақпан 2015 жыл.

Ресейшіл сепаратистер. Донецк, 2 ақпан 2015 жыл.

Батыс елдері Ресейді «бүлікшілерге ауыр қару түрлерін, соның ішінде беренді әскери көліктер, ұрыс танкілерін, артиллерия және зымыран қаруын беріп отыр» деп айыптайды. НАТО мамандарының сөзінше, Ресейдің 1 мыңға жуық әскері және кеңесшісі Украина аумағында жүр. Ал ресми Киев «елде жүрген ресейліктер саны бұдан әлдеқайда көп» дейді.

Мәскеу Украина аумағына әскер жібермегенін, көрші елде жүріп жатқан «азамат соғысына» еш қатысы жоқ екенін айтып ақталумен келеді. Ресей «дағдарысты әскери жолмен шешуге тырысып жатыр» деп Киевке кінә артады.

ҚАРУ БЕРУДІ КІМ ҚОЛДАП ОТЫР?

The Atlantic Council-дың есебін кезінде АҚШ өкіметінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған сегіз сарапшы жасаған. Олардың арасында АҚШ-тың НАТО-дағы және Украинадағы бұрынғы елшілері, бұрынғы мемлекеттік хатшының орынбасары бар. Бұл тізімде аса ықпалы сенаторлар Джон Маккейн мен Роберт Менендес те тұр. Ақпанның 2-сінде New York Times басылымы берген ақпаратқа қарағанда, елдің қорғаныс министрі Чак Хэйгель, біріккен штабтар комитеті төрағасы Мартин Демпси, НАТО-ның командирі Филипп Бридлав та Украинаға мұндай көмек көрсету жайын қарастыруға әзір.

Донбастағы украин әскері.

Донбастағы украин әскері.

АҚШ президенті Барак Обаманың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райс та Украинаға әскери қолдау көрсетпеу керек деген райынан қайтқан сыңайлы.

Бұған қоса ақпанның 1-інде британиялық тарихшы Тимоти Гэртон Эш «Батыс Ресейдің заманауи шабуыл қаруларына төтеп беру үшін Украинаға да сондай шабуыл қаруларын жеткізу керек» деп кеңес берді.

АҚШ конгресі қазірдің өзінде «Украинаға көмек көрсету» актісін қабылдап үлгерді. Осы құжатқа сәйкес АҚШ Украинаға 350 миллион доллар көлемінде әскери көмек көрсетпек. Президент Обама қандай қару түрін қай уақытта жіберудің жайын ойластыра алады. Ал The Atlantic Council көмектің көлемін сегіз есеге дейін ұлғайту керек деп санайды.

ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛУІ МҮМКІН?

Әскери құрал-жабдық түрлері бойынша кеңесшілер Украинаға ең алдымен сепаратистердің зымыран ұшыру жүйесін істен шығаратын радар жүйелерін және ұшқышсыз барлау ұшақтарын беруді ұсынады. «Бұған қоса сепаратистер жағынан және Ресей аймағынан ұшқышсыз барлау ұшақтарын келтірмеу үшін Украинаны тиісті құралдармен қамтамасыз ету керек» дейді мамандар.

Дебальцево маңында тұрған украин әскері. Донецк, 2 ақпан 2015 жыл.

Дебальцево маңында тұрған украин әскері. Донецк, 2 ақпан 2015 жыл.

Украинаға сепаратистер тыңдай алмайтын байланыс құралдары, медициналық жабдықтар және беренді «Хаммер» көліктері де қажет.

Ал қару түрлерінен сарапшылар ең алдымен сепаратистердің танкілері мен беренді көліктерін талқандай алатын зымыран жеткізуді ұсынады. Олар сараптамаларында НАТО-ның советтік стильдегі зениттік технологиясы бар мүшелерін Украинамен бөлісуге, ал АҚШ-тың әскери мамандарын Киевтің әуе қорғанысын модернизациялауға кірісуге шақырады. Мамандар «НАТО-ның басқа мүшелерінің де Украинаға әскери көмек көрсетуіне ықпал етіңдер» деп АҚШ үкіметіне де кеңес береді.

Сарапшылар АҚШ пен НАТО мамандарына алыстан отырып-ақ басқара алатын жаңа қару түрлерін беру керегін, олар Украина аумағына мүлде бармауы қажет екенін айтады.

БҰДАН ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР?

Сарапшылардың көбі Украинаға әскери көмек көлемі артса, Ресей де сепаратистерді күшейте түседі деп есептейді. Бұл онсыз да мыңдаған адам өліп, жүздеген мың адам босқын атанып, миллиардтаған доллардың шығынын келтірген соғыстың зардабын ауырлата түсетіні анық.

Өзге сарапшылар Батыстың Украинаға бүлікшілерді басып тастай алатындай көмек көрсететініне сенбейді.

Батыстың Украинаға қарумен көмектесуі Кремльдің «Батыс Украинада Ресейді әлсірету үшін әрекет жасап жатыр» деген пікірін өршіте түсуі мүмкін.​

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

http://www.azattyq.org/content/world_ukraine_conflict_debate_lethal_military_aid/26827420.html