Ақтөбе мен Шымкентте Шығыс Украинаға «гуманитарлық көмек» жинаушыларды интернетте сынап жатыр. Ұйымдастырушылар Қарағандыда басталған мұндай акцияны «ҰҚК тоқтатқанын» айтады.
Азаттық тілшісі мұндай гуманитарлық акция ұйымдастыруға не себеп болғанын сұрағанда:
«Бірінші кезекте адамшылық себеп болды. Мұндай жағдай кез-келген адамның басына түсуі мүмкін ғой. Ол жақта бейбіт тұрғындар, әсіресе әйелдер мен балалар зардап шегіп жатыр. Менің ол жақта туыстарым жоқ. Жай ғана көмектескіміз келді» деді Тимофей Зайцев.
«ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ АКЦИЯНЫ ҰҚК ТОҚТАТТЫ»
Тимофей Зайцевтің сөзіне қарағанда, «жиналған киім-кешектер – балаларға, әйелдерге, ересек адамдарға, ал дәрі-дәрмектер – «Украинаға қарсы, фашизммен күресіп жатқан көтерілісшілерге» жіберіледі.
Бұл акцияның тағы бір бөлігі Ақтөбе қаласында жалғасып жатыр. Ақтөбеде оны ұйымдастырып жатқан азамат Андрей Обиденнің айтуынша, «жан-жақтан
жиналған заттар осында біріктіріліп, әрі қарай көлікпен Ресейге жіберіледі».
«Әрі қарай (Украинаның оңтүстік-шығысына – ред.) қалай жететінін айтуға құқығым жоқ» деді ол Азаттыққа.
Андрей Обиден сөз арасында бұл бастамасының «бейсаяси акция» екенін айтты. Интернетте таратқан хабарламасында «42-45 өлшеміндегі бәтеңкелер», «туристік, жорыққа (поход) арналған киімдер керек» деп көрсетілген.
Маусым айының басында Қарағанды қаласында да «Украинаға гуманитарлық көмек» орны ашылған болатын. Жергілікті «Новый вестник» сайтында жарияланған ақпаратта оны ұйымдастырып отырған ұйымның да аты аталады.
«Қоғамдық-патриоттық «Гуманитарные войска» қозғалысы бұрындары тек ресейлік қалаларда көмек жинауды ұйымдастырған болатын. Алайда бұл
жеткіліксіз болып қалды, енді олар бұл «оң іске» көршілерді де тартуды ұйғарып отыр» деп жазылған хабарламада.
Ұйымдастырушылар жиналған заттардың Омбы қаласындағы қозғалыс өкілдігі арқылы Украинаға жөнелтілетінін хабарлаған.
Азаттық тілшісі хабарламада заттарды қабылдайтын орын ретінде көрсетілген «Свинцовый дирижабль» клубына хабарласқан кезде телефон тұтқасын көтерген азамат «ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) өткен аптада акцияны тоқтатқанын» хабарлады. Қазір «Новый вестник» сайтындағы гуманитарлық көмек акциясы туралы ақпарат та алынып тасталған.
ИНТЕРНЕТТЕГІ РЕАКЦИЯ
Қазақстан қалаларында бұрын-соңды белгісіз қоғам белсенділерінің Шығыс Украинаға «көмек» беру акциясын ұйымдастыруын интернет қолданушылардың бірі қолдап жатса, кейбірі: «Олар сұрап отырған заттар тізімін көрдім. Әскери рюкзактар мен әскери кружка, дүрбі мен компас, түнде көретін құрал, рация мен радио қарттар мен балаларға не үшін қажет?» деп сұрап, көмектің «гуманитарлық акция» екеніне күмәнданады.
Белсенді әлеуметтік желі қолданушысы, бұрынғы депутат Мұрат Әбенов Facebook желісінде Украинада антитеррорлық акциялар жүріп жатқанын айтып:
«Егер бұл көмек Украина билігімен келісілмесе, Қазақстаннан беріліп жатқан көмектер заңсыз болмай ма? Террористік ұйымдарды қолдау болып кетпей ме?» деп сұраған. Ол арнайы қызмет орындарының бұл әрекеттерді бақылауға алуы қажет екенін жазып, Қазақстанның кез-келген елдегі сепаратистік әрекеттерге қатыспау туралы міндет алғанын ескерткен.
«Украина халқына берілетін гуманитарлық көмек» шын мәнінде Шығыс Украинадағы сепаратист жасақтарға жеткізілетін жәрдем болып шықпай ма деген қауіпті тек Мұрат Әбенов айтып отырған жоқ.
Қарағандыдағы украин мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Зеновия Красивская Азаттық тілшісіне бейбіт тұрғындарға арналған қандай да бір гуманитарлық көмекке еш қарсылығы жоқ екенін, «бірақ біртұтас мемлекетте сепаратистер болмауы керек екенін» айтады.
«Менің ойымша, заңды президент сайланған мемлекетте «халық жасағы» («ополчение» – ред.) болмауы тиіс. Біртұтас Украина мемлекеті барда қандай жеке республика болуы мүмкін?» деп сұрайды ол елдің шығысында өздерін өздері республика деп жариялап жатқан аймақтық сепаратист күштерді меңзеп.
Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты ресми органдарға хабарласқанмен жауап алу мүмкін болмады.