Қазақтың жері – кең дейміз, қойнауы толы – кен дейміз. Алайда сол кенді табудың сабаннан ине іздегеннен қиын екенін білмейміз. Бірақ бағалы қазба байлықтар іздейтін кеншілер жайлы көп жаза бермейміз. Негізінде олардың ел экономикасына қосып жатқан үлестері аз емес. Солардың бірі – тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық минералды ресурстар академиясының академигі, Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Халел Беспаев. 60 жылға жуық геология саласында, соның ішінде 40 жыл бойы бір мекемеде халқының байлығын еселеу үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қарт ғалымның салаға келуі де қызық. – Әкеміз 1942 жылы алты баласын қалдырып, соғысқа аттанды. 6-сыныпты бітірген соң колхоздың жұмысына шықтым. Бірде тоқ, бірде аш жүріп, 1950 жылы қазақ орта мектебін бітірдім. Шешем не болса да оқуға бар деп, үйдегі жалғыз сиырымызды сойып, Алматыға жіберді. Өзімше ең көп стипендия төленетін оқуға тапсырамын деп шештім. Ол тау-кен металлургия институтында екен – 395 рубль, соған тапсырдым. Емтиханның бәрін орыс тілінде тапсырдық. Математикадан емтихан кезінде: «Орысша жеткізе алмай тұрмын, қазақша айтсам бола ма?» деп едім, Хайруллин деген математик: «Сен не, қой бағуға келдің бе, әлде техникалық оқу орнына түсуге келдің бе? Айтатын болсаң орысша айтасың, әйтпесе тайып тұр» деді. Әйтеуір әупірімдеп тапсырдым. Сөйтіп, алты емтиханнан аман-есен өтіп, оқуға түсіп кеттім. Бес жыл оқып, институтты бітірген соң, 1955 жылы жолдамамен өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті селосына жақын Қазақстан түсті металлургия министрлігінің «Казолово» кен басқармасына қарасты «Ленинск» кенішіне учаскелік геолог болып жұмысқа келдім. Бір жыл істеген соң кен басқармасының аға геологы қызметіне жоғарылатты. Сонда істеп жүргенде белгілі геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Жарқан Айталиев ақсақалдың шақыруымен Алтай тау-кен металлургия ғылыми институтына жұмысқа ауыстым. Ол жерде кен құрамындағы сирек және шашыранды элементтердің бөліну заңдылықтарын анықтау бойынша зерттеулер жүргіздім, – дейді кішіпейіл, қарапайым мінезі бірден байқалатын Халел Абдұлхақұлы.
Сол жылдары Қазақстанның Ғылым академиясын басқарған атақты ғалым Қаныш Сәтбаев геологтардың алдына кеніштердегі тек мыс, мырыш, қорғасынды ғана алып қоймай, алтын, күміс сияқты басқа да бағалы металдардың бәрін кешенді түрде зерттеу керек деген тапсырма қояды. Сөйтіп, жас жігіт нағыз ғылыми жұмыспен айналысады. Тіпті оның кандидаттық диссертация қорғауына да Қаныш атамыз ықпал еткен. 1963 жылы Сәтбаев «Тишинское» кенішінің Лениндік сыйлыққа ұсынылуына байланысты Өскеменге келеді. Жас ғалымды шақырып алып: «Ертең геологтардың бәрі келеді, сен ана жазып жатқан диссертациялық жұмысыңның желісімен баяндама жасайсың» дейді. Жас жігіт атағы жер жарған үлкен ғалымның алдына жүрексіне кірсе де, Академия президентінің ақсақалдық ақылы мен берік сенімі оған үлкен қанат бітіріп, ертеңіне жақсы баяндама жасайды. Риза болған Қаныш Имантайұлы құшақтап, бауырына басып: «Жарайсың! Мәскеуден келгеннен кейін айтам, дереу кандидаттық жұмысыңды қорғайсың» дейді. Алайда ғұлама ғалым сол сапарында қазаға ұшырайды. Алайда атақты геолог Сәтбаевтың әлгі ұсынысы болашақ ғалымға алдын ала батасын беріп, қолдау көрсетіп кеткендей әсер қалдырады. Көп кешікпей Халел Беспаев кандидаттық диссертациясын қорғап, Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми хатшысы лауазымына шақырылады. Үлкен ғылым ордасында ол сондай-ақ Ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары, Президиумның академик-хатшысының орынбасары лауазымдарында бес жылдай қызмет етеді. 1969 жылы өзінің толықтай ғылыми жұмыстармен айналысу тілегіне орай, Геологиялық ғылымдар институтының минералогия және геохимия зертханасының жетекшісі болып ауысады. 1985 жылы Қазақстанның колчеданды-полиметалдық кеніштерінде алтын және күмісті бөлу мен оқшаулаудың геологиялық шарттарын анықтау бойынша жүргізген іргелі зерттеу жұмыстарының негізінде докторлық диссертациясын қорғайды. 1994 жылы басқа мамандармен бірге кеніштерді іздеу, барлау және болжау жұмыстарының ғылыми ұстанымдарын әзірлегені және соның негізінде еліміздегі асыл металдардың сенімді минералдық-шикізат базасын жасап шыққаны үшін оған республикамыздың мемлекеттік сыйлығы беріледі. Жалпы, Халел Беспаев еліміздің геологиялық қауымдастығына кенді геология, металлогения және асыл металдардың геохимиясы саласында жоғары білікті маман ретінде белгілі. Оның зерттеу жұмыстарының мақсаты – ұдайы өндіріс және қолданыстағы тау-кен кәсіпорындарының шикізат базасын кеңейту, кендерді кешенді пайдалану. Ғалым ретінде ол 12 монография, 170-тен аса ғылыми мақалалар жариялаған. «Қазақстанның металлогениясы» сериясымен жарияланған монографиясы кендер құрамындағы серік-элементтерге арналса, «Орталық Қазақстан және Кенді Алтайдың сульфидті кеніштеріндегі күмістің геохимиясы» атты еңбегінде кендер мен минералдардағы күмістің бөлінуі мен оны табу үлгілері қарастырылады. Ал өзге авторлармен бірлесе жазған «Қазақстанның мыс, мырыш, қорғасын және темір кеніштерінің пайда болу шарттары» атты еңбегінде эндогенді кеніштердің пайда болуында қатысатын процестердің физика-химиялық параметрлері зерттеледі. 1989-1990 жылдары Х.Беспаевтың жетекшілігі және тікелей қатысуымен қазақстандық мамандар үшін тұңғыш рет геолог-кеншілердің үстел кітабына айналған 2 томдық «Қазақстан минералдары» энциклопедиялық басылымы жарияланғанын да айта кеткен жөн. 1994 жылы өте күрделі кезде баламалы негізде Геологиялық ғылымдар институтының директоры болып сайланған Х.Беспаев өзінің бар ұйымдастырушылық қабілеті мен білімін осы ұжымның ғылыми кадрларын, басты ғылыми бағыттарын сақтап қалуға, негізгі бөлімшелерді компьютерлендіруге жұмсайды. Бұрынғы байланыстар үзіліп, қаржы тапшылығы қысқан қиын сәтте институттың өндірістік мекемелермен тығыз іскерлік қатынастар орнатуы ұжымға шаруашылық шартымен бірнеше ірі жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Осы жылдарда нарықтық қатынастар жолына түскен институт Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі қызметкерлерімен бірге бірқатар ғылыми-қолданбалы жұмыстар атқарыпты. Солардың қатарында 15 картадан тұратын «Қазақстанның минералды қорлары» атласын және шетелдік инвесторлардың назарын тартқан елдегі барлық пайдалы қазбалар түрі бойынша 30 томдық анықтама-монографияны ерекше айтқан жөн. 2000 жылы Халел Беспаев өз еркімен директорлық қызметті тапсырып, қайтадан минералогия, геохимия және геоэкология зертханасына жетекші болып оралады. Ғалым халықаралық жобаларды орындаушы ретінде Қазақстанның атынан АҚШ, Бразилия, Италия, Жапония, Франция, Қытай және басқа шетелдерде өткен геологиялық конгрестер мен кеңестерде бірнеше рет баяндама жасаған. Ол сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Халықаралық геологиялық корреляция бағдарламасы» бойынша қазақстандық комитетінің төрағасы. Жалпы, Халел Беспаевтың қазақ геологиясына сіңірген еңбегі ерен. Бұған геолог-ғалымның 1995 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2002 жылы Қ.Сәтбаев атындағы, 2012 жылы Ш.Есенов атындағы сыйлықтармен марапатталып, «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы» дипломы мен төсбелгісінің берілуі толық дәлел.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ |
http://www.aikyn.kz