Абай ОМАРОВ (коллаж)
Сонау бір жылы көршіміз Ресейде Путин мырзаның «таза орыс қалмады» деп ойбайлап, әр елде жүрген гені таза орыстардың Отанына көшіп баруы үшін жағдай жасайтынын ресейлік БАҚ-тар жарыса жазғаны есімізде. Көршінің бұлай атқа қонуының сыры – ұлтының қанын сақтап қалуды мақсат тұтқандығы. Қазақша айтқанда, тегін тазалап, түзеп алғысы келсе керек. Ал кеше текке жете мән берген қазақтың бүгінгі ұлттық сапасы қандай? Ресей таза орысына жарнама беріп, шам алып іздеп жатқанда, біздегі ұлт сапасына қауіп төндірер төрт басты айдаһар сынды төрт дұшпанды айтпасқа болмайды…
Ханға қарадан қыз алуға үзілді-кесілді қарсы болған бабаларымыз үшін тектілік аса жоғары мәнге ие еді. Бұқар бабамыз Абылайдың өзіне «Ай, Абылай, Абылай! Қатын алма қарадан, Қара тумас сарадан…» дегенде, ұрпағының ұсақталып, қанының бұзылатындығын меңзеді. Ұлттың сапасына алаңдады. Бабалардың сол алаңы бұл күнде уайымға айналды.
Кейінде БАҚ-та «ұлт иммунитеті» деген термин қалыптасып жүр. Сол айтқандай, бүгінгі қазақтың иммунитеті өте әлсіз болып тұр. Дәрігерлердің тілімен айтсақ, ұлт тұтас ағза болса, сол ағзаның жүрек, бауыр, өт, бүйрегі секілді ішкі құрылысына ауру-сырқау үйірсектеп алды.
Маскүнемдік
Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елде арнайы мониторинг жүргізіпті. Сонда 2011 жылғы рейтингіде Қазақстан 34-орынды иеленіпті. Бұл болса әрбір қазақстандықтың басына шаққанда жылына 11 литрге жуық таза этил спирті екен.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Жартылыққа есептегенде – 50 бөтелке арақ. «Нәтижеге үңілсек, Қазақстан бүгінгі күні Орталық Азияда нағыз ішімдікке құмар ел болып табылады. Мысал үшін айтатын болсақ, жоғарыда аталған рейтингіде Қырғызстан – 106-шы, Түрікменстан – 114-ші, Өзбекстан – 131-ші, ал Тәжікстан 134-ші орында тұр. Тіпті көршілес Қытайдың өзі 1,5 миллиард халқы барына қарамастан, 95-ші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейін де есептеген. Ол жылына 8 литрден аспауға тиіс. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеп соғады. Осы әлеуметтік кесірлі құбылыстың ауыр салдарын біздің еліміздің мысалынан көруге болады», – деп Мәжіліс депутаты Ерген Дошаев дабыл қаққан еді. Дабыл қағылудан кенде емес. Бірақ нәтиже мардымсыз.
Соңғы бес жылда спиртті ішімдікті тұтынудан 12 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болған. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепке алыныпты. Соңғы бес жылда мас күйінде жасалған қылмыстар саны екі есеге өсіп, 13 мыңнан астам фактіні құраған. Маскүнем қылмыскерлердің қолынан 3 172 қазақстандық қаза тауыпты. Соңғы бес жылда ішімдік ішіп көлік руліне отырған 330 мың жүргізуші ұсталыпты. Олар 1 814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?
Нашақорлық
Қазiр Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша «54 мыңға жуық нашақор тiркеуде тұр. Сараптаулар нашақорлардың 60 пайызы 30 жасқа дейiнгi жастар мен әйелдер», – дейді. Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша 5000-ға жуық жасөспiрiм есiрткi тұтынады. Қазақстанда жыл сайын 20 тоннаға жуық әртүрлi есiрткi алынады. Ресми көрсеткiштердi тек он еселегенде ғана нашақорлар санының нақты көрсеткiшi шығады екен. Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?
Жасанды түсік
Жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады. Бұл – 100 пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы. Мәліметтер жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 12-14 жастан басталатындығын айтады. Еліміздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасататын көрінеді. Ал Нидерландия мемлекетінде аборт жасататын адам саны жылына 10 мың ғана деседі. Бізде 300 мың!
Сапаны саралаудың ұшығы қайда жатыр? Ұлттың рухани сапасыздығының бір көрсеткіші – балиғатқа толмаған оң жақта отырған қыз баланың табалдырық аттамай жатып, абыройын төгуі. Жас қыздардың жасанды түсік жасатуы көрегендіктің белгісі демейтін шығармыз… Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?
Жезөкшелік
Қазақстанда кейбір ақпарат 10 мыңнан астам жезөкше бар дейді. Бұл – «импорттық» жезөкшелерді санамағандағы есеп. Ал Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, бір Алматы қаласында 10 мыңға жуық жезөкше тіркелген. Әр күн сайын Алматыда 2000-ға жуық жезөкше көшеге шығады екен. Ол аз десеңіз, «200-ге жуық притон мен 150-ге тарта саунада қыздар ақшаға сатылады» деген деректер де бар. Интернет сайттарында жезөкшелердің жасы 14-жастан басталатындығына бүгінде ешкім таң қалмайды дейді. Жезөкшелікті, тіпті ұлтқа қарсы геноцид ретінде бағалаушылар да бар. 2010 жылы 314 жезөкше мен 56 жеңгетай тізімге алыныпты. Ал тізімделмегені бұдан бірнеше есе көп. Бұл ұлт сапасына соққы емес деп кім айтты?
Нүкте
Күнделікті тұрмыста, өмірде өзіміз көріп жүрген жайттар арқылы, қоғамды іштен ірітіп-шірітетін адамның азғындауына әкеліп соғатын қазақтың бүгінгі қас дұшпанын санамалауға тырыстық. Сонда ұлтты улауға, басқасын айтпағанның өзінде осы «төрттік» те анау-мынау атом қаруынан кем түспей тұр. Философтар мұны «ішкі себеп» деп атапты. Сол ішкі себептер әрқашан шешуші рөл ойнайды дегенді айтушылар да сол философия ғалымдары. Олай болса, бұл «төрттікке» арнайы тоқталуымыздың себебі де осында. Сырттан туындаған жоғарыдағы ішкі факторлар ұлт сапасына қауіп төндіріп отыр.
Британияның әйгілі тарихшысы Арнольд Джозеф Тойнби «Тарихты зерттеу» атты ұлы еңбегінде: «Бір мемлекеттің, тіпті бір ұлттың құрдымға кетуі, жойылуы өз ішінен басталады. Сыртқы күш құрып бітудің алдында тұрған кездегі ең соңғы соққыны береді» деп жазыпты.
Қаршыға МҰҚЫШ, философ, ғалым:
– Ұлттық сапаға әсер етуші ретінде бірнеше факторларды айтуға болады. Ғалымдардың айтуынша, генеологиялық ақпарат түрінде кез келген жақсы-жаман әдет ұрпаққа беріліп отырады. Демек, қоғамдағы келеңсіз жағдайға душар болған, я ол маскүнем, я нашақор, я жезөкше болса да, оның гені келешектегі ұрпағына бұл туралы ақпаратты жеткізеді. Оның адам болып қалыптасуына «өз үлесін» қосатын болады. Қазақ «қанмен беріледі» дегенде де осыны айтады. Олай болса, ішкілікке, не есірткіге бой алдырған, я жезөкшелікке салынған адамнан әрбір ұрпақ сапалы деуге бола ма? Әлбетте, жоқ. Сондықтан бұларды да ұлт сапасына қауіп төндірер, ұлтты деградацияға түсірер фактор ретінде қарастыруға әбден болады.
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды облысы
http://alashainasy.kz