Батыс пен Ресейдің Украинаға байланысты теке тіресіне нүкте қойылар емес. Тіпті Украинадағы жағдай реттелгенше сағызша созыла беруі мүмкін. Бұл біздің шаруа емес деуге де болар.
Бірақ басында АҚШ тұрған Еуропа елдерінің Ресейге қарсы әр бағытта санкция жариялай бастауының соңы біз үшін де үлкен қауіп болып тұр. Егер АҚШ-пен Еуроодақ санкцияның үшінші кезеңін жүзеге асыратын болса, онда міндетті түрде Ресей көмірсутегі шикізатына құрсау қойылады. Онда біздің де асығымыз алшысынан түспесі хақ. Зиянын шегеміз. Себебі Ресеймен біріккен Каспий құбыр консорциумы арқылы жылына 32 миллион тонна көлемінде қара алтынды Еуропа елдеріне шығарып отырмыз. Егер бұл бағыт тоқтайтын болса, мұнай долларының көбінен қағыларымыз белгілі.
Мемлекет бюджеттің біраз бөлігі мұнайдан түсетін қаржыдан тұратынын ескерсек, елдегі жағдайдың күрт қиындайтыны белгілі болмақ. Демек, біз өзге балама бағыттарға шикізатымызды жіберудің жолын жедел қолға алуымыз керек. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Ол – қазақ мұнайының үштен екісіне иелік ете бастаған Қытайға қара алтынды молынан жіберу. Батыстың Иранға қарсы қойылған санкциясы алынып тасталса, Ақтау арқылы Иранның Нека портына жеткізу. Бұдан қалаберді танкермен Әзірбайжанға, Грузияға тасымалдау. Одан ары, кезінде Ресейді айналып өту үшін салынған Баку-Тбилиси –Жейхан құбырымен Батысқа шығу. Грузия жері арқылы Түркияға өз шикізатымызды жеткізуге болады. Демек, Батыстың Ресейге қарсы қолданылуы мүмкін санкциясын айналып өту үшін, біз осы бастан мұнайды Ресей арқылы емес, оған балама болатын өзге жолдар есебінен сыртқа тасымалдауды ойластыруымыз қажет. Мұны сарапшылар да жоққа шығармайды.
Илияс ИСАЕВ, қаржыгер-сарапшы:
– Егер Батыс әлемі Ресейге қарсы энергия ресурстарына санкция қолданатын болса, оның салқыны бізге тимей қоймайды. Қалай десек те, әлі күнге Ресей сияқты Қазақстан да шикізат отаны. Бұдан әзірге құтыла қойған жоқпыз. Бірақ санкциядан құтылатын жолдар баршылық. Ол мұнайды сыртқа шығаратын бағыттарды өзгерту. Мәселен, Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстан кем дегенде 32 млн тонна мұнайды айдап келсе, енді сол көлемдегі мұнайды шетелге басқа жол арқылы шығаруға тура келеді. Мысалға, Қазақстан мұнайын молынан қарпып отырған Қытай. Бейжің қазір жаңылыспасам еліміздегі мұнай секторының 30-40 пайызын иеленеді. Біз осы бағытқа күш салуымыз керек. Сонда Батыстың Ресейге қарсы құрсауы бізді айналып өтеді. Әрине, Иран, Әзірбайжан, Грузия арқылы да мұнайдың біраз бөлшегін сыртқа шығаруға болады. Бізге ең бастысы – мұнай бағасының осы деңгейде қала беруі. Егер де оның бағамы күрт төмендейтін болса, нағыз дағдарыс сол кезде басталады.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Біз қашан да кез келген жағдайдың алдын алуға тиіспіз. Рас, Батыстың Ресейге қарсы көмірсутегі шикізатына байланысты санкциясы жүзеге асып жатса, онда зиянын шегеріміз хақ. Не істеу керек? Әрине, мұнайды экспорттаудың балама жолын қарастыру қажет. Ол Әзірбайжанға және Грузияның Батуми портына танкер арқылы жеткізу. Одан ары Баку- Тбилиси-Жейхан құбырына қосылу. Содан кейін, Шығысқа, Қытайға мұнай айдайтын Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының мүмкіндігін арттыру қажет. Ол құбыр бар мүмкіндігімен жұмыс істесе жылына 20 миллион тонна мұнай жіберуге болады. Тағы бір бағыт Өзбекстан мен Пәкстанды басып өтіп Үнді жеріне де шикізатымызды пұлдауға болады. Кезінде бұл елдердің елшілері де осы мәселені көтерген. Соны нақтылайтын кез келді. Біз тек Ресей деп соларға жалтақтап отыра беруімізге болмайды. Онда ұтылыс көбейеді. Кез келген дүниені өз мүддемізге оңтайландырып қарастыруымыз керек.
Қазіргі таңда Үкіметтің негізгі назар аударатын мәселесі осы болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі біз әлі де мұнай мен газдан түсетін қаржыға тәуелді шикізат еліміз.
http://www.aikyn.kz/articles/view/46872