АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлтшылдар «суретті көрмеден әкетуді» сұрады

4595AA97-D1C9-4395-B251-22855876C233_w640_r1_s_cx0_cy9_cw0Орыс православ ұлтшылдары Мәскеудегі Третьяков галереясынан танымал картинаны алып тастауды талап етті. Олардың пікірінше, «Илья Репиннің шығармасы орыс тарихын бұрмалайды».

Егер өнер туындысына адам жанына әсер ететін дүние деп қарасақ, 1885 жылы Илья Репиннің «Иван Грозный мен оның ұлы Иван. 16 қараша 1581 жыл» атты картинасының ұлы туынды екені күмән туғызбайды.

ЦЕНЗУРАҒА ҰШЫРАҒАН КАРТИНА

Бұл сурет алғаш рет көрмеге қойылғанда Ресей патшалық үкіметі қатты қорланып, оны көрсетуге тыйым салды. Ресей тарихында суретші шығармасы алғаш рет осылай цензураға ұшырады.

1913 жылы Ресейдегі ескі ғұрып (старообрядчество — ред.) өкілі Абрам Балашов картинаға пышақпен тап беріп, үш жерден кескілеп тастады. Ол «Қантөгіс жойылсын!» деп айғайлаған.

Третьяков галереясының кіретін есігі. Мәскеу, 22 наурыз 2011 жыл.Третьяков галереясының кіретін есігі. Мәскеу, 22 наурыз 2011 жыл.

Балашовты психиатриялық емханаға жапты. Ал әжептәуір бүлінген картина қалпына келтіріліп, қайтадан Третьяков галереясына қойылған. Содан бері ол басқа да мыңдаған туындылармен бірге осы жерде Ресейдің бай мәдени мұрасын әйгілеп тұр.

Бірақ орыс ұлтшылдары осы бір картинаға қайта шүйліге бастады. «Святая Русь» қозғалысының жетекшісі, Василий Бойко-Великий мен консерватор тарихшылардың бір тобы Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский мен Третьяков галереясының директоры Ирина Лебедеваға үндеу-хат жолдады.

Хатта ұлтшылдар Репиннің туындысын қоймаға жіберуді өтінген. Олар «Бұл картина күшті мемлекет – Орыс православ монархиясын мақтан ететін орыстардың патриоттық сезімін қорлайды» делінген.

Репиннің адам психологиясына әсер ететін туындысында Иван Грозныйдың ұрыс-керістен кейін баласын (мұрагерін – ред.) асатаяғымен қойып қалып, есеңгіреп отырған сәті бейнеленген.

Патша баласы бірнеше күннен соң өліп қалады. Ал Грозныйдың өзі 1584 жылы дүние салды. Оның тағына әлжуаз әрі перзентсіз баласы Федор отырды. 1598 жылы ол қайтыс болды. Рюриковичтер әулетінің билігі осылай аяқталды.

Осыдан кейін Ресей тарихында 15 жылға созылған, «аласапыран» аталып кеткен дәуір орнайды. Бұл уақытта орыс мемлекеті ашаршылыққа ұрынып, азаматтық соғыстан көз ашпайды, шеттен келген басқыншылар шабуылына ұшырайды. 1613 жылы Романовтар династиясы құрылғанға дейін халықтың үштен бірі опат болады.

Илья Репин, автопортрет.Илья Репин, автопортрет.

Репин бұл картинасында Грозныйдың дүлей мінезі бала-шағасына, халқына қаншалықты апат әкелетінін сезгендей бейнелеген.

Бірақ Бойко-Великий мен оның ұлтшыл-православ тобы «Иван Грозныйдың ұлын өлтіргені туралы нақты тарихи дерек жоқ. Оның бәрі — аңыз. Аңызды мұрагерді улап өлтірген шетелдік елшілер таратқан» дейді.

Ресейдің жаңалықтар қызметіне сұхбат берген Бойко «Мәдениет министрі Мединский «Ресей туралы қорқынышты аңыздар» деген кітабында Грозныйдың өз ұлын өлтіргеніне күмән келтірген» дейді.

РЕВИЗИОНИЗМ КҮШЕЙІП БАРАДЫ

«Коммерсантъ-FM» радиосына сұхбат берген өнертанушы Андрей Ерофеев былай дейді:

— Орыстың көне әрі қазіргі өнерімен есеп айырысқысы келетіндер әрқашан табылады – Пушкин, Толстой мен Достоевский мұралары да одан өткен, енді кезек Репинге жетті. Кейбіреулер өзінің ішкі мәселесін, отандастарымен қарым-қатынасын туған мәдениетімен күресу арқылы шешкісі келеді. Олар бұл қылықтарын жасырып, «русофобиямен күрес» деп атағысы келеді. Ресейде обскурантизмнің осындай түрі пайда болды. Бұл жағдай университеттерде де бар, әртүрлі кеңес беру құрылымына еніп, Мәдениет министрлігіне жетті, біртіндеп жоғары өрлеп барады.

Өнертанушы Андрей Ерофеев. Мәскеу, 12 шілде 2010 жыл.Өнертанушы Андрей Ерофеев. Мәскеу, 12 шілде 2010 жыл.

Ерофеевтің пікірінше, мәдениет министрі шағымданушылардың талабын қабыл алуы әбден мүмкін. Ұлтшыл казактар «діни көзқарасымызды қорлады, күпірлік жасады» деп шағымданған соң өткен жылы Санкт-Петербург прокурорлары Эрмитаждағы көрмені тексерген.

Владимир Путин 2000 жылы билікке келді. Содан бері ұлтшыл-православтардың мәдени ревизионизмі күшейіп барады. Осы жылдың басында «The Сalvert Journal» басылымы Ресейдің сурет, мүсіндеу және сәулет академиясының ректоры Илья Глазуновтың очеркін жариялады.

Глазунов суретшілерді «өз міндеттеріне лайық болуға, ұлтының ұлттық мақтанышын сипаттайтын туындыларды салу міндетін мойнына алуға» шақырған. Мақалада «Қазіргі суретшілер көбінесе үкіметке қарсы, әсіресе Pussy Riot ісі мен гомосексуализмді насихаттауға тыйым салғанжаңа заң шыққалы бұл үрдіс үдей түсті. Осындай кезеңде Ресей ұлтшылдары суретшілер тобын тәрбиелеп шығуы қажет» деп жазылған.

Үкімет Репиннің суретін музейден алып тастау туралы талапты елеусіз қалдырса да, Бойко-Великийдің хаты – қауіпті құбылыс. Хатта «Репиннің осы әрекеті үшін Құдайдың жазасына ұшырағаны, оң қолы семіп, сурет салудан, шоқынудан қалғаны» туралы айтылады.

Хат авторлары «1917 жылғы төңкерістен кейін Финляндияға жер аударылған Репин көзқарасын түбегейлі өзгертіп, православ жолын ұстанып, хорда ән айтты» деп жазады хат иелері.

Хат осы райда жалғасып келіп, Балашов сияқтыларды астыртын әрекетке шақырғандай болады — хат «Өмірінің соңында көзқарасын өзгерткен Репин осы бір ғайбат шығарманың көзін жойған адамға алғыс айтар еді» деп аяқталады.
Третьяков галереясы қазанның 3-і күні картинаны арнайы күзетке алатындарын мәлімдеген еді.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.