АЛТЫНОРДА
Новости

ҰЛТТЫҚ БАНК: МАРЧЕНКО КЕТІП, НЕГЕ КЕЛІМБЕТОВ КЕЛДІ?

fb2f4e56f85bf5753133a1161697627aҰлттық банк төрағасы қызметінен Григорий Марченконың «отбасылық жағдайына байланысты» доғарысқа кетуі сарапшыларды таңдандыра қоймапты. Оның орнына бұрынғы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің келуі олар үшін «тосын сый» болды.

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Григорий Мар­ченконың Ұлттық банк төрағасы лауазымында «көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істегенін» атап өтті. «Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын» деді Қазақстан Президенті.
Ұлттық банк төрағасы лауа­зымында екі мәрте болып, соңғы рет осы орында төрт жылдай тап­жылмай отырған Марчен­коның осы жолғы кетісін сарап­шылардың бір бөлігі зейнетақы реформаларымен тікелей байланыстырады. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын көтеру бастамасын елге түсін­дірудегі «реформатордың» жұ­мысын маусым айында Мемлекет басшысы сынға алған. Осыдан кейін бас банкирдің аяқастынан демалысқа кеткендігі мәлім болған. Сондықтан бұл жолғы оның отставкасында зейнетақы реформаларының «үлкен үлесі» бар екенін айтқан депутат Вла­дислав Косарев. Сенатор Қуа­ныш Айтаханов та – осындай ойда. Депутат «мәселеге терең байыппен бармай, зейнетақы қорында ақша жоқ, мәселені осылай шешеміз деген» қаржы­гердің қызметтен кетуін оң санайды. Марченконың кейбір мәселелерді «терең зерделемей, айта салатын» ерекшелігінің де болғандығын еске салады.
Ұлттық банктің бұрынғы төра­ғасының Ресей экономика­сы дамуына мүдделілігі, олар­мен ортақ валюта жасау туралы пі­кірлері, мемлекеттік тілге қатыс­ты ашық түрде немқұрайлық та­нытуы қазақ қоғамында кезінде сын пікірлер туғызған. Сондық­тан болар, Марченко туралы орыс және қазақтілді ортада екі түрлі пікір қалыптасқанын оның оставкасына қатысты берілген телехабарлар мен әлеуметтік желілердегі пікірлерден оңай аңғаруға болады.
«Ұлттық банк басында өзі­міздің ұлттың азаматының да отыруы –үлкен мәселе» деп есептейді Айтаханов. «Себебі бұл еліміздің қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Ұлттық банк – мемлекеттің ең бір үлкен тірегі. Мемлекеттің қаржылық мәселесі осы банк арқылы шешіледі. Елі­міздің экономикасының дамуы, хал­қымыздың әл-ауқатының артуы, халықаралық дәрежедегі имиджі де осы банкке тікелей байланысты. Марченко бірқатар жұмыстар атқарғанын жасыр­мауымыз керек. Сонымен бірге оның кейбір жағдайларда олқы­лықтары да болды» дейді се­натор.
Бұрынғы бас банкирдің Пар­ламент депутаттарымен тартысы, олардың сонда да оны есеп бе­руге иліктіре алмауы, жоғарғы лауазымды тұлғалармен кикіл­жіңдері оның осы жолы қызме­тінен кетуіне түрткі болғанын айтады саясаттанушы Досым Сәтпаев. Оған қоса, сарапшы оның зейнетақы реформалары, әлеуметтік төлемдерге қатысты мәлімдемелері де қоғамды жағымды пікір тудыра қоймаға­нын атап өтті. «Әрине, маман ре­тінде ол жаман болған жоқ. Қар­жы дағдарысы кезінде Ұлт­тық банкті қаржы рыногындағы айтарлықтай күшті ойыншыға айналдыра білді. Ал комму­никация, серіктестік қарым-қатынас орната білу бойынша мәселелері болғаны рас» дейді саясаттанушы.
Досым Сәтпаевтың сөзіне қарағанда, Марченконың отстав­касы туралы алып-қашпа әңгіме былтырдан бері толассыз айты­лып келеді. «Тіпті оның орнына кім келетіндігі де талқыланған. Әйтсе де Қайрат Келімбетовтің Ұлттық банк төрағасы қызметіне келуі көбірек таңданыс тудырды» дейді саясаттанушы. Себебі бұ­ған дейін белгілі экономистің сәл биігірек, яғни Үкімет бас­шысы деңгейіне жоғарылайды деген болжамдар болыпты. «Ұлттық банк төрағасы болу – мәртебелі лауазым, бірақ оны мемлекеттік иерархия тұрғы­сында жоғары деуге келмейді» дейді сарапшы. «Оған қоса, банк Алматыда орналасқан, ал біздің шенеуніктер Ақордаға жақы­нырақ болғанды қалайды». Осы тұрғыдан алғанда,Келімбетовтің бұл «жүрісі»сауалдар туғы­заты­нын айтады саясаттанушы.
Ұлттық банк басшысы ауыс­қаннан банк жүйесінде күрделі өзгерістер бола қоймайтынды­ғын топшылайды Досым Сәт­паев. Себебі «бұл қаржы инсти­тутының қызметі Мемлекет бас­шысы арқылы құпталады. Ұлттық банк соңғы жылдары Қазақстан­да, әсіресе, банк және қаржы жүйесін реттеу мен қадағалау тұр­ғысында өзінің ықпалын күшейтті. Бәл­кім, Ұлттық банктің қоғам, мем­лекеттік органдармен қарым-қатынасындағы саясаты «жұм­саратын» шығар» деп пайым­­дайды сарапшы.
Мемлекет басшысы Ұлттық банкке жаңа төраға тағайын­дағанын хабарлаған кезде бұл шешім еліміздің дамуына сеп­тігін тигізетінін екшелеп, Ұлттық банктің саясаты өзгермейтінін нақтылаған.
«Айқын-анықтама»:

 

Григорий МАРЧЕНКО:
54 жаста, Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақстан вице-президентінің көмекшісі (1992-1994), Ұлттық банк төрағасының орынбасары (1994-1996) қызметінен бастап, Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы (1996 жылғы қараша – 1997 жылғы қазан), Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі (1997 жылғы қазан – 1999 жылғы қазан), Ұлттық банк төрағасы(1999 жылғы қазан – 2004 жылғы қаңтар), Премьер-министрдің бірінші орынбасары (2004 жылғы қаңтар-сәуір), Қазақстан Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі (2004 жылғы сәуір – қазан) болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қазан – 2009 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болды. 2005 жылғы қаңтар – 2009 жылғы қаңтар аралығында «Қазақстан Халық Жинақ банкі» АҚ Басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 2009 жылғы қаңтардан биылғы жылдың 1 қазанына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы болып істеді.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ: 
44 жаста, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің қолданбалы математика және кибернетика факультетін бітірген. Ұлттық банк төрағасы қызметіне келгенше Премьер-министрдің орынбасары (2012-2013) қызметін атқарған. Оған дейін Экономикалық даму және сауда министрі (2011-2012), «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2008-2011), Президент Әкімшілігі жетекшісі (2008), «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2006-2008), Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі (2002-2006), Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы (1999-2001) лауазымдарын атқарған.

Айжан КӨшкенова, Астана

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/31703