Мәншүк Мұқаметқалиқызы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары, педагогика ғылымының кандидаты:
– Мәншүк Мұқаметқалиқызы, бүгінде оқулық мәселесі, оның ішінде мектеп оқулықтарының сапасына байланысты сын жиі айтылуда. Бүгінгі күнде оқулықтардың сапасын арттыруда қандай нақты жұмыстар атқарылуда?
– Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі Назарбаев университетінде студенттерге оқыған дәрісінде: «Интернет кітаппен қарым-қатынасты, отандық және әлемдік әдебиетті алмастыра алмайды, осылардың негізінде, жалпы, адамдық құндылықтар қалыптасады», – деп атап өткендей, қай кезде болсын оқулық әр елдің білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілеттіліктің нышаны болып табылады. Сондықтан «ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі бәсекеге қабілетті оқулықтарды әзірлеуге байланысты» деп атап өткен еді.
Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап бүгінде оқушыларымыз төл оқулықтарымызбен білім алуда.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім беру саласындағы басты мәселелердің бірі – отандық төл оқулықтар дайындау мәселесі күн тәртібіне қойылып, 1996 жылғы қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындаудың және басып шығарудың мақсатты бағдарламасын әзірленді. Аталған бағдарлама басқару органдарының, ғылыми-зерттеушілік, педагогикалық және авторлық ұжымдардың, баспалардың республикадағы мектептерге жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, басып шығару және ендірудегі үйлестіру қызметі мен стратегиясын анықтайтын басты құжат болып табылады. Осы бағдарламаға сәйкес, кезең-кезеңімен оқулықтар оқу процесіне енгізілді.
Алғашқы төл оқулықтарымызды оқу процесіне енгізу барысында көптеген кемшілік кездесіп, отандық оқулықтардың сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдауды қажет етті.
Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі оқу әдебиетін басып шығарудағы әлемдегі дамыған елдердің, атап айтсақ, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур тағы басқа елдердің тәжірибелеріне талдау жасады. Талдау нәтижелерінің негізінде оқулықтарды мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмысы ұйымдастырылды. 2005 жылы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, негізгі мақсаты оқу әдебиетінің сараптамасын, сынақтан өтуін және мониторингін ұйымдастыру болып табылатын «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы құрылды.
Одан бері 15 жылдан астам уақыт өтсе де, оқулықтарды жаңартып, толықтыру жұмысы бір толастаған емес. Оқулық жасау ісі техникалық жағынан, ең негізгі сапасы жағынан болсын көш ілгері алға жылжыды. Қазіргі оқулықтың алғашқы оқулықтармен құрылымының кемелденуін, оқулыққа берілген иллюстрациялар сапасының артуын, техникалық көркемделуі жағынан әлдеқайда жоғары екендігін ұстаздар қауымынан жиі естіп жүрміз.
Бүгінде оқулықтану және кітап басып шығару саласында біршама сапалы ілгерілеу болуда: сарапшылар жұмысын ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілді; оқу әдебиеттерін әзірлеу процесін әдістемелік және әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері қайта қарастырылып, өзектендірілді, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеудің белгілі бір жүйесі, оқулықтанудың отандық мектебі қалыптасты, оқулық әзірлеушілерге талаптар бекітілді; оқулық әзірлеу үшін бәсекелі орта қалыптасты; білім беру ұйымдары әр пән бойынша бірнеше баламалы оқулыққа дейін таңдау мүмкіндігіне ие болды; оқу әдебиеттерін әзірлеу, сараптама жасау, сынақтан өткізу және мониторинг жасау жұмыстарын ұйымдастырудың тәртібі анықталды.
Бүгінде сын пікірлердің толастамауының басты себебі оқулық жазудың қиындығынан болар. Себебі оқулық жазу бір күннің немесе екі-үш айдың жұмысы емес. Оқулық жазуды басынан өткерген академик А. Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивті ұшақ жасап шығарумен теңеген екен. Ендеше, оқулық жазу – ол үнемі үздіксіз жетілдіруді, дамытуды қажет ететін процесс.
– Жалпы, оқулықтар оқушының алдына жеткенге дейін қалай әзірленіп, қандай кезеңдерден өтеді?
– Жаңа атап өткенімдей, оқулықтарды әзірлеу мақсатында әр пән бойынша авторлық ұжым қалыптасады. Бүгінде авторлар ұжымының құрамында ғалыммен бірге міндетті түрде мектеп мұғалімінің, әдіскер маманның болуы қадағаланады. Себебі ғалым сол пән бойынша оқулықтың тұжырымдамасын анықтап, ғылыми жағын негіздесе, әдіскер маман оқулықта берілген оқу материалының жаңа педагогикалық технологиялардың тиімді енгізілуіне, тәжірибелі мұғалім сол материалдардың оқушылардың жас ерекшелігіне, қабылдау мүмкіндігіне сай қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Қазір оқу әдебиеттері сараптаманың бірнеше кезеңінен өтеді. Әзірленген оқулық макеті мемлекеттік сараптамаға келгенге дейін баспалардың өз ішінен құрылған оқулық мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына, оқу бағдарламасына сәйкестілігін анықтайтын концептуалды топтан, оқулықтың сыртқы, ішкі безендірілуін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестілігін бақылайтын арнайы топтан өткізіледі. Ал мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Біз өз кезегімізде үш сарапшыдан құрылған сарапшылар комиссиясын ұйымдастырамыз. Яғни оқулықтың ғылыми аппаратын қарастыратын сол саланың жетекші ғалымы, әдіскер және тәжірибелі мектеп мұғалімі оқулықтарға сараптама жасайды. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған оқулықтар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, мемлекеттік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарынан, педагогикалық және ғылыми қоғамдастықтың өкілдерінен қалыптасқан ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған республикалық комиссияның қарауына ұсынылады. Республикалық комиссияның ұсыныстары негізінде білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің тізбесі қалыптастырылып, бекітіледі.
Жыл сайын жүргізілетін сараптама нәтижелеріне жүргізілген сапалық талдау әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сапасының жақсарғанын көрсетіп отыр. Мысалы, 2011 жылы сараптамаға келіп түскен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің 68,7%-ы білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылса, 2012 жылы 67,5%-ы ұсынылды. Өткен жылы республикалық комиссияның қарауына ұсынылған 1901 оқу әдебиетінің 79-ы сараптамадан өтпесе, биылғы жылғы республикалық комиссияның қарауына ұсынылған 1109 оқу әдебиетінің 97-сі өтпеді.
Сонымен бірге оқулықтар сапасын талқылау үшін қоғамның белсенді мүшелері қазақстандық білім порталында және министрліктің сайтында блогтар құрды. Қоғамның пікірлері сараптама жұмыстарын өткізуде және оқулықтарды өңдеуде ескеріледі.
– Жаңа сіз оқулықтың сапалы болуы үшін сараптаманы ғалым, әдіскер және жоғары білікті мұғалім жүргізеді деп қалдыңыз. Сіздер сараптамаға сарапшыларды қалай тартасыздар?
– Оқулықтарға сараптама жасайтын сарапшылардың деректер базасы өңірлік, Астана және Алматы қалалық білім басқармаларының, жоғары оқу орындарының ұсыныстары негізінде оларға қойылған талаптарға сәйкес қалыптастырылады.
Бүгінгі күнде «Оқулық» орталығында сарапшылар базасы қалыптастырылған. Аталған сарапшылар базасында 1000-ға жуық жоғары және бірінші санаттағы мектеп мұғалімі мен әдіскер, 200-ден астам колледж, 1500-ден астам жоғары оқу орындарының оқытушылары жөнінде ақпарат жинақталған. Сонымен бірге сарапшыларға қойылатын біліктілік талаптары бекітілді.
Оқу әдебиеттерін сараптамадан өткізетін сарапшыларды іріктеу барысында оқу басылымының ерекшеліктерін есепке ала отырып, педагогтің кәсіби қызметінің тәжірибесі қатаң ескеріледі. Оқулық сараптамасы шешімнің дұрыстығына күмән туындаған жағдайда сарапшы сараптама жұмысына қайта тартылмайды. Жақын арада сарапшыларды теориялық тұрғыда арнайы оқытып, біліктіліктерін арттыру мақсатында оқулықтарды әзірлеу және басып шығару жөніндегі халықаралық қауымдастыққа мүше болып кірдік. Аталған қауымдастыққа мүше болу халықаралық талаптарға сай оқулық авторлары мен оқулыққа сараптама жасайтын сарапшылардың біліктілігін көтеруге, олардың оқулықтар әзірлеу мен басып шығарудағы әлемдік тәжірибелермен танысуына және авторлармен оқулық тұжырымдамасымен, оқу материалдарының мазмұнымен жұмыс істеуге, сарапшылардың ғылыми-әдістемелік дайындығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін болады. Осының негізінде сапалы оқулықтар әзірленіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын ұлттық сипаттағы оқулықтарымызды жетілдіретін боламыз.
– Кезінде оқушыларымыз бір пән бойынша бір оқулықпен оқыды. Қазіргі уақытта бір пән бойынша бірнеше баспаның оқулықтары жарыққа шығуда. Бұл үрдіс қандай қажеттіліктен туындап отыр?
– Сұрағыңыз орынды. Бүгінде оқулықтардың сапасын арттыру және бәсекелі ортаны қалыптастыру мақсатында оқу процесінде білім беру саласындағы уәкілетті органмен бекітілген бірыңғай стандарттар мен бағдарламаларға сәйкес әзірленетін баламалы оқулықтар пайдаланылуда.Бұл – дамыған елдердің оқу процесінде бар үрдіс. Мысалы, әрбір пән бойынша бірнеше балама оқулыққа дейін пайдалануға рұқсат етіледі. Ал оқу әдебиеттерін таңдау құқығы – білім беру ұйымдарының еркінде.
Оқу процесіне баламалы оқулықтарды енгізу оқулықтардың сапасын арттыруға жағдай жасап, бәсекелі ортаның қалыптасуына, жаңа педагогикалық технологиялардың енгізілуіне, оқушылардың жас ерекшелігіне сай оқу материалдарының қолжетімділігіне мүмкіндік береді. Сондықтан да білім беру ұйымдары, мектеп мұғалімдері өздеріне оқу мазмұны ұнаған, тиімді әдістеме арқылы берілген оқу әдебиетін таңдауға құқылы.
– Осы жерде бір мәселеге тоқталсақ. Ағымдағы оқу жылында оқулықтардың жетіспеушілігі мәселесі жиі көтерілуде. Жалпы мектеп оқушыларының оқулықпен толық қамтамасыз етілмеуінің себебі неде?
– 2011 жылға дейін жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу әдебиеттерін сатып алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің №173 «Бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiн оқулықтармен қамтамасыз ету ережесiн бекiту туралы» қаулысына сәйкес қамтамасыз етілді. Осы қаулыға сәйкес, оқулықтармен оқушылардың шектеулі контингенті, яғни: интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушiлерi; жетiм балалар; мүгедек балалар және көпбалалы отбасыларының балалары қамтамасыз етіліп келді.
Бүгінде, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мектеп оқушылары оқулықтармен тегін қамтамасыз етілуде.
Жыл сайын білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілетін білім беру ұйымдарына пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендердің тізбесіне сәйкес, өңірдегі білім басқармаларымен оқу әдебиеттеріне тапсырыс беріледі.
Білім беру ұйымдарын оқу әдебиетімен қамтамасыз ету қажетті аталым санын, оқыту тілін, оқулық санын жергілікті атқарушы органдар анықтап, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Оқулықтарды жетілдіріп отыру мақсатында төрт жыл сайын мектеп оқулықтары қайта басылып шығады. Яғни оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету бір жылда 1-11 сыныптардың оқулықтарымен түгелдей емес, әр сынып бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мысалы, өткен 2012-2013 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 1, 7 және 8-сыныптарына арналған оқулықтар қайтадан басылып шықса, биылғы оқу жылында 2, 9-сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығарылды. Қазір көп жағдайда оқулықтардың жетіспеушілігі оқушылар контингентінің көбеюіне немесе азаюына өз деңгейінде талдау жасамай, оқулықтарға тапсырыс беріп отырған білім беру ұйымдарында орын алуда. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткілікті деңгейде қаржының бөлінбеуінен дер едім.
– Баспасөз беттерінде Қазақстан тарихы пәнінің оқулықтары бойынша көптеген сын-пікір айтылуда. Мысалы, әр оқулықтағы тарихи даталардың, оқиғалардың берілуі әртүрлі. Қазақстан тарихына арналған оқулықтардың бірінде Аңырақай шайқасы 1729 жылы болды десе, екіншісінде 1730 жылы өтті» дейді. Бұл оқулық авторларының жауапсыздығы ма, әлде техникалық қателік пе?
– «Қазақстан тарихы» оқулықтарында белгілі бір тарихи оқиғалардың болған кезеңдері, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың туған жылдары туралы әртүрлі деректердің кездесіп жатқаны рас. Бұл мәселе тек Аңырақай шайқасына ғана қатысты емес. Бұдан да басқа мысалдар келтіруге болады. Оларды техникалық қате деп қарай алмаймыз. Қазіргі кезде сарапшылар орфографиялық, стилистикалық қателерге өте мұқият қарайды. Ондай қателіктер кездесіп жатса, оқулық қайта өңдеуге жіберіледі. Оларды оқулық авторларының жауапсыздығынан деуге де болмайды. Бұл жалпы тарих ғылымының мәселесі болып отыр. Кейбір тарихи оқиғалар, даталар әлі де болса зерттеуді, нақтылауды қажет етеді.
Бүгінгі күнде оқулықта кеткен қайшылықтар кейбір беріліп жүрген даталарға, тарихи оқиғаларға қатысты мәселелер бойынша тарихшы ғалымдармен нақты жұмыстар жүргізілуде.
Мектепке арналған тарих оқулықтарын әр жылдары елімізге танымал белгілі ғалым-тарихшылар әзірледі. Атап айтсақ, М.Қозыбаев, К.Нүрпейіс, Ж.Қасымбаев, Х.Әбжанов, З. Қабылдинов тағы басқа Қазақстандағы тарих ғылымын дамытуға үлес қосқан белгілі тарихшы ғалымдар.
Тағы бір мәселе туралы айта кеткім келіп отыр. Қазіргі кезде кейбір тарихшылар өздерінің туған өңірлеріне қатысты тарихи оқиғаларды зерттеп, соларға байланысты қалыптасып қалған тарихи білімдерді қате деп, олардан бөлек тың деректер ұсынуда. Сол деректерді мектеп оқулықтарына енгізуді талап етушілер де баршылық. Мысалы, белгілі бір тарихшы ағамыз Қазақстан тарихы оқулықтарында Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліске қатысты көптеген қателік жіберілген деп бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, мақалалар жариялады. Бұл тарихшы ағамыздың «Қазақтан тарихы» оқулығына деген жанашырлығын біз, әрине, құптаймыз. Дегенмен ол кісімен толық келісе алмаймыз. Себебі жаңа материалдарды оқулық мазмұнына енгізу үшін оларды жан-жақты сынақтан өткізу керек. Ондай жаңа ғылыми көзқарастармен, пікірлермен академиялық қауымдастық танысып, талдауы және қабылдауы керек. Олар бірнеше рет сүзгіден өтуі тиіс. Ақиқаттығы дәлелденуі керек. Тек сол жағдайда ғана олар оқулық мазмұнына енуі тиіс. Бұл – педагогикадағы орта білім мазмұнын іріктеуге қатысты басты қағидалардың бірі. Ертең басқа бір ғалым «мен мынадай жаңалықтар аштым» десе және олардың барлығын оқулыққа енгізе берсек не болады?
Жалпы, тарихты білу дегеніміз – тек даталарды білу емес, тарихи оқиғалардың саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени тағы да басқа себептерін, олардың еліміздің дамуына тигізген әсерлерін түсіну.
Жалпы, оқулықтарымыз ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейтетін, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруда өзіне тиесілі міндетті атқаратындай болуы тиіс деп ойлаймыз.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!
Сөз сарасы
Оқулықтарды жетілдіріп отыру мақсатында төрт жыл сайын мектеп оқулықтары қайта басылып шығады. Яғни оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету бір жылда 1-11 сыныптардың оқулықтарымен түгелдей емес, әр сынып бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мысалы, өткен 2012-2013 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 1, 7 және 8-сыныптарына арналған оқулықтар қайтадан басылып шықса, биылғы оқу жылына 2, 9-сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығарылды. Қазір көп жағдайда оқулықтардың жетіспеушілігі оқушылар контингентінің көбеюіне немесе азаюына өз деңгейінде талдау жасамай, оқулықтарға тапсырыс беріп отырған білім беру ұйымдарында орын алуда. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткілікті деңгейде қаржының бөлінбеуінен дер едім.
Автор: Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ