Тәуелсіздік алғалы қазақ даласында мыңғырған мал айдаған байлар көбейді. Өндіріс ошақтарының тізгінін ұстаған, алыпсатарлықпен тіршілікті ұршықша иірген, тырбанып жүріп тыңайған, астына мінген арғымағын тебініп жүріп теңге жиған ауқаттылар легі аз емес. Бірақ сол қалталыларымыз байыған сайын жылауық болып бара жатқан жоқ па? «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмайық. Десек те, қазір бізде ХIX ғасырдың аяғы, XX басындағыдай «сен тұр, мен атайын» дейтін ұлт зиялылары неге жоқ? Бұл ғасырда алтын құрсақты аналарымыз саясат сахнасының үш бәйтерегі – Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстарды, Жүсіпбек пен Мұхтардай ұлдарды, Әлімхан Ермековтей оғландарды неге дүниеге әкеле алмай отыр? Бәлкім, бізде ұлттық буржуазия қалыптаспай отырған болар. Мәселенің тігісін жазып көрелікші…
Қалтырау
«Ағайының бай болса, шайнағаның май болар» дейді қазақ. Ағайынымыздың бай екені рас, десек те аузымыз әлі де шылқа майға тие қойған жоқ. Неге? «Қазақ қателесті» дейін десек, бізге қарап «жыланға түк біткен сайын қалтырауық болады» деген бабаларымыздың сөзі күліп тұрады. Мұның соңы неге апарады? Қазір «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» («А» әрпін бас әріппен жазуға да болады) деп, Қасым жырына еліткен жастарымыз аз емес. Олардың бір бөлігі жасы ордабұзар 30-ды ораса да, отағасы һәм отиесі бола алмай жүр. Енді бір парасы алып шаһарларда екіден-үштен бөбектерін ертіп, пәтер жалдап, «пәтерқұл» күй кешуде. Бір қауым жеткіншектер қос-қостан дипломын арқалап, арбакешке айналған. Ұлттың жыртығын жамайды деген бір оғландарымыз базар жағалап, енді біреулері Сейфуллин сынды қазақ зиялысы атындағы көшені сағалап күн көруде. «Кіреді итке» (кредит) күн көрген, «кіреді итпен» үй алған, «кіреді итпен» үйленген мыңдаған жастар елдің жоғын жоқтайды, елдің мұңын шертеді деп айта аламыз ба? Осындай қалтырап жүріп кіріптар күн кешкен жеткіншек қазақ руханиятына, қазақ саясатының кемелденуіне, қазақ экономикасының қарқындауына үлес қоса алмақ па? Кей кездері «жастар саясаты» дегенді концерт қоюмен таразылап жатамыз. Бұдан басқа жол қарастырып көрелікші… Мысалы…
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Алаған қолым береген
Мысалы, біз Мұхтар Әуезов ең алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Кебек образын сомдаған, алаған қолы береген Аймағамбетов Ақкенже бабамызды жақсы білеміз. Ол 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық Қазақ комитетінің жұмысына қаржылай жәрдем беріп тұрған. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болып, кейіннен аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектескен. Бұл – бір. Екіншіден, «Қазақ» газетінің демеушісі болған Хасен Ақайұлының ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Үшіншіден, «Алаш орда» үкіметінің бас Атымтай жомарты Ике Әділевті еске алыңызшы. Төртіншіден, Алаш партиясынан қаржысын аямаған Ахмет Ишанның жомарттығы жайлы аңызға бергісіз ақиқатты қалай ұмытасыз? Қазақтың «Джон Рокфеллер», «Билл Гейтсіне» айналған, мұндай игілікті, игі істі қолдаған байларымыздың тізімін тағы да тізе беруге болады. Мәселен, 11 мың жылқы айдаған Қаражан (Үкібаев) – бай. Ол 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамалғанда кепілдікке 2500 рубль төлеп, босатып алған. 1918 жылы Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналының шығынын өз мойнына алған. Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде 1000 жылқыны сыйға тартқан Паң Нұрмұхамбет те алаштықтар десе, ішкен асын жерге қойып, қол ұшын созған деседі. Көкшетаулық Айбасов, Бимұрзин, Мәкенов сынды байлар жайлы да игілікті мысалдар келтіруге болады. Жаһанша Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда Медеу бай (Оразбайұлы) он құлынды бие байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір қой сойып, Алаш зиялысының қамын ойлапты-мыс. Сонымен қатар, елде мектеп ашу ісінде бел сыбана күрескен Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балаларының ұлтқа жасаған жақсылығы ұмытылмақ емес. Қош!
Не істемек керек?
Бұл – өткен ғасырдың әңгімесі. Кеңестік кезеңде осы байларымызға «феодал», яғни «қанаушы» деген көзқараспен қарап келдік. Ал бұл мысалдар шындығында, ол кезде ұлттық буржуазиямыздың қалыптасқанын көрсетеді. Біз ұлттық буржуазия кез келген мемлекеттің тірегі, іргетасы екенін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ал қазір ше? Ұлттық буржуазиямыз қалыптасып отыр ма?
Сіз не дейсіз?
Бізде ұлттық буржуазия қалыптасқан жоқ
Дәурен Бабамұратов, Республикалық «Болашақ» жастар қозғалысының лидері:
– Біздің ұлттық буржуазиямыз қалыптасса, ұлттық бағытта жұмыс жасауға дайын тұрған ұйымдарды қаржыландыруы керек еді. Бірақ қазір біздегі қаншама жастардың идеясы бастама ретінде ғана қалып отыр. Себебі қазақтың бизнесмендері, қазақтың кәсіпкерлері оларды тұрақты түрде қаржыландыруға дайын емес. Елімізде байлар, ауқаттылар жоқ деп айта алмаймыз. Олар, меніңше, ұлттың ертеңіне, өздерінің болашағына алаңдап отырған жоқ. Қазақ байларының байлығын тек ұлттық буржуазия ғана сақтап қала алады. Байларымыз осыны түсінбей, бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп жатыр. Екінші бір қырынан алып қарасақ, біздегі ең ауқатты азаматтардың біразы – сырттан келгендер. Олар үшін қазақтың ұлттық буржуазиясының қалыптасқаны керек емес. Өйткені олар өздерінің болашағын Қазақстанмен байланыстырмайды. Мен бүгінде біздің мықты-мықты бизнесмендеріміз Еуропадағы, Израильдегі, Ресейдегі, АҚШ-тағы жобаларға ақша құйып жатыр десе, таңғалмаймын. Олардың бұл қадамының себебі неде? Олар өздерінің капиталының ертеңін сол елдермен байланыстырады деген сөз. Демек, байшыкештерге біздің елдің тұрақтылығынан сол елдердің тұрақты дамуы қымбат. Егер де бұл байларға біздің елдің қоғамдық санасының жаңғыруы, дамуы қажет болатын болса, міндетті түрде ұлттық буржуазиямыздың қалыптасуына күш салар еді. Ұлттық бағыттағы мемлекетшіл саяси ұйымдарға қолұшын берер еді. Осының салдарынан бүгінде елдегі қоғамдық ұйымдар мемлекет тарапынан немесе шетелдік күштердің қолдауымен қаржыландырылып отыр. Елдегі ауқаттылар немесе ұлттық элитадан қаржы алып отырғандар некен-саяқ. Енді алаштықтардың мысалына келейік. Егер де өткен ғасырда қазақ элитасы, қазақ байлары алаштықтарға көмектеспегенде, осы күнгі ұлттық потенциалымызды, ұлттық түсінігімізді сақтап қалуымыздың өзі мүмкін емес еді. Себебі, сол кезде «Айқап», «Қазақ» секілді газеттерді қазақтың байлары қаржыландырып отырды. Алаш зиялыларының ел аралап, миссионерлік жұмыспен айналысуына да қазақ байларының септігі тиді. Сондықтан да сол кездегі интеллигенцияның қалыптасуын осы ұлттық буржуазиямен сабақтастыра зерттеуіміз керек. Ол дәуірдің байлары қазақ балаларының оқуына, елге қызмет етуіне мүмкіндік туғызды. Олардың ата-анасын, туған-туысын жергілікті байлар асыраған. Бұл орайда бізде қазір ұлттық компаниялар ұлттық буржуазияның миссиясын атқаруы қажет сияқты. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік жобаларды ұлттық компанияларға міндеттеп, ұлттық идеяға қызмет етуге бағыттаған жөн деп ойлаймын.
Компрадор буржуазия ұлттық буржуазияға айналуы керек еді
Сайполла Сапанов, саясаттанушы:
– Кеңестік кезеңнің идеологиясы салдарынан ұлттық буржуазия ұғымына дұрыс түсінік қалыптастыра алмай келеміз. Қазірдің өзінде кейде бұл ұғымның жағымсыз көзқарас туғызуының себебі осында жатыр. Десек те, бүгінгі қоғамның даму қарқынына қарап отырсаңыз, «ұлттық буржуазия» деген терминнің кең қолданылуына дайын екенімізді аңғаруға болады. Бірақ буржуазиямызды толық қалыптасып болды деуге әлі де ертерек секілді. Керісінше, Тәуелсіздік алғалы компрадорлық буржуазия қалыптасқан сияқты. Себебі қазір бізде компрадорлық буржуазияның өкілдері бар деп ойлаймын. Меніңше, олар белгілі бір дәрежеде саяси мәселелерге өз ықпалын тигізе алып отыр. Негізінен, компрадорлық буржуазия деп ұлттық нарық пен шетелдік капитал арасындағы делдалдық қызметпен байығандарды айтамыз. Ештеңе өндірмесе де, осы буын, осы компрадорлық буржуазия ұлттық буржуазия деңгейіне көтерілуі керек еді. Бүкіл өркениетті елдерде ұлттық буржуазия мемлекеттік идеяға айтарлықтай септеседі. Бірақ біздің буржуазиямыз сондай дәрежедегі санаға жете алмай отыр. Оның себебін орта тап қалыптаспағанынан іздеу керек деп білемін.
Сөз соңы
Айтыс өтеді. Оның санаулы демеушілері бар. Осындай бірлі-жарым байқауларға, аламан жарыстарға қаржылай көмек көрсететін байларды жер- көкке сыйғызбай, жарнамалап жатамыз. Мешіт салғандарға да қызыға қараймыз. Бірақ қазақ жастарының болашағы, білім алуы, азамат болып қалыптасуы бағытында кешенді жобалар жоқтың қасы. Сондықтан да жер- жерлерде салынып жатқан мешіттерді, әлеуметтік көмектерді ұлттық буржуазия деңгейінде істелген іс деп айтуға ерте. Олай деу үшін біздегі байлар еліміздегі талантты, талапты жастардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың мемлекетке қызмет етуіне септескені жөн. Яғни бізге 30-ға толмай орда бұзған Шоқан, Сұлтанмахмұт, Саттар сынды оғландарымыздың шырағын жағатын ұлттық буржуазия керек. Бар айтпағымыз – осы.
Бір үзік ой
Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде Смағұл Сәдуақасов артынан ақша жіберіп отырған. Әуезов досына жазған хатында осы мәселені жіліктей келе, «Қилы заман» сынды бірқатар шығармалар жазып тастағанын айтады. Егер де Смағұл Мұхтарға қол ұшын созбағанда классикалық «Қилы заман» повесі өмірге келер ме еді? Осы бір кішкентай ғана мысал бізді ауыр ойларға жетелейді. Бүгінде мемлекеттік, ұлттық саясатта жастарымыздың арындап көрінбеуінің себебі ұлттық буржуазияның қалыптаспағандығынан емес пе екен? Ойланайықшы…
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
http://alashainasy.kz/main/40048/