АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық киімді Ұлық мерекеде ғана іздейміз…

Астана. 14 сәуір. Baq.kz — «Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асты. Сонда да біздің қазақтың ұлттық санасы әлі де шырт ұйқыда жатыр-ау деймін. Мысалы қайсысыңның үйіңде ұлттық киім бар. Мереке-мейрамда, әсіресе Наурызда ғана шарқ ұрып іздейтіндерің өтірік емес қой» деді таяуда театрда істейтін бір досым.

Ойланып қалдым. Қарап отырсақ шынымен де солай. Тәуелсіз елміз деп мақтанып, азатпыз деп қанша алақайласақ та сол тәуелсіздіктің төл атрибуты — ұлттық киім кез-келген қазақтың төрінде ілулі тұр деп айта алмайсыз. Тағы да актер досымның әңгімесі. «Наурыз мерекесі қарсаңында театрдың іші қарбалас боп кетті. Біреу кіріп, екіншісі шығып жатыр. Қорапқа, пакетке салынған тақия, қазақы шапан, қамзол, бүрмелі көйлектер әркімнің қолында кетіп барады. Ішім удай ашыды. Апырай бұлар театрдың мүлкі емес пе еді?! Қойылымдарда ғана киілетін костюмдерді бөгде біреулерге прокатқа беретіндей басымызға не күн туды?!» дейді досым. «Алаш айнасының» тілшісі осы мәселе бойынша қоғамға ой салмақ болып, қолына қалам алған еді.

Расында да ұлттық киім іздеу «науқаны» тек театрмен шектелмейді. Бұл күні киім іздеушілер халық шығармашылығы орталығын, мәдениет үйлерін, филармонияны, саз мектептерін бір сүзіп шығады. Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан ұлт-аспаптар оркестрінің мүшесі Нұржан есімді бауырымыз ішкі қыжылын былайша жеткізді. «Ұлық мерекеде ұлттық киім сұрап бірнеше адам хабарласты. Бермеймін деп кесіп айттым. Өйткені менің киімім тек менің дене тұрқыма лайықталып арнайы тігілген. Әрі біреу киген киімді кейін қалай кимекпін. Мүмкін ол адамның бойында бір дерті бар шығар. Қалай болғанда да тазалық, денсаулық мәселесі басты орында» дейді Нұржан. Бұл пікірді дәрігерлер де құптап отыр.

Рахила АМАНОВА, дәрігер-дерматолог:

–Нұржанның айтуы дұрыс, қаупі де орынды. Негізі киіміңді ешкімге беруге болмайды. Себебі сен оның, ал ол сенің физиологиялық, дерматологиялық жағдайыңды білмейді. Өкінішке қарай қазіргі жастар мұны ескере бермейді. «Мынауың «модный» екен, бере тұршы, бір кешке киіп барып келейін» деп киіп кетіп, артынан дәрігер көмегіне жүгінетіндер қаншама. Бөгде адамның киімін кигеннен пайда болатын қышыма, экзема, теміреткі және басқа да тері аурулары бар. Сондықтан ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын білген абзал.

Тәуелсіз елміз деп бөркімізді аспанға қанша атсақ та ұлттық рухымыз әлі оянбай жатыр. Бұған оралдық сәнгерлермен сөйлескен кезде тағы көзіміз жетті. «Ұлттық киімге тапсырыс беретіндердің дені өнер адамдары. Қалың көпшілік оған құлықсыздау. Жалпы бізде ұлттық киімді тек әртістер киеді деген түсінік қалыптасқан. Осыған қынжыласың. Тіпті көшеде қазақы шапан, қамзол киіп жүрген адамдарға жатпланеталықтар секілді үрке қарайтындарды көріп жүрміз. Мұндай психологияны түбірімен өзгертіп, ұлттық киім культын қалыптастыруымыз керек » дейді сәнгерлер.

Хош, сонымен әр қазақ отбасының төрінде ұлттық киім ілулі тұруына, тек ілулі тұруына ғана емес, сол киімді күнделікті киіп жүруіне кім кедергі? Ұлттық киім іздеп, өзге ұлт өкілдеріне күлкі болып қашанғы театр, филармония жағалап жүрмекпіз? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Түйін: Тәуелсіздіктің таңсәрісінде Оралда казактар бас көтерді. Жайық бойына келіп қоныс тепкенімізге пәленбай жыл толғанын тойлаймыз деп даурықты. Әрине, Жайық атам заманнан қазақтікі екендігінде дау жоқ еді. Айтпағымыз бұл емес. Айтайын дегеніміз сол тұста оралдық казактар шинельдерін жамылып, сеңсең бөріктерін киіп, айқыш- ұйқыш қылыштарын асынып шыға келді. Дербес ұлт болып табылмайтын, сословиеге жататын казактардың сандығында қазір де сол киімдер жатқаны айдан анық. Олай болса ұлттық рухымызды оятпасақ өз үйімізді өзгелер билеп кетуі әбден кәдік.

Автор: Тоқтар Кенжеғалиев, Орал

 

http://baq.kz/kk/news/45802