АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық қор–болашақтың ақшасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдер, сондай-ақ оның активтерін орналастыру бағыттары қаралды.


Мемлекет басшысы бүгінде еліміз­дің экономикалық саясатындағы ұзақ мерзімдегі перспективаға арналған Ұлт­тық қордың одан арғы рөлі мен орнын нақты айқындау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ұлттық қор, бұл – болашақ ұрпақтың ақшасы, соған байланысты оның тек ең айрықша жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін екенін атап көрсетті. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы мәселелерді шешудің көзі ретінде қа­растырмауды, ал оның орнына тиімсіз бюджет шығысын қысқарту, қаржы тәртібін күшейту, сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес жүргізу және салық салынатын базаны арттыру қажеттігін қадап айтты.

Мемлекет басшысы отырыс ба­рысында маңызды мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгеніне тоқ­талды.
– Біріншіден, Үкімет Ұлттық банк­пен бірлесіп 1 маусымға дейін қаржы-кредит қатынастарының жаңа жүйесі аясында Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген шарасы есебінен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі толық есеп жөнінде бір­лескен ұсыныстар енгізсін. Екіншіден, Ұлттық қордың республикалық бюд­жет­ке мақсатты трансферттер бөлу бөлімінде ұсынылған өзгерістер мақұл­дансын. Бұл ретте мен Үкіметке өзге мүмкін­діктерді мейлінше пайдалану туралы тапсырма беремін. Ұлт­тық қор тек егер стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржылан­ды­рудың басқа көздері болмаған жағдайда ғана пайдаланылуы тиіс. Сондықтан бірінші кезеңде жоба, оның техни­калық-экономикалық негізі әзірленіп, сондай-ақ қаражат қайтары­мы есептеліп болғаннан кейін ғана біз аса маңызды автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін қаржы бөлетін боламыз. Белсенді талқыланып жатқан тағы бір мәселе – Ұлттық қордың екінші деңгейдегі банктерді қорландыру үшін қаражат бөлуі. Мен бұған үзілді-кесілді тыйым саламын, бұл мәселе жөнінде нақты шешім қабылданды. Екінші деңгейдегі банктерде қаражат тарту үшін көптеген түрлі мүмкіндік және құралдар, сон­дай-ақ өзге де резервтер бар. Және оларды пайдалану керек, біреу тегін ақша бе­реді деп сенбеу керек. Жұмыс жүргізіп, бәсекеге түсу қажет,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз тілшімізден

http://www.aikyn.kz