АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық мүддені темірқазық еткендер ғана көсемге айналады

d9ac3d1fb76695b1f79a0d53b0fb231d«Ертеңін ойламағанның тірлігі зая, елін ойламағанның ерлігі зая…» Бұл – біздің емес, атам қазақтың ғасырлар сүзгісінен өткен қасиетті сөзі. Содан болар, ел басына күн туғанда әр ерлігін зая етпейтін, «егеулі найза қолға алатын», «еңку-еңку жер шалатын» бір оғланның туарына бек сенген халықпыз… Өткен тарихтың сартап беттерін ақтарсаңыз болды, қысылтаяң уақытта халқын ақылымен, батырлығымен, көрегендігімен қорғаған я бірауыз сөзімен әлі де ұлтының намысын жанып жүрген көсемдеріміздің өнегелі ісі көз алдыңызда кестелене береді. Сол әдемі кестенің алтын жібін иірген уақыт тек біздің ғана емес, күллі әлемге белгілі ұлт көсемдерінің атқарған ісін таразылап жатады… Бүгінге дейін сол өлшем таразысы бізге нені ұқтырды? Кезекті мәселеміз осы сұраққа жауап беруден басталсын.

 

Тақырыпқа орай …деген екен…

Мұстафа Кемал АТА ТҮРІК: 

– Мәңгі империя болмайды. Ерте ме, кеш пе, Кеңес Одағы құлайды. Оның қол астындағы түрік респуб­ликалары тәуелсіздік алады. Біз олардан өтініш түсуін күтіп отырмай,  бауырластарға көмек қолын созуға да­­йын болуымыз керек.

    (1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойында айтқаны)

 

Ұлтын ту еткендер ғана көсем болады

Тарих – безбен. Ол әр көшбасшының ұл­­тына еткен еңбегінің салмағын екшеп бере алады. Таразының бір басына ұлт көсемін, бір басына ұлтын қойып без­бендеп, өлшеп көру қажет секілді. Екі жақ­тың салмағы тең түскенде ғана тұлғаның атауы ұлттың брендіне айналады. Мәсе­лен, Мұстафа Кемал Ата Түрік түріктің ата­сына қалай айналды? Ататегі үнділік (кей­бір деректерде қытайлық) бола тұра, ма­лай ұлтының көшін бастаған Махатхир бин Мохамад ше? Қарулы отарлаушы ел­мен бейбіт жолмен қарсыласудың теория­сы мен тактикасын белгілеген Махатма Ган­ди де тек өз ұлтының жоғын жоқтап, мұ­ңын мұңдады емес пе?.. 1618-1648 жыл­дардағы  отыз жылдық ойраннан кейін 300-дей ұсақ князьдіктерге бөлініп кеткен Германияны Герман империясы еткен (1870-1871 жылдардан соң) Бисмарк бо­ла­­тын. Оны қойыңызшы, Бисмарктан кейінгі ұлы герман саясаткері атанған Конрад Аденауэр мен «неміс эконо­микасы кереметінің» авторы атағына ие болған Людвиг Эрхардтың әр ісін әлем тамсанып айтып жүрген жоқ па? Мысалы, бүгінде даму қарқыны жөнінен екінші дүние- жүзілік соғыста жеңімпаз болған Ресей мен жеңілген Германияның қайсысының көші ілгері? Әрине, Людвиг Эрхардты туғызған неміс ұлтының… Саяси тұтқын ретінде 27 жыл алты ай алты күнін абақтыда өткерген Нельсон Манделаның саяси қайраткерлігі Оңтүстік Африка Республикасына деген көзқарасты түпкілікті өзгертіп берген жоқ па? Бұл тізімді өз биігін бағындырған Ва­лен­са, Тэтчер, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю, Рей­ган, Рузвельт, Уинстон Леонард Спенсер-Чер­чилль  секілді тұлғалармен толықтыра беру­ге болады. Осы аталған тұлғалардың бәрі де өз ұлтын сүйгені, өз ұлтының арба­сын өрге сүйрегені, өз халқының «табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деген түсінікпен өмір сүргені анық. Сол ерлігіне сүйсінген ел өз оғланының дәрежесін асқақтатып, әлемдік деңгейдегі бірегей тұлғаға айналдырып жіберді.

Ұлтшылдық ұлтты құтқарады

Енді ақырын ойысып, өзімізге келсек… Өйткені әлемдік тәжірибеге қарап діндар­дың да (Аятолла Хаменей, Мартин Лю­тер ), жалаңаяқ кедейдің  де (Махатма Ган­ди) елдің болашақ жолын көрсететін бағ­даршамға айнала алатынын білеміз. Оларға тамсана қарап, «бізде де осындай көсемдер болғанда ғой» деп армандай­мыз. Асылында, ондай тұлғалар Алаш баласында аз ба еді? Кешегі Сабалақ деген атпен Төле бидің түйесін баққан Абылай ханның Алаш баласын бір тудың астына біріктіргені, одан ертерек ХVI ғасырдың 20-шы жылдарында сан руға бөлініп бара жатқан қазақты сақтап қалған Хақназар ханнның ерлігі, арғы тарихты ақтармай-ақ, кешегі алашордашылардың шекара­мыз­ды белгілеп беруі, дербес автономия алып, тә­уел­сіздікке ұмтылуы – бәрі-бәрі ел кө­сем­дерінің ынта-жігері арқылы жасалмады ма? Бірақ біз сол бір Әлихан мен Ахмет­тер­дің ерлігін жете түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Оған себеп «ұлтшыл­дық» деген сөзге тітіркене қарауымыз се­кіл­ді. Неге? Кеңестік кезеңде бұл сөз ең ауыр айыптау болып саналатын.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Ганди де, Черчилль де ұлтшыл. Тіпті қазір билік мақтайтын Ли Куан Ю де ұлт­шыл­дардың ұлтшылы. Одан несіне қорқа­мыз? Өкінішке қарай, «ұлтшылдық» ұғы­мын кезінде кеңестік империя өз саясатын қолдамайтындарды, ұлт-азаттық жолында күрескендерді езіп-жаншудың басты құ­ралы ретінде пайдаланған. 1986 жылдары бізді «махровый националист» деп айып­та­ды. Осындай кеңестік түсініктерге, кеңес­тік терминдерге байланып қалған ұғым­дар­дан тазарып алуымыз керек.

Саясаттанушы айтпақшы, шындығында да, осындай кеңестік түсініктерге, кеңестік тер­миндерге байланып қалған ұғымдар­дан тазаруымыз қажет. Бұл – бірінші мә­селе…

Бір өкініш…

Екінші мәселе, біздің көсемдер ара­сын­дағы ұстанымдардың аражігін ажырату керек. Мәселен, қысылтаяң кезеңде елін аман сақтап қалу үшін Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай – үшеуі үш саяси бағытты таңдады. Ақиқатына келсек, үшеуінің де жолы дұрыс. Тұрардың идеясы – қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде қазақты қорғап қалды. Әлиханның идеясы – бүгінгі Тәуелсіздіктің туы­ның желбіреуіне септігін ти­гізді. Мұс­та­­фа Шоқай­дың идея­сы – болашақ­та­ғы түр­кілердің интег­ра­­ция­сына бастама болары хақ. Екшеп көр­­сек, бұл үш бағыт та тек ұлт­ты сақтап қа­лу­­дың, же­ке ел, мем­ле­кет болу­дың қа­мы екенін байқай­сыз. Десе де, іште бір өкі­ніш бар. Ол өкі­ніш­ті мы­надай бір мысал ар­қылы түсіндіріп көрелік…

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Гер­мания­ны аяққа тік тұрғызған президент Аденауэр мен экономист Эрхард­ өз ара­сын­дағы идеялық қайшылықты ұлттық мем­лекетті сақтап қалу жолында жоя біл­ген еді. Ұлт­тық мүдде жолында оларға жас айыр­ма­шылығы да (Аденауэр өзінің ми­нистрінен 21 жас үлкен болды), діни көз­қа­расы да (Аденауэр католик, ал Эрхард протестант), флегматигі мен холериктігі де (Аденауэр флегматик және аз сөйлейтін, ал Эрхард хо­лерик және көпсөз­ді болатын) бөгет бола алмады. Екеуі бір жағадан бас шы­ғарып, бірі саясатты, екіншісі экономи­каны абсолюттендіру жолында жұмыс жа­сай берді. Бірі, яғни Аденауэр – автори­тар­лыққа, ал Эрхард демократизмге бүйрек бұр­са да, мемле­кет­тік мүдде олар­дың идея­сын бір а­р­наға тоғыстыр­ды. Егер де дәл осы мысал секілді Әли­хан, Мұстафа, Тұ­­рарлардың басы біріккенде не болар еді?.. Біз,  бәл­кім, қазір Жа­по­ния секілді ел­ге ай­налып, Орталық Азия­да үстемдік етіп тұрар ма едік?

 

Түйін

Қош! Біздің көсемдер армандаған Тә­уелсіздікке қол жеткізгенімізге ши­рек ғасырға таяп қалды. Тарихқа сү­йе­нейік, өмірден алайық, әйтеуір ел басына күн туғанда ұлтын сақтар бір Махамбеттің табылары, елдің ме­­рейін үстем етер бір ұлдың туары ак­сиомаға айналып кетіпті. Мұның се­бебін біздің ұлттың мемлекеттік са­насының қалыптасқаны­нан іздеу ке­рек секілді. Сол мемлекеттік сана әр­­дайым да Әлихан Бөкейханның: «Тірі болсам, хан баласында қазақ­тың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қыл­май қоймаймын» деген сөзімен ай­шықталып тұрса, арман не?

 

http://alashainasy.kz/politics/44758/