Мұхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасының авторы, ғалым-профессор
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8-наурыздағы қыз-келіншектермен болған жүздесуі барысында «Тәрбие көзі – халық педагогикасында» жатқанын айта келіп, ұрпаққа ұлттық негізде тәлім-тәрбие беру керектігін тапсырды. 1990 жылдардың басында еліміздің мектептері мен басқа білім мекемелерінде жас буын бойына ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр құндылықтарын қалыптастыруды мақсат еткен «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасы енгізілгені есімізде. Жер-жерде «Атамекен», «Сиқырлы қазан» бағыттары бойынша ойын-сауық сайыстары өтіп тұратын. Сіз осы жобаның авторысыз. Әуелі түсіндіре кетіңізші, халықтық педагогика мен этнопедагогиканың айырмасы бар ма?
– Әр халықтың сан ғасырлар бойы өне бойындағы барлық асыл қасиеттерін жас ұрпақ санасына сіңіруде жинақтаған тәжірибелері – халықтық педагогиканың бастауы болып табылады. Ғылымда оны «этнопедагогика» дейді. Этнопедагогика классикалық ғылыми педагогиканың тұтас бір саласы болса, халықтық педагогика зерттеу нысаны болып табылады. Терминді ғылыми айналымға енгізген чуваш ғалымы Г.Волков. Я.Коменскийдің «Чех дидактикасы», К.Ушинскийдің «Оқу мен тәрбиенің халықтық сипаты», Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» атты хрестоматиясы этнопедагогикалық мұра болып табылады. Әр халықтың педагогикалық ерекшеліктері және қазақ этнопедагогикасы бойынша одан кейін де мол еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. Олардың қатарында Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Н.Сарыбеков, Қ.Бөлеев, А.Айталы, М.Мырзахметов, С.Ғаббасов, Е.Сағындықов, З.Әбілова, Ә.Табылдиев, Ә.Садуақасұлы, С.Пірәлиев сынды көптеген ғалымдарды айта кетуге болады.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Серік Пірәлиевтың бастамасымен «Ұлттық тәрбие» журналы жарыққа шығып және оқу құралы шығарылды. Университет базасында тұрақты ғылыми семинар ұйымдастырылып тұрады.
Өзіңіз айтып кеткендей, елімізде 1990 жылдары халықтық педагогика саласы жан-жақты зерттеле бастады. Уақыт өте келе, аталмыш сала бойынша экологиялық, құқықтық, эстетикалық, имандылық, этнопедагогикалық-этнопсихологиялық, адамгершілік, ғылыми-әдіснамалық, тарихи-педагогикалық бірқатар ғылыми мектептер қалыптасты. Оқыту үдерісінде этнопедагогика элементтерін ендіруге бағытталған тәжірибелер жинақталды. Халықаралық және республика көлемінде ауқымды тәжірибе алмасу, ғылыми-практикалық конференция, форумдар мен семинар мәжілістер өткізілді. Қорыта айтқанда, ұлттық педагогика құндылықтарын оқу-тәрбие жүйесіне енгізудің эффективті бағыты қалыптасты.
– Демек, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдарламасын халықтық педагогиканың бір саласы деп қарастыруға болады ғой…
– Халқымыздың тәлім-тәрбиелік құндылықтарын Кеңес заманымен шектеуге болмайды. Тәрбие үдерісін қай жағынан алып қарасақ та ол саяси ықпалға ұшырамай қоймайды. Айталық, американдықтар «азаматтық қоғам» қалыптастыруда шебер болмағанымен, үндіс тайпаларының ұлттық дәстүрлерін сақтауда барша әлемге үлгі бола алмады. Ұлт тәрбиесі Мағжан Жұмабаев айтқандай, халық тағылымының тақтақ жолы болғандықтан, ол өзгертуге келмейді. Керісінше, Жапония, Корея, Қытай, Франция, Түркия, Финляндия, Ирландия, Колумбия, Куба, Египет, Германия, Иран, тағы басқа елдер ұлттық мемлекет жолында жүрсе де, ешкімнен кем өмір сүріп жатқан жоқ. Еуропа оқушылары арасында пән Олимпиадасы бойынша 1-орын алған Фин балалары үшін ата-бабасынан келе жатқан «Набигулла» эпосынан артық құнды дүние жоқ. Қытай елінде әлемнің ұлы философтарының қатарына жататын Конфуций ілімі бойынша оқушылар мемлекеттік емтихан тапсырады. Біздегі дәстүрлі «Абай оқулары» іс-шарасын да әлемдік деңгейге көтерудің уақыты келді.
Демек, әр халықтың сан ғасырлар бойы өне бойындағы барлық асыл қасиеттерін жас ұрпақ санасына сіңіруде жинақтаған тәжірибелері – халықтық педагогиканың қайнар көзі болып табылады. Ұлт педагогикасы мұхит тәрізді. Оны қамту мүмкін емес. Ал «Атамекен Ордасы» бағдарламасы мұхит бетіндегі желкен десек болады. Ұлт тағылымы тек оқу-тәрбие процесімен шектелмеуі керек. Қоғамдағы ірі оқиғалар, тарихи даталар мен мәдени шаралар, ұлттық рухани һәм материалдық дүниелері, ауыз әдебиеті мен әлеуметтік-экономикалық даму жолы оқу мен тәрбиенің қатысуымен мәнді әрі мазмұнды. Сондықтан «Атамекен Ордасы» бағдарламасы 1990 жылдар басындағы халық педагогикасының Әліппесі десек болады. Бағдарламаны енгізуге атсалысқан Б.Әуезова, Қ.Нағыманова, Г.Кәріпханқызы, Н.Еженханқызы, Қ.Өскембаева, Г.Хасенқызы, Б.Ахметова, С.Ғайнұшева, Б.Сейілханова, А.Жакенова, В.Сапарова, Б.Сүйеубаева, М.Маханов, Б.Жиенбаева, Н.Есбосынова, А.Көшербаев, К.Сексенбаева, Т.Секенқызы, Л.Аппазова, Қ.Таттыбаев, Г.Донбаева, Н.Сырғабаева, Р.Қыдырбайқызы, Т.Смағұлова, Б.Өтепбаев, М.Нұрханов, О.Нұрғалиева, Г.Мұхамеджанова, Е.Жақашев, Қ.Жылқыбаев сынды ұстаздарды мақтанышпен атап өткім келеді. Фариза Оңғарсынова, Сайраш Әбішқызы, Әмірхан Меңдеке, Әнуарбек Әуелбек, Ғалым Доскен, Бауыржан Омаров, Жолдасбек Дуанабай, Әкім Ысқақ, Алпысбай Шымырбаев, Сұлтан Қалиев сынды қаламы қуатты БАҚ өкілдері ақпараттық қолдау көрсетті. Бағдарламаның халыққа жетуіне үлкен үлес қосты.
– Қазіргі күні бұл бағдарлама жұмыс істей ме? Білім ошақтарында этнопедагогика тәжірибелерін ендіру қандай деңгейде жүріп жатыр?
– Негізінен ауылдық және қазақ тілінде білім беретін шетелдегі мектептерде тәрбие жұмысының әдістемесі ретінде әлі күнге қолданыста бар. Еңбек ері Аягүл Миразова басқаратын №159, сондай-ақ Астанадағы №58 мектептен нақты көрінісін көруге болады. Облыстық мектептер де қол үзген жоқ. Өйткені халықтық педагогикаға ешкім қарсы келмейді. Бірақ заманның ағымына, ғылым мен техниканың жетістіктеріне, электронды оқулықтардың пайда болуына және компьютерлендіру жүйесіне байланысты өзгеріске ұшырап жатыр. Сондықтан ұлттық тәрбие мәселесі бүгінгі таңда қайта зерделеуді қажет етеді. Уақыт талабына сай білім алу ісі анағұрлым сапалы деңгейге көтерілді. Мемлекет тарапынан жасалған индустриялық-инновациялық шаралар ел экономикасының жаңа белеске шығуына үлкен мүмкіндік туғызды. Жастар санасы заманауи жетістіктерге ұмтылу мотивациясын қалыптастыруда. Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат ресурстары мен инновациялық технология жетістіктері елімізде және одан тысқары жерлерде оқу-тәрбие жүйесінің сандық технология форматына өтуіне зор ықпалын тигізуде. Ақпараттық технология мен ғылыми-техникалық ресурстардың күн санап молая түскенімен, оқу-тәрбие жүктемесі мен талаптар сол баяғы деңгейде қалып отыр. Демек, жас ұрпақ сұранысы мен қажеттілігі тек қана пән стандарттарын ғана қамтумен шектелмеуі тиіс. Оқытудың сандық немесе электрондық мүмкіндіктеріне зор ынталарының арта бастағанын ескеруіміз керек.
Мұндай ауқымды ақпараттар ағыны баршамыздан дәл уақытында оның бұрысы мен дұрысын саралап, мемлекеттік білім стандартына сай және ұлттық білім мен тәрбие құндылықтарының сақталуы сынды күрделі мәселелер төңірегінде нақты шешім қабылдауды қажет етіп отыр. Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтары Thomson Reuters, Springer, Times High Education, AAAS, Elsevier, Linkedin тарапынан қол жеткізген соңғы озық тәжірибелер білім сапасының артуы, адамның интеллектуалдық потенциалы, ұстаз бен шәкірт арасындағы ғылыми-шығармашылық байланыстың нығаюы, білім мен тәрбие жүйесінің кластерлік және концорциумдық сипат алуы және әлемдік тұтас білім кеңістігін қалыптастыру (Bolonga process) оқу-тәрбие жүйесін модернизациялау, үш деңгейлік оқыту мен 12 жылдық білім жүйесіне көшу сияқты заманауи талаптарды алға тартуда.
– Аталмыш үрдіске қаншалықты дайынбыз?
– Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат кеңістігінде өркениетті бәсекелестік орта қалыптасып келеді. Оны меңгеру және одан нәтиже шығару мемлекеттің білім саласына деген ұтымды һәм көрегендік саясатына байланысты. Сол себепті, этнопедагогикалық құндылықтарға негізделген ұлттық тәлім-тәрбие жұмысының бүгінгі миссиясы жас ұрпақтың жаңа заман талаптарына негізделген әлемдік озық тәжірибелерді мақсатты, мазмұнды һәм жоспарлы тұрғыда меңгеруіне мұрындық болатын мотивациялық алғышартты қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жылдар тізбегінде жас ұрпақтың бойына өз елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерді қалыптастыруда этнопедагогика мұраларының маңызды орын алғаны байқалады. Халықаралық сайыстар мен танымдық-интеллектуалдық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған біздің ұландарымыздың жеңісі мен жетістіктері оған куә. Бойында ұлттық намысы мен қажыр-қайраты лапылдаған балғын жастардың заман талабына сай күрделі білім жетістіктері мен тәжірибелерді барынша ізгілендіре алатыны белгілі болып отыр. Демек, заманауи технологияларды өз деңгейінде меңгеру және бағындыру тек қана алдын ала қалыптасқан білім дағдыларын үйрену ғана емес, сонымен қатар әр өскіннің өз елін қалтқысыз сүйетін, туған халқының тағдырына жанашырлықпен қарайтын, ұлттық дәстүрлер мен этномәдени құндылықтарды қастерлейтін ұлттық педагогика қайнарынан сусындайтын жағдайда өсіп-өнуі аса маңызды іс болмақ. Ұлттық намыс болмай, ұлттың гүлденуі мүмкін емес!
– Заман талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие жұмыстарын қалай ұйымдастыруға болады?
– Ғаламдық ақпарат ресурстары өзінің қоғамдық ортасы мен пікірін қалыптастырып келеді. Өткен ғасырда талай уақыт жазылып, сарапталынып келген «Қазақ ССР Энциклопедиясы», тағы басқа туындылар бүгінде 4 ГБ компакт-дискісіне сыйып кететінін ескерсек, ақпарат ағымының болашақта біз үшін қаншалықты қымбатқа түсетінін болжау қиын емес. Мәселен, 2017 жылы Астана қаласында Бүкіләлемдік ЕХРО көрмесі өтетіні жөнінде мектеп оқулығында ақпарат болмағандықтан, оқушылар ол іс-шараның маңыздылығына шынайы назар аудармайды. Кітапқа толықтырулар енгізу қосымша қаржы шығынын қажет етеді. Егер оқулық сандық форматта сақталса, онда оған тарихи оқиғалар туралы корректировка жасау оңайға түспек. Мектеп немесе басқа оқу орындарына тиімді Slide Shape.com, Facebook.com, Autostream.com, High Been.net, Surway Gizmo.com, Globalethnics.net, Your vision.kz танымдық-ақпараттық ресурстар арқылы оқу-тәрбие жұмысына альтернативті едукологиялық технологияларды ендіру мүмкіндіктері ашылуда. Эксперимент ретінде facebook интернет порталында біздер интерактивті танымдық ойын-сабақ ретінде төмендегідей тапсырмаларды тараттық. Мысалы, «Көкек ұзақ шақырса не болады?» деген сұраққа тек қана еліміз ғана емес, алыс шетелдерден балалар мен оның ата-аналары ерекше белсенділік танытты.
– Ұлттық тәрбиенің болашағы қандай?
– Жаңа ғасыр ғаламдық жаһандану құбылысын қалыптастырды. Демек, талай ғасырлар бойы сыналып, сараланып, талай қиындықтардан өткен халықтың тағылымдық құндылықтары бүгінде аса зор кедергілерге ұшырауда. Бұл құбылыс тек қазақ халқы емес, әлемдегі көптеген халықтардың тағдырына ерекше ықпал етеді. Жаңа заманауи технология жетістіктерін меңгере отырып, ұлттық мәдени-рухани һәм танымдық-тағылымдық мұраларды сақтау қиындау үстінде. Елбасымыздың латын қарпіне көшу қажет екені туралы ұсынысы бәлкім осыдан туындап отырған болар.
Десек те, құр қарап отырғаннан гөрі, нақты әрекетке көшу керек. Түбінде Қазақстан – «Қазақ Елі» деп аталатыны ақиқат. Бұл нәрсе саясаттан да жоғары. Қазақстан халқы әлемдегі ең жас ұлттардың қатарына жатады. 17 млн халықтың 10 млн-ға жуығы – жастар. Осы жастардың арасынан дарынды жастардың өз мүмкіндіктерінің толық ашылуына мемлекеттік тұрғыдан ерекше жағдай жасалу керек. Дарынды жастарды іріктеуде Интернет ресурстарының маңызы зор. Айталық, жер асты байлығы, күн энергиясын халық шаруашылығында пайдалану, тұщы су көздері, жасыл технология, тағы басқа бүгінде ғаламдық ауқымды қамтыған өзекті мәселелерге жастардың мектеп жасынан бастап тартылуына әділ һәм парасатты жол ашу қажет.
Назарбаев университеті жанынан ашылған Center of Exellence NIS орталығының Cambridge University Faculty of Education стандарты негізінде орта білім жүйесін модернизациялауға арналған бастамалар жаман емес. Дегенмен, күн санап артып келе жатқан мемлекеттік тілде оқытылатын мектеп оқушыларының талап-мұқтаждарына сәйкес болашақ мамандар дайындау ісі өз деңгейінде қоғам игілігіне айналмай келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Сол себепті жоғарыда айтылған мәселелерге талдау жасай отыра, төмендегідей стратегиялық маңызы зор шараларды қолға алу керек деп есептеймін:
1. Абай атындағы ҚазҰПУ базасында жасалған «Ұлттық тәрбие» оқулығы, журналы мен ғылыми-зерттеу орталығын республика көлемінде үлгі-тірек тәжірибе ретінде одан ары дамыту;
2. «ХХІ ғасырдағы қазақ мектебінің моделі» атты бұқаралық-ақпараттық веб-портал ашу; ел ішіндегі ұтымды, мазмұнды һәм перспективалық жобалар мен ұсыныстар (№249 Қазалы мектеп-гимназиясы, №159 Алматы мектеп-лицейі т.б) базасын жасау.
3. «Қазақ этнопедагогикасы» атты энциклопедиялық сөздік шығару.
4. Ұлттық рухани-мәдени мұралар тақырыбына негізделген анимациялық фильмдер мен виртуальді ойындар шығару.
5. «Атамекен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдарламасының 40 Бағыты бойынша ғылыми-әдістемелік құралдар (электронды оқулықтар, кітаптар, көрнекіліктер) шығару.
– Бұрын «Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидаларын берік ұстанатынбыз. Кейінгі уақытта үлкенді сыйламау, кішіні менсінбеу және салт-дәстүрлер мен этномәдени мұраларды қастерлемеу сияқты келеңсіз жағдайлар бой көрсете бастады. Бұл халықтың педагогиканың әлсіреуі ме?
– Біріншіден, әр отбасында бала саны азайды. Бұрынғыдай көпбалалы отбасылар көп емес. Тәрбиеге бұл да үлкен әсерін тигізеді. «Аға-әпке, іні-қарындас» деген бауырластық сезімдер – халықтық педагогиканың маржандары. Біз осы маржандарымызды сақтай алмай отырмыз. Өзімшіл ұрпақ отбасы тәрбиесінен кеткен қателіктерден туындайды. Екіншіден, Халықтық педагогикаға байланысты баламалы жобалар, ұсыныстар, бағдарламалар саны шектен тыс артты. Олардың барлығын біріктіріп, заман талабына сай бір жүйеге келтіру керек. Ұлттық психология мен халықтық педагогиканың арасында үлкен алшақтық бар. Қазақстан мектептерінде ұлттық тәрбие пәнінің өз деңгейінде өтпеуі немесе ендірілмеуі де халықтық педагогиканы әлсіретеді. Сол себептен, жоғары және арнаулы оқу орындарында ұлттың тәрбие пәнін жүйелеп оқытуды жолға қою қажет.
– «Халықтық педагогика – тәрбиенің қайнар көзі» екенін жоғарыда айтып өттік. Ал тәрбиенің қайнар көзі – ауылда жатқан сияқты…
– Оған келісемін. Ауылдың потенциалы толық ашылған жоқ. Оған дәлел көп. Ауылдық жерден келген балалар, оқушылар, студенттер қала баласына қарағанда, едәуір сыпайы. Олардың арасында салт-дәстүрді санасына қалыптастырған, ұлттық мәдениетті бойына сіңірген балалар басымдау. Бір дәлел – осы. Ауыл баласы мен қала баласы арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Осыны ұлттық тәрбие негізінде бір ретке келтіру керек. Қазір мемлекеттік тілде оқытатын мектеп саны артып келе жатыр. Олардың жұмысын халықтық педагогикамен байланыстыра қарастыру міндет. Батысқа, бөтен мәдениетке, батыстық құндылықтарға назар аудара бастаған жас ұрпақ өкілдерін интернет арқылы, интернет көмегімен қазақ ертегілері, аңыздар, нақыл сөздері, тағы басқа мәдени-әдеби мұралар негізінде бері қайтарып алу жұмыстарына кіріскеніміз жөн. Ол үшін анимациялық фильмдер, вертуальдық ойындар – слайд, электронды кітапхана, интернет порталдардың терең тәжірибелері арқылы насихаттау. Оқушылардың ғылыми жобасына да халықтық педагогика элементтерін енгізу қажет.
– Көпбалалы отбасында, ауылдың алтын бесігінде тәрбиеленгеніңіз, кейін ұстаз, тәлімгер және ғылым жолындағы еңбегіңізге қаншалықты әсері болды деп ойлайсыз?
– Оныңыз рас. Жас ұрпақтың бойында өз ұлтына деген ерекше құнды сезімнің қалыптасуына ауылдың алтын бесігі, яғни отбасылық дәстүрдің берері мол. Шығыс ғұламасы Қайқауыстың немересі Гиланшаһқа қалдырған өсиеті бүкіл әлемге белгілі «Кабуснама – Кодекс куманикус» кітабының пайда болуына негіз болды. Неміс ағартушысы И.Гербарт пен француз Ж.Жак Руссо оны «халық институтының ордасы» деп бағалаған.
Туған ауылым – Шығыс Қазақстан облысындағы Аякөз бен Мақаншы ортасындағы Қарақол деген жер мен үшін өмір Академиясы десем болады. Атам мен әжемнің ыстық ықыласы, ана мейірі мен әке өнегесі бәріміз үшін сарқылмас қазына мен таным мұхиты іспетті. Ағаларым мен әпкелерім, інім мен қарындастарымның ортасында еркелеп өстім. Әкем шіркін, қайраты таусылмайтын, шаршауды білмейтін, анам болса аса байсалды, кең пейілді және қонақжай жандар еді. Ауылдағы Мәдениет сарайы ата-аналар мен оқушыларға, шопандар мен малшыларға ортақ керемет ғимарат-тын. Онда бірлескен кештер мен тәлім-тәрбиелік, мәдени-спорттық шаралар ұдайы тартымды, қызықты және тұрақты өткізіліп тұрды. 1980 жылы Жаркент педагогикалық колледжін тәмамдаған соң, туған мектебімде «пионервожатый» болып істедім. Әсіресе, мектеп жанындағы мектеп-интернат балаларымен бірге ұйымдастырған (шопан қыстақтарын аралап, концерт қою, үгіт бригадалары, пионерлік ферма т.б) жұмыстарым жемісті болып, нәтижесінде әлемге әйгілі Халықаралық «Артек» балалар орталығында тәлімгерлік қызмет атқаруыма себебін тигізді.
– Расында кезінде «Пионервожатый» деген апай-ағайларымыз болушы еді. Кешегі Кеңес үкіметі тәрбиесі мен бүгінгі ұлттық тәлім-тәрбие арасында айырмашылыққа тоқталсаңыз?
– Кеңес үкіметі бала тәрбиесіне мемлекеттің Стратегиялық маңызды мәселесі ретінде ерекше мән берді. Әлемнің көптеген елдерінде «sovietology» ғылыми-зерттеу орталықтары әлі күнге дейін зерттеліп келеді. 1960 жылдары жалпы «совет халқын» қалыптастыру жөнінде (С.Выготский, П.Блонский, Д.Лурия, Б.Теплов) «тарихи-мәдение концепция» атты арнайы зерттеу жұмыстары мемлекеттік құпия ретінде қолға алынып келді. Ол бір жағынан американдық «бихеовиоризм» мен еуропалық «гештальпт» идеясына тойтарыс беріп, болашақта көпұлтты Кеңес Одағы халықтарын біріктіре отырып, бір ұлт жасау идеологиясын жоспарлады.
Мен көп жыл тәрбиеші болған пионер ұйымы ғылыми жағынан жан-жақты сараланып, тәжірибе жүзінде іске асырылуы арнайы мемлекеттік құжат негізінде қаржыландырылып отырды. Оның педагогикалық маңызы зор болғанымен, сайып келгенде әр ұлттың сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан этникалық ерекшеліктеріне терең мән берілмегендігі уақыт өте келе, қоғам дамуы жүйесінде айтарлықтай қайшылықтар туындатқаны үлкен олқылық деуге болады. «Артек» педагогикасы әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелер қатарына кірді. Әсіресе, «советтік патриотизм мен интернационализм» идеясы Куба, Сальвадор, Қытай, Ангола, Венецуэлла, Румыния, Вьетнам елдерінде қанатын жайды. Қысқасы, тамаша әдістемелік бастама уақыт өте келе, саяси идеология құралына айналды. 1988 жылы Алматы қаласындағы №112 мектепте пионервожатый болып істеп жүрген жылдары тұңғыш рет Республикалық «Жұлдыз – 1988» оқушылар жиынына қатыстым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұландармен пікірталастырып, пионер ұйымына ұлттық тәрбие элементтерін ендіру жөнінде шешімге келдік. Нәтижесінде «Атамекен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдарламасы дүниеге келді. 40 бағыттан тұратын бағдарлама әр жерде (шетелдердегі қазақ мектептері) қызу қолдау тапты. Ол жөнінде «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ұлан» газеттері мен «Қазақстан мектебі», «Ақжелкен» журналдары мол ақпараттар берді. Нәтижесінде «Сиқырлы қазан», «Әнші балапан», «Атамекен» туристік-өлкетану экспедициясы, «Алау», «Мың бала», тағы басқа ұлттық тәрбиеге негізделген тартымды һәм қызықты іс-шаралар қолға алынып, ауқымды тұрғыда насихатталды.
– Соңғы жылдары «Жас толқын», «Жас ұлан» деген сияқты ұйымдар құрылып жатыр. Әр мектеп өз алдына клуб ашып алған тәрізді…
– Шынында, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасынан кейін «Мың бала», «Жұлдыз», «Жас ұрпақ» деген бірнеше ұйымдар пайда болды. Бұлардың барлығы өз бетімен жұмыс жасады. 2006 жылы Білім министрлігінің қолдауымен бірінші құрылтай өткенімен, балалар ұйымына мемлекеттік қолдаудың қажеттігі арта түсті. 2011 жылы Елбасы балалар ұйымына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Жас ұлан» бірыңғай балалар ұйымын құру туралы бастама көтерді. 250-ден астам балалар ұйымы тарап, бір ұйымға бірікті. «Атамекен ордасы» бағдарламасы сол ұйымның тәрбие жұмыстарының бір саласы болып табылады.
Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырдың басындағы ақпараттық технологиялар жетістіктері адам санасына планетарлық масштабта ауқымды ықпалын тигізіп отыр. Өркениетті елдердің жаңаша даму сатысына көтерілуіне қоғамның қозғаушы күші болып табылатын білім мен тәрбиенің үлесі зор.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
http://www.aikyn.kz