Алматыдағы Оқушылар сарайының спорт кешенінде Орталық Азия мен Қазақстан жастары қозғалысының сұңғыла жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың 111 жылдығына орай ұлттық жекпе-жектен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында ашық біріншілік өтті.
Оңтүстік астана әкімдігі мен қалалық жекпе-жек федерациясы бірлесе ұйымдастырған еске алу турнирі ХХ ғасырдың басындағы аласапыран қилы заманда қазақ жастарының жаппай сауаттануына, білім мен ғылымға ұмтылуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етумен басталды. Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген біріншілікке жергілікті спортшылармен қатар, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Алматы облыстарының ұзын саны 100-ден астам спортшысы қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Найзабек Сағымбаев, жекпе-жек өнерінің бесаспап шебері, ҚР жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметовтер небары 23 жас жасаған Ғани Мұратбаевтың қазақ жастарын надандық қамытынан құтқару бағытында сіңірген ерен еңбегі туралы, оның күреске толы қысқа да мағыналы өмірі Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жас буынына да үлгі, өнеге болатынын айтты. Осы орайда Алматыдағы Оқушылар сарайына Ғани Мұратбаевтың есімі берілсе деген ізгі ойларын да жасырмады.
Жас өнерпаздардың ән-шашуынан кейін турнирдің алғашқы жекпе-жектері де басталып кетті. Әуелі 14-15 жас шамасындағы жасөспірімдер мен 17-18-дегі жастар айқасып, әрқайсысы 3 минуттан тұратын 2 раундтық жекпе-жекте өзара мықтыларын анықтауға кірісті. Негізгі бәсекелестік Алматы мен Қарағандының жас өрендері арасында өрбіді. Нәтижесінде Дастан Ехтанов, Медет Тұңғышбай, Айдос Мәулен сынды қарағандылық жас дарындар 50, 53, 56 келі салмақтарда топ жарса, Ерболат Қияшев, Жүсіп Әлимәмедов, Аят Құсайханов секілді алматылық өр бозбалалар 59, 71 және 75-тен жоғары салмақтарда жеңімпаз атанды. 63 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеген қызылордалық Теңізбай Нұрбек үздік шықты.
Теңізбай Нұрбек, турнир жеңімпазы:
– Ғани Мұратбаев қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында туып-өскен. Мен де сол жақтанмын. Сондықтан Ғани атамызды еске алуға арналған турнирде жеңілуге хақым жоқ еді. Бар күш-жігерімді салдым. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Арманым – ұлттық жекпе-жектен Қазақстан, содан соң әлем чемпионы атану. Сол үшін тынымсыз жаттығып, аянбай тер төгемін.
Ал ересектер арасындағы айқастарда алматылықтарға Жамбыл облысының жаужүрек жігіттері лайықты қарсылық көрсете білді. Әрқайсысы 5 минуттан тұратын 2 раундтық жекпе-жектер қорытындысында Нұрсұлтан Серікбай, Рүстем Сайлауов, Руслан Мұстафа, Нұржан Тұтқаев, Руслан Рахманов сынды Алматының айбынды жігіттері 55, 60, 65, 70 және 90 келі салмақтарда жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Қамбар Қоқамбай, Серік Тілекеев, Аманжол Тұтқабаев секілді Жамбыл облысының жампоздары 75, 80 және 90-нан жоғары салмақтардағы бас жүлдені еншіледі. Қызылордалық Ербол Ділімбетов 85 келі салмақта жеңіске жетті. Осы тұста 60 келі салмақта күміс медаль олжалаған, осы біріншіліктің ең ардагер спортшысы Берікқазы Бөкішевтің де өнерін айрықша атап өткен жөн. Жасы 45-ке келсе де, 20-25-тегі жалындаған жігіттерді әбден састырды. Бірақ жартылай финалда жарақаттанып қалып, соның салдарынан ақтық айқаста барын сала алмай, жеңіліске ұшырады. Алайда оның спортқа деген керемет сүйіспеншілігі, табандылығы, жанкештілігі артынан ерген інілеріне үлгі екені анық.
Берікқазы Бөкішев, турнирдің күміс жүлдегері:
– Өкінішке қарай, жартылай финалда бас бармағымды шығарып алдым. Сондықтан финалда өте қиын болды. Қарсыласым өзімнен 20 жастай кіші, шапшаң, мықты жігіт екен. Өздеріңіз көрдіңіздер, мен күреске бейім болғандықтан, қайта-қайта оның аяғына кіріп, астыма жығып алып жаттым. Ұпай санымен жеңіп жатқанмын. Бірақ өз мүмкіндігімді толық пайдалануға шыққан саусағым кедергі келтірді. Қарсыласымның қылқындыру әдісінен құтыла алмауым содан. Әйтсе де осыншама жасқа келіп, жастармен тайталасып жүргеніме ризамын. Енді жарақатымды жазып, келесі додаларға дайындаламын.
Екі күнге созылған біріншілік қорытындысында Алматы құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте топ жарса, Жамбыл облысы екінші орынға көтерілді. Үшінші-төртінші орындарды қарағандылықтар мен қызылордалықтар өзара бөлісті.
Мерлат Темірханов, Алматы қаласы жекпе-жек федерациясының президенті:
– Еске алу турнирі жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Ғани атамыздың аруағы бір аунап түскен шығар. Осы ретте, ең алдымен, қала әкімдігі мен спорт басқармасына жекпе-жек федерациясы атынан үлкен алғысымды айтамын. Ұлттық жекпе-жегіміз жастарымызды қайтпас қайсарлыққа, өрлік пен ерлікке, адалдық пен әділдікке, отансүйгіштік пен патриотизмге, физикалық мықтылық пен рухани беріктікке тәрбиелейді. Жекпе-жекте шыныққан жігіттер кез келген уақытта Отанын қорғауға дайын болады. Сондықтан батыр бабаларымыздан мирас болып қалған жауынгерлік төл өнерімізді жаңғыртып, әлемге танытуға жұдырықтай жұмылып, бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз.
Автор: Бақтияр ӘСІРЕНКИЕВ