АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық тәрбиенің тұнығы лайланып жатыр

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен, Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген қазақтың асқан даналығы бұл күні әдірем қалды. Бүгінде әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Батыс қызға бетпақтықты, ұлға ұждансыздықты үйретті. Қазақтың қадірі мен қастерлі әдет-ғұрпы күресінге шықты. Оның «мәуелі жемісі» – тал түсте көшенің қақ ортасында аймаласқан, саябақта талтайып жатқан   қыз бен жігіт. Жылап-сықтайық деп отырғанымыз жоқ. Белгілі бір ұстанымсыз қалған тәрбие хақында сөз етпекпіз.

«Иесі нашар үйдің қонағы билейтіні» секілді батыстың баса-көктеп енген көшелік жабайы мә­дениеті күнделікті өмірімізге әб­ден сіңіп болды. Қарапайым тұр­мысты ғана емес, сананы ба­сып алды. Теледидардан да, қа­ра­пайым тұрмыстан да батыстың жаман әдеттерін көре-көре көзі­міз үйреніп, етіміз өлді. Сағызша созыл­ған сериалдар  теріс тәр­биеден басқа тәлім беріп жатқан жоқ.  Оған балаларымыз күн ұзақ кө­ретін шетелдік мультфильмдер­ді қосыңыз. Онда тәрбие тіпті теріс. Мультфильмдегі ата-анасы­ның орны ауысып кеткен. Амери­ка­ның қай мультфильмін ал­са­ңыз да, әкесі ыдыс жуып, тамақ істейді. Шешесі көше қыдырып, қыз­метте жүреді. Не болмаса бас­ты кейіпкер – баланың не әкесі, я шешесі жоқ. Менталитетімізге мүл­де жат дүние.

Мультфильмдегі бала­ның әке­сі үнемі ыдыс жуып жү­ре­тінін кө­ріп отырған  төрт жасар қы­зым­ның өзі ерсі көріп: «Неге па­па­ла­ры ыдыс жуып, тамақ жа­сап, асүйден шықпайды? Біздің па­памыз өйтпейді ғой» деп сұрады. Ой­ланып қалдық. Расымен, біз бала­ны неге тәрбиелеп жүрміз?  Кіш­кен­т­ай баланың өзіне өрескел көрінген ділімізге қайшы тәрбиені осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл – балаларға арналған мулть­фильм­дер хақында. Ал үлкендер өліп-талып көретін сериалдың соры – бес батпан.  Әсіресе түрік­тің сериалдары жалпақ жұртты жынды қылуға айналды. Бірінің әйелін бірі кезектесіп ала беретін, беттері бүлк етпей бір-біріне опа­сыз­дық жасайтын, я ар-ожданын ақ­шаға сатып жіберетін ұл-қыз­дары туралы сериалдарды түрік­тердің өзі көре ме екен?! Жоқ! Тү­ріктерге бұл сериалдар туралы айтсаңыз, төбе шашы тік тұрады. Түркияға жолы түскен бір та­ны­сымыз айтады, сондағы туристік қызметпен айналысатын түріктер­ге әңгіме арасында  «Мың бір түн» секілді бірқатар сериалдарын ата­са керек.

Қолдарын төбесіне қойып, «атама!» десіпті. «Ол – көргенсіздік, өтірік. Ондайға  біздің әйел заты бармайды» десіпті.  Өздері көргенсіздік ретінде тани­тын сериалдарды сонда біздің елге дәріп­теуде мақсат не?  Онсыз да қыз қылықтан, ұл ерліктен құр алақан қалған жоқ па?

Ерліктен құр алақан дегеннен шығады, өткен жұмада Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Доскей ауылына қарасты әскери бөлімнен екі бірдей сарбаздың қа­шып кетуі жалпақ жұртты дүрліктірді. Әс­кери бөлім аяғынан тік тұрып іздеді. Сөйт­се, әлгі екі сарбаз әскери борышын тастап, Астанаға «қыдырып» кетіпті. Қашқындар Астанадан табылды. Бар-жоғы бір жылдық әскери қызметке шыдай алмаған жігіттер жігіт пе, әлде мігіт пе?  Махамбетше айт­қанда, «қабырғасын бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын ердің» аздығының көрінісі емей, немене?

Ұлттық тәрбиеден ада қалғанымыздың бұдан да өткен сорақы мысалдары бар­шылық. Ақыл-есі түзу әкесін дәрі беріп ұйықтатып, жүйке аурулар ауруханасына тапсырған қыз да, әкесін ұрып өлтірген ұл да бар қазір. Аты-жөнін түстемей-ақ қоя­лық. Бірақ 80-дегі әкесін жындыханаға тоғыт­қан қызы туралы естіген ел жағасын ұстаған жағдай болған. Өзін қолдан ауру қылған туған қызымен күресті бастаған ақ­сақал осы күні жүйке аурулар ауруханасы­ның бас дәрігерін сотқа беріп отыр. Ад­вокат та жалдады. Әзірге іс әлі шешілген жоқ. Бұл – орысы ормандай Теміртау қала­сын­да орын алған оқиға. Ұлттық үрдістен, қазақы тәлім-тәрбиеден қалыс қалған қаладағы ахуал.

Осы күні таңғалудан қалғанбыз. Өйт­кені «қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят ке­тетіні» рас. Қазіргі қоғам қақпағы жоқ қазан сияқты болып тұр. Оған сырттан ит те, құс та үйір. Тұмсығын тығып былғап жа­тыр. Түрлі сектасы бар, алуан жабайы мәдениеті бар дегендей…

Қазақта «Ұят болады» деген ұғым, түсінік болған. («Болған» деп өткен шақта ай­туымызға жоғарыдағы аталған жағдай­лар себеп). Басқа өзге бір ұлт та жоқ. Қазақ баласын жасынан кешегі күнге дейін сол «ұят боладымен» тәрбиелеп келді. Сон­дық­тан ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ержетті. Бүгін сол халықтың «ұят боладысы» кеміп, «онда тұрған дәнеме жоғы» көбейді. Соның салдары – көрген­сіздік.

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саясат ғылымының кандидаты,  мәдениеттанушы:

– Қандай болсын ілім-білімнің бас­тауын­да, қайнар көзі ретінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр тұр. Батыста ол жоқ, құрдым болған. Неше ғасыр бұрын көшеге шыға­рып алған әйелдерін енді үйге кіргізе ал­май әлек. Оны гендерлік саясат аясында жүргізіп жатыр. Бізде бәрі керісінше, ер-азаматпен тең болуы тиіс деп, үйдегі әйелді түзге шығардық. Содан баланың тәр­биесінде басты рөл атқаратын ана күндіз-түні далабезер болды. Сонда бала тәрбиесіз болмағанда қайтеді? Оны тәрбиелейтін анасы ер-азаматпен қатар шылым шегіп, шарап ішеді. Гендерлік теңдіктің жеткен жері осы болды. Ол аз дегендей, шалбарын да тартып алды. Шыны керек, қазір ұлттық құндылықтардың қадірі кеміді. Оны мойындау керек. Еліктеу, солықтау елдің дәстүрін ірітті. Халқымыз үшін масқара, сұмдық саналатын жат әдеттер жайлап алды. 

Бұл – қалың қайғының бір қатпары ғана. Қайда бара жатырмыз? Қазақтың тап-тамаша қалыбы қайда қалды? Ойланып көрелікші… Ұят болмас үшін…

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

http://alashainasy.kz