Алматы қаласындағы №176 бөбекжай-балабақшада «Қош келдің, төрлет, Наурызым!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленетін осынау балабақшада тәрбие тек қазақ тілінде берілетіндіктен, бүлдіршіндерге ұлттық салт-дәстүрлер үйретіліп, тарихи тұлғалар, ел өміріндегі маңызды оқиғалар, халық ауыз әдебиетінен мол ақпараттар ұсынылады. Бұл жас ұрпақтың бойында елге деген патриоттық сезімді қалыптастырып, шыңдайтыны сөзсіз. Осындай игі мақсатты жүзеге асыруға байланысты шығарылған әдістемелік материалдардың да молдығы өз көмегін тигізіп жатады. Бұған аталмыш шараға қатысқанымызда куә болдық.
Қай бүлдіршінмен тілдессек те, сөзін тиянақты саптай алып, жасқанбай еркін жауап бере алады. Демек, бұл балабақшаның «ұлттық тәрбие беру» деген ортақ мақсаты тәрбиелеудің жаңашыл әдістемелік жүйесіне негізделгенін байқатады. Ал енді Наурыз мерекесіне орай өткізілген іс-шараның маңыздылығы бүлдіршіндердің ұлттық тарихи тұлғалардың бейнесін сомдап, олардың рух беретін өнегелі сөздерін жатқа айтумен ерекшеленді. Қаршадай бала тілімен айтылған әрбір өлеңнің сарыны жүрекке жылы тиіп жатты. Екпінмен айтылатын интонация мен дауыс ырғағы үйлесімді жеткізіліп сомдалған бейненің шынайы көрінісін беріп тұрды. Мерекенің осындай ерекшелігімен қоса, ұлттық құндылықтардың, яғни ұлттық салт-дәстүр нақыштарының (киіз үй, кереге, шаңырақ, уық, торсық, қоржын, бесік, қамшы, шыныаяқ, мес, саба, піспек, келі, келсап, күбі, т.б.), зергерлік бұйымдар мен ұлттық киімдердің салтанатты шеруі өтті. Қазақтың ұлттық киімдерін киген бүлдіршіндер аталған ұлттық бұйымдарды қолдарына ала жүріп, сәнді жүріспен таныстырып шықты. Алғашқы шеруде «Еркемай», «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері бойжеткен, бозбала киімін, келіншек, әже, ата киімін, сәнді шапандағы мырза жігіт киімі мен үй жабдықтарын таныстырып өтсе, келесі шеруде «Тұлпар», «Бал-бала» тобының бүлдіршіндері тарихи тұлғаларды қару-жарақтарымен бірге сипаттап өтті. Шашын шашбаумен өріп, шолпы таққан қылықты қыздың жүрісін, иығын тік ұстаған, өзіне сенімді ханның жүрісін, әрбір қадамын нық басқан батырдың жүрісін көргенде шынайы кейіптегі жандардың өзіндей әсер қалдырады. Мұның бәрін бала бойына сіңіріп, әртістік қабілетті үйрету үлкен еңбекті талап етері де сөзсіз.
Салтанатты сәнді шерудің үшінші кезегінде көне түркілік тарихтан хабар беретін Алтын адамның бейнесі сомдалды. Оның нағыз жауынгер екенін, қол астындағы әскерлеріне басшы бола білгенін бүлдіршіндер сюжеттік әрекеттер арқылы жеткізе білді. Түркі дәуіріндегі Алтын адамның киімі, қару-жарағы расында да сол дәуірді дәл сипаттағандай болды.
Осындай іс-шаралардың жас бүлдіршіндерге берері мол. Ұлттық мерекеде тарихтың тереңіне үңіліп, осыншама сан алуан ақпарат беретін сценарийді ұйымдастырып, балаларды осы қойылымға үйреткен тәрбиешілермен сұхбаттасқанымызда, негізгі деректерді соңғы жылдары жарық көрген «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан хикаялық дастандар, батырлар жыры, т.б. кітаптардан алатынына көз жеткіздік. Ал жиі сұрақ қоятын бүлдіршіндерге мағынасын ашып, жан-жақты жауап беру үшін тәрбиешілер негізінен 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігінің көмегіне жүгінеді екен. Бір байқағанымыз, тәрбиешілердің ортақ арманы қазақ халқының ұлттық киім-кешектерін, ұлттық ыдыс-аяқтарын, ұлттық тағамдарын, ұлттық қару-жарақтарын, ұлттық тарихи оқиғаларын суреттеген иллюстративті «Ол кім, бұл не?» атты бүлдіршіндер энциклопедиясына қол жеткізу екен. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешіле жатар. Ең бастысы қазақ тілін, әдебиетін, тарихын таныстыратын құнды кітаптар қолданыста жемісті нәтиже беріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатты. Ұлттық тәрбиелік мәні мен маңызы ерекше болған «Қош келдің, төрлет, Наурызым!» мейрамының басты артықшылығы балалар бойында тілге, ұлттық құндылықтарға деген құрмет пен мәртебені оята білуінде. Сондықтан осындай іс-шараны ұйымдастырған Алматы қаласы Құлагер ықшамауданындағы №176 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлайым Бейсебековаға, әдіскер Индира Ереноваға, музыка жетекшісі Замира Мықтыбаеваға, тәрбиешілер Назерке Шаханова, Айзат Можановаға, Сандуғаш Утеулиеваға үлкен алғыс білдіре отырып, қазақ тілінің рухын көтеретін болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеудегі әдістемелік жетістіктері одан әрі биік шыңдардан көрінсін деген тілек білдіреміз.
Айгүл ӘМІРБЕКОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
аға ғылыми қызметкері