Мәмбет ҚОЙГЕЛДI, тарих ғылымының докторы, профессор:
— Мәмбет аға, ұлт азаттығы мен Тәуелсiздiгi үшiн күресте қазақта қаншама ұлы оқиға болды. Бүгiнде кейбiреулер елдегi 100-ден астам ұлыстың мүддесiне сызат түсiрмес үшiн мектеп бағдарламасынан кейбiр тарихи оқиғаларды (Алтын Ордадағы Тоқтамыстың Мәскеудi шабуы, Қоқан хандығының Сыр бойындағы қазақтарды басып алып, құлдықта ұстауы) алып тастау туралы ұсыныстар айтуда. Сонда бiз ұлттар ынтымағын сақтаймыз деп тарихи шындықты жоққа шығаруымыз керек пе?
— Кез келген елдiң тарихында әртүрлi оқиғалар болған және алдағы уақыттарда да бола бермек. Сол оқиғаларды дұрыс баяндау үшiн, әрине, кәсiби деңгей қажет. Баяндау нақты фактiлерге сүйенуi керек. Сонда ғана шынайы ұстаным қалыптасады. Ал ХIХ ғасырдағы жер аумағы үшiн таласта Қазақияға көз алартқандар аз болмады. Ресейден бөлек Қоқан хандығы бiздiң оңтүстiк-шығыс өңiрiмiздi өзiне қосып алуға тырысты. Әрi белгiлi деңгейде мақсатына жеттi. Өзбекстанда жарық көрген оқулықтарда мынадай пiкiр айтылады: «Қазақстанның оңтүстiк-шығысы кезiнде Қоқан хандығының құрамында болды. Ал кейiннен Ресей қарулы күшке сүйенiп, бұл өңiрдi қоқандықтардан тартып алды. Сол күресте қазақ байлары Ресей өкiметiне жақындау болды». Бұл, әрине, өзбек тарихшыларының ұстанымы. Бiрақ олар мынаны айтқан жоқ: шындығына келгенде, Қоқан хандығының үстемдiгi өте қатал болды. Олардың Қазақ елiне жасаған қиянаты белгiлi. Сондықтан Қоқан хандығына қарсы күрес аз болған жоқ. Оңтүстiктiң өзiнен Сұраншы, Саурық, Жанқожа, Нұрмұхаммет батырлар тебiнгiдей жер үшiн телiм болған жұртының теңдiгi жолында қан кештi. Сыр бойы үшiн Бұхарбай батыр да Қоқан хандығына қарсы күрестi. Бұл – тарихи дерек. Ал оны неге жоққа шығарамыз? Халық өз мекенiнiң тұтастығы, Тәуелсiздiгi үшiн өз еркiмен ешкiмнiң көмегiнсiз күреске шықты. Сондықтан бiз оны сол шындық деңгейiнде көрсетуiмiз керек. Әйтпесе тарих бұрмалауға ұшырайды. Мысалы, орыс басқыншылығы, әлде Қоқан, Қытай басқыншылығы бола ма – бiз оны ашық айтуымыз керек. Байқап отырғанымыздай, ұлттық тарихта болған агрессиялық саясатты көрсету ұлтшылдыққа жатпайды. Қайта сол тарихи шындық арқылы халықтың тарихи санасын, танымын жолға қоюымыз керек. Мәселе, өзiмiздiң кереметтiгiмiздi, ерекше ұлт әрi халық екендiгiмiздi көрсету емес. Олай түсiну – жаңсақтық. Тарихи тұрғыдан алғанда, бiз қорғаныста болған ұлтпыз. Сол қилы заманда-ақ найзамыздың ұшына үкi тағып, «достасқанға құшағы ашық туыстай, ал қастасқанға қиып түсер қылыштай» жағдайда өмiр сүруге тура келдi. Себебi бiздiң территориямыз ұлан-байтақ болатын. Оның асты-үстi толған байлық дегендей… Сондықтан атамыз қазақтың бар мақсаты өз жерiнiң берекесiн болашақ ұрпаққа қалдыру, бақытты өмiрiн қамтамасыз ету болды. Тарихты осы тұрғыдан түсіну керек деп ойлаймын.
— Әр заманда қоғамды алға сүйрейтiн бiр жетекшi топтың өмiр сүретiнi белгiлi. Оған ұлт азаттығы, мемлекеттiгi жолындағы күрестер дәлел. Сондай алға басар топтан жасақталған қазақ ұлттық саяси элитасының қалыптасу үрдісі қалай жүрдi?
— Элитаның түр-түрi бар. Соның iшiнде елдi басқарушы топтың элитасы саяси элита болып есептеледi. Ол – мыңдаған жыл бойы қалыптасатын өте нәзiк дүние. Олардың өзiндiк ұстанымы, мәдениетi болады. Әрi бiрнеше буынның алмасуы нәтижесiнде толысып, кемелiне келген шақта қалыптасады. Ұлттық күрес нәтижесiнде толығады. Мысалы, Францияны алайық, орыстар «Франциясыз Еуропа жоқ» деп айтады. Бұл – тегiн айтылған әңгiме емес. Сондай мықты ел болуының негiзi неде? Әрине, оның басында мемлекеттi қалыптастырған француз ұлты элитасының тұрғандығының арқасында. Тағы бiр нәрсенi айта кеткен жөн, кезiнде патшалық Ресей Думасының төрт шақырылымы болып, соның екеуiнде қазақ депутаттары сайланды. Ал солар Ресей парламентiнде сөйлеген шақта парламент үйiнiң қабырғасын қақыратып жiбере жаздаған екен. Әлихан Бөкейхан «Бiрiншi және екiншi Мемлекеттiк Думаға сайланған қазақ депутаттары аграрлық жер мәселесiн қозғады. Iшкi Ресейден қазақ жерiне көшудi тоқтатыңдар» дейдi. Тiптi орыстың кейбiр депутаттары қолдап қол қойып, Кадеттер партиясы қазақ депутаттары жақта болды. 1919 жылы Тұрар Рысқұлұлы Мұсылман бюросын ұйымдастырған екен. Ондағы ең белсендi топтар әзірбайжан, татар, қазақтар едi. Сол екi реткi Дума отырысында ең өзектi мәселе қазақтың жер мәселесi болды. Сонда орыстың депутаттары «Неткен сорақылық? Бұл орыстың Думасы ма? Жоқ, әлде бұратана қырғыздың (Қазақтар) Думасы ма? Қырғыздың жерiнен басқа талқылайтын мәселе жоқ па? Бiз неге қайта-қайта осыған орала беремiз» деп ашуланған екен. Бұл ненi түсiндiредi? Өздерiнен неше есе күштi Ресей Думасында отырса да, басыбайлы елдiң өкiлдерi бола тұрса да, шындықты тайсалмай айтатын қазақ депутаттарының күштi екендiгiн көрсетті. Сол кезде Әлихан Бөкейханды орыстың атақты қайраткерi Керенский мойындаған. Ресей Кадеттер партиясы орталық комитетiнiң ең беделдi мүшесi болған. 1916 жылы Орталық Азияда ұлт-азаттық көтерiлiсi болған кезде Әлихан Бөкейхан оған хат жазады. «Менiң сiзге өтiнiшiм бар. Орталық Азиядағы көтерiлiс туралы шынайы зерттеу жұмысын жүргiзсеңiз. Соны мемлекеттiк кеңесте айтсаңыз, бiздiң халқымыз үшiн шындықты, әдiлеттiлiктi жеткiзсеңiз» дейдi. Сонда Финляндияда бiр бүйрегiне ота жасатып, емделiп жатқан Керенский Әлиханның өтiнiшiн жерде қалдырмай Ташкентке келiп, Орталық Азияны аралап, үлкен баяндама жасап, парламентке хабарлап, өтiнiшiнiң орындалғандығы туралы Әлиханға жеделхат салады. Мiне, Алаштың шын қамын жеген асыл ұлы Әлихан осындай тегеурiндi қайраткер болған. Өкiнiшке қарай, Сталин кеңестiк құрамдағы қай ұлттың зиялыларының шын мықтылығын байқап отырған. Билiкке келе салысымен оның қырына бiрiншi iлiккен Алаш зиялылары болды. 1926 жылы татар ұлтшылы Мiрсайт Сұлтанғалиевтың iсi қаралады. Сонда Тұрар Рысқұлов сөйлейдi, арасында Сталин ескерту жасаймын деп Тұрардың тойтарысына ұшырайды. Мiне, қазақтың сол кездегi саяси элитасының мықтылығын қараңыз. Бiрақ сол бiрiншi буын зиялылар түгел қуғын-сүргiн құрбаны болды. Екiншi буын басқарушы топ кеңес үкiметiн мойындаған, коммунистiк билеттi қалтасына салғандар да саяси жазалауда атылып кеттi. Кеңес үкiметi қазақ басқарушы тобының арасында дәстүр қалыптастыруына кедергi жасады. Олардың еркiн сөйлеуiне, ойлауына жол бермей, қудалауға ұшыратты. Ондағы айыптаулары бiреу-ақ — «қазақ ұлтшылдары». Сонау патша өкiметi тұсынан басталған бұл «көшпелі» жала кешегi Дiнмұхамед Қонаевқа дейiн ұлтымыздың соңынан ерiп келдi.
— Зиялылар арасындағы пiкiр қайшылығы қай қоғамда да бар секiлдi. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың, Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың ұстаным айырмашылығы кей тұстарда түрлiше айтылып қалады. Бұл туралы ашық ойыңызды бiлсек…
— Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың арасында қайшылық болған емес. Бiреулер «Мұстафа – Түркiстан автономиясын, Әлихан ұлттық өкiметтiң құрушысы боламыз деп аласұрды» дейдi. Әрине, екеуiнiң ұстанымында айырмашылық бар екенi рас. Әлиханның ұстанымы — ұлттық мемлекет құру. Ол «Бiз осы жол арқылы ғана өзiмiздiң жоғымызды түгендей аламыз» дедi. Шоқайдың идеясының негiзiнде Түркiстан халықтарының күшiн бiрiктiру, экономикалық қуатын қалыптастыру арқылы олардың өзара дiн, дiл, тiл жақындығын дұрыс пайдаланып, Орталық Түркiстан өңiрiнде мықты, қуатты мемлекет құруға болады дедi. Әрi сонысында қалды. Оның көзқарасы өте ауқымды, жоққа шығаруға болмайтын ұстаным едi. ХХ ғасырдың басында «Қазақтар өзiнiң ұлттық мемлекетiн құрмаса, қазақ жерiн сақтай алмайды» деген Әлихан Бөкейхан бағыты белгiлi дәрежеде өзiн-өзi ақтайтын ұстаным болды. Бiз олардың пiкiрiн бiр-бiрiне қарсы қоймай, айырмашылықтарын салыстыра отырып, ортақ мүдде болғандығын айтуымыз керек. Мұстафа Шоқай кезiнде Алашорда өкiметiнiң де мүшесi болды. Түркiстан автономиясын да басқарды. Бұлардың әрекеттерi халықтың азаттығын, тұтастығын сақтау, халыққа жағымды даму бағыты мен ұстанымдарды анықтау болды. Сол тұста заман құбылмалы болды. Олар күрделi заманның күрделi тұлғалары. Оларды тек қана бiр қалыпқа салуға тырысудың қажетi жоқ. Тарих қалай болса, солай көрсеткенiмiз дұрыс. Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың арасында бiтiспес жаулық бар деп ойламаймын. Ол екеуi мемлекет қайраткерi дәрежесiне көтерiлген iрi тұлғалар болып, ортақ мүддеге жұмыс iстедi. Ұлтты жаңа сапаға көтеру, теңдiгiн, Тәуелсiздiгiн сақтау тұрғысында түрлiше жолды таңдады. Түптеп келгенде, екеуiнiң мемлекет құру, мемлекет дамыту iсiнде айырмашылық жоқ. Ал бiрақ олар да пенде ғой, пенделiк кемшiлiктерiн заман контексiне байланысты қарап, сол тұрғыда түсiнсек жарар едi. Әрине, империя құрамында болған ұлттардың өмiрi жеңiл-желпi дүние емес. Сұлтанбек Қожановтың мынадай сөзi бар: «Бiздiң желкемiзде Дамаколов айбалтасы төнiп тұр». Ұлт қайраткерлерiнiң күрделi жағдайда жұмыс iстеуiне, заман ағымына бейiмделуіне тура келдi. Империялық үкiметтiң саясатымен есептесуге тура келдi. Бiрақ екеуiнiң арасында келiспеушiлiктiң болғаны шындық. Десе де оны бадырайтып көрсетiп, одан түрлi мүдделер iздеудiң керегi жоқ. Кейбiр зиялы қауым арасында сөз болып жүрген Тұрар Рысқұлов алашордашыларға опасыздық жасады дегенi – ешқандай негiзi жоқ пiкiр. Мәселе мынада – Алаш қозғалысына, Алаш қайраткерлерiне 1923-1924 жылдардан бұрын 1917 жылға дейiнгi кезеңде де патшалық билiк сеператистер ретiнде қарады. Сондай ұстанымдағы адамдардың қатарында Сталин де болды. Қазақ зиялыларына ұлтшылдар ретiнде, ұлттық мемлекет құрушылар ретiнде қарады. Алаш зиялыларын Қазан төңкерiсiнен бұрын патша үкiметi, одан кейiн кеңес үкiметi қудалады. Алаштың аймаңдай ұлы Әлихан Бөкейхановты 1908 жылы Самараға жер аударып, 1917 жылға дейiн елге келуiне шектеу жасады. 1922 жылы Семейден (Алашорда астанасы) ұстап алып кетiп, Мәскеуде бiр бөлмелi пәтер берiп, сонда ұстады. 1937 жылға дейiн Қазақстанға келуге құқығы болмады. Сталин 1917 жылдан бастап Алаш зиялыларына «ұлтшылдар», «жапон тыңшылары» деген ойдан құрастырылған сандырақ негiзiнде қарады. Оларды шеттетiп, билiкке жiбермей, аластап отырды. 1918-1919 жылдардан бастап Сталин билiкке кiмдердi тартты? Әрине, ұлт-азаттық қозғалысына қарсы адамдарды бауырына басты. Мұнда алдымен көзге түскенi — Әлiби Жангелдин. 1917 жылға дейiн қазақ қоғамында белгiлi бiр қызметiмен танылмаған, беймәлiм адам едi. Ол қазақ қоғамы арасында көзге түсуге тырысқан жеке тұлғалар жөнiнде мәлiметтер беру iсiнде кеңеске мейлiнше әдiл болған. Ол туралы «Қазақ» газетiнде мақала жазылған. Онда Әлихан Петроград жұмысшы және солдат депутаттары советiнiң жiберуiмен Бүкiлресейлiк құрылтай жиналысына депутаттыққа тек социал-демократтардың өкiлдерiн ғана сайлауға үгiттеуге Торғай уезiне «миссионер» Әлiби Жангелдиннiң келгенiн, бiрақ оның бұл әрекетiнен ештеңе шықпағандығын айтып, сайлау нәтижесiнде Торғай уезi бойынша Алаш партиясы – 54978 дауыс, ал социал-демократтардың бар-жоғы 41 дауысқа ғана ие болғандығын жазады. Әлiби де өз айналасына ұлтқа жаны ашымайтындарды жинай бiлдi. Соның бiрi Мұхамедияр Тұнғачин едi. Ол 1917 жылғы төңкерiске дейiн ұзақ мерзiм iшiнде Орынборда татар және қазақ басылымдарының цензоры болып, ұлт-азаттық ұстанымындағы қазақ зиялыларына қарсы патшалық билiкке қызмет жасаған, табанының бүрi жоқ адам едi. Ал Тұрар Рысқұлов Алашқа қарсы саяси жазалауды бастап бердi деу – ешқандай негiзi жоқ жала. Кеңес үкiметi Тұрардың хатынан бұрын да Алашордаға қарсы болатын. Бұл – әншейiн Тұрар Рысқұловтың бiр жазған хатын саудаға салу арқылы ұлы қайраткердiң тарихтағы орнын аласартуға деген саудагерлiк. Бiз үлкен тұлғаларды бiр-бiрiне қарсы қоюды доғаруымыз керек. Олардың өмiр кешкен заманынан бiр ғасыр өттi. Ал бiз болсақ, екеуара келiспеушiлiктi арзандатып, рулық деңгейде түсiндiруге тырысамыз. Бұл – өресiздiктiң, көргенсiздiктiң бейнесi.
— Қазақ мемлекетiнiң қалыптасуына өлшеусiз еңбек еткен ұлт зиялыларының ерлiгi – таусылмас хикая. Бүгiнде солар салған iзбен егемендiгiн алған шақта олардың еңбегi қаншалықты деңгейде ұрпақ санасына ұялады? Бiз Алаш қайраткерлерiн қалай дәрiптеп жүрмiз?
— «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеймiз, ендi Алашты ешкiмнiң қорлығына бермеймiз деп ұрандаған Алаш ардақтыларының асыл мұраты орындалды. Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттiгi жоқ халық – жетiм әрi жетекшiл халық. Мемлекеттiгi жоқ халық – елiктегiш халық» деп айтқан едi. Мен соңғы кездерi көпшiлiк ортада Алашорда қозғалысын кейбiреулердiң әншейiн бiр топ зиялылардың қызметi, солардың қозғалысы деп ойлайтындығына көзiм жеттi. Шын мәнiнде, «Алаш» деген сөз – қазақтың екiншi аты. XVII-XVIII ғасырларда қазақтың екi атауының бiрi Алаш болған. Кеңес идеологиясы Алаш қозғалысын халықтан бөлiп тастауға тырысқан әрi әрекет еткен. Халықты Алашқа қарсы қойған. Бұларға «ұлтшылдар», «буржуазияның қалдығы» деген айып та тағылған. Шын мәнiнде, бұл қазақ ұлт азаттығы қозғалысы, Қазақ ұлттық үкiметi деген сөз. Бiз солай қабылдауымыз керек. Егер Алаш қозғалысы болмаса, бiз кiм болар едiк? Бiз сахарада қой соңында қалып қояр ма едiк деген ой келедi. Олар өз бағдарламасымен, iс-әрекетiмен бiздi ұлт деңгейiне көтердi. 1917 жылы жазылған Алаш партиясының бағдарламасын еуропалық кез келген елдiң жобасымен салыстырып, қатар қойып оқуға, қабылдауға болады. Мынау көршi халықтардың (қырғыздар, өзбектер, түрiкмендер, тәжiктер) ешқайсысы ондай партия құру, қозғалыс ашу дәрежесiне көтерiлген жоқ. Бiрақ 1917 жылы Қоқанда Түркiстан автономиясы құрылды. Дегенмен оны құрғандар да Алаштың арыс азаматы Мұстафа Шоқай болып, өкiметтiң алғашқы төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев, ішкi iстер министрi Серiкбай Ақаев болды. Алаштықтардың деңгейiнiң қаншалықты болғандығын осыдан-ақ байқауға болады. Тағы бiр мәселе – егер Алаш қозғалысының бағдарламасы iске асқан жағдайда бiз кiм болатын едiк? Егер орындалғанда бiз мүлдем басқа сападағы, басқа деңгейдегi ұлтқа айналатын едiк. Мысалы, 1917 жылы өзбек ағайындардың саны – 3,5 миллион, қазақтардың жан саны 5,5-6 миллион едi. Бүгiнде өзағаңдардың саны 30 миллионнан асып кеттi. Ал қазақтар 10 миллионнан ендi асып үлгердi. Неге олай болды? Себебi бiз кеңестiк реформаның даму вариантымен жүруге мәжбүр болдық. Француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюсси «Кез келген билiктi бағалаудағы өлшемді сол мемлекеттегi мемлекет құраушы халықтың санының өсiп немесе кемiп кетуiнен байқауға болады» деген екен. Мiне, 1931-1932 жылдардағы Жоғарғы Кеңестiң санағына негiзделгенде қазақ халқы жартысынан айырылды. Алаштың жеңiлуi – ұлттың жеңiлуi, бұл – трагедия, бұны мойындауымыз керек. Әлихан Бөкейхановқа атылған оқ ұлттық идеяға атылған оқ едi. Ал бiз бүгiн сол жоғалтқанымызбен табысып жатырмыз. Жақында Қарағанды қаласында алашордашылар туралы үлкен жиын өттi. Сонда бiр профессордың айтқандары есiме түсiп отыр. Әлiмхан Ермеков (алашордашылардың ең соңынан кеткен тұяғы едi) 1960 жылдары айтқан екен: «Ұлт-азаттық қозғалысы әлемнiң барлық елдерiнде болған. Олардың тұлғалары да империялық күштер тарапынан қудалауға ұшырады. Бiрақ олар дәл қазақ қайраткерлерi сияқты баудай оталған жоқ», – дейдi. Оны жасаған кiм? Кеңестiк үкiмет. Ондағы ойы қазақ халқын тәуелдi, ассимиляцияға ұшыраған халыққа, ұлт мәдениетiн көшiрме мәдениетке айналдырмақ болған. Қазiргi бiздiң тұтынып жүрген көптеген дүниелерiмiз – орыстан, Еуропадан келген көшiрме мәдениет. Құдайға шүкiр, жерге тасталған дән өлмейдi екен. Қазақ мемлекетi құрылды. Бiз әлем елдерiмен иық тiресе алатын болдық. Әлем күрделi жағдайда өмiр сүрiп жатыр. Бұл жағдай одан ары күрделене бермек. Өйткенi әлемде халықтар саны қауырт өсуiне байланысты жер ресурстары азайып келе жатыр. Соған байланысты талас жүруi мүмкiн. Сол тiресте күштiлерге шыдау үшiн бiзде ұлттық рух, жоғары мәдениет, сапалы бiлiм болуы керек. Қазақияның астындағы, үстiндегi барлық игiлiк қазақ мемлекетiне қызмет етуi керек. Әлихан Бөкейханның «Оның әрбiр түйiр тасы әр қазақтың өңiрiне түйме болып қадалуы керек» деген даналығы ұрпақ есiнен шықпауы тиiс. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ жерiнiң бар байлығын қазақ болып қана сақтай аламыз.
— Төл тарихымыздың жазылуына бұл күнде тарихшылардан гөрi әдебиетшiлер көптеп атсалысып жүрген сыңайлы. Оның дәлелi – бiздегi тарихи романдар, қол бастаған батырлар туралы өмiрбаяндық романдар көп, ондағы деректерде бiрiздiлiк бар ма?
— Елiмiздiң тарихын жазуда жазушылар басымдық танытып жүр дегенге келiспеймiн. Жалпы, тарихты қашанда тарихшылар жазады. Тарих ғылымында тарихи жад, ғылыми тарих деген екi түрлi ұғым бар. Елдiң, ұлттың тарихы ғылыми негiзде жазылуы керек. Сонда ғана ол негiздi, дәлелдi болып шығады. Сол арқылы ұлттың тарих саласын қалыптастыруға болады. Ал тарихи жад халықтың жадындағы тарих негiзiне басымдық бередi. Роман жазушылар көбiнесе тарихи фактiлерге қарағанда халықтың жадындағы деректерге негiздеп, көркемдiк бояу, әдеби образдармен жазады. Халыққа түсiнiктi тiлмен жеткiзiп жатады. Мұның өзi – әдебиеттiң, көркем шығарманың ерекшелiгi. Қазiргi кезде ғылыми тарихқа келсек, ол қазақ тарихының ең күрделi мәселелерiн игеру жолында тұр. Ерте, көне кезеңдi алып қараңыз, қазақ халқының этногенiнiң шығу негiзiн ғылыми тарих тұрғысынан антрополог Оразақ Смағұлов ағамыз жазып жүр. Бүгiнгi қазақтардың қанында баяғы бiздiң жерiмiзде өмiр сүрген, мемлекет құрған, мәдениет қалыптастырған Сақ, Үйсiн кезеңiндегi халықтардың қаны бар болып, солармен арамызда тiкелей гендiк (генетикалық) байланыс бар дейдi. Бұл, негiзiнен, зерттеу нәтижесiнде дәлелденген тұжырым. Құдайға шүкiр, тарихшылар қазақ мемлекеттiлiгiнiң, ұлтының қалыптасуына, Тәуелсiздiкке байланысты iргелi еңбектердi 21 жылдың iшiнде көптеп жазып, зерттедi. Бiрақ бұдан да қарқындырақ, жемiстiрек болғаны жақсы болар едi. Қалай болғанда да тарихты қорыту процесi кәсiби тарихшылар тарапынан жүрiп жатыр. Әрi солай болып қала беруi тиiс. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ал ендi жазушылар көркем шығармаларында ғылыми еңбектерге сүйенгенi дұрыс болар едi. Әрине, халық арасында сақталған (тарихи жад) деректерге негiздеудi терiстеуге болмайды, халықтың жадындағы тарих та керек. Әйтсе де романистер әр уақытта да ғылыми тарихты есiнде тұтса деген тiлек қана. Сонда ғана ғылым мен көркем шығарманың арасындағы табиғи байланыс келiстi үйлесiм табады деп ойлаймын. Онсыз тарихи қателiктерге жол берiп алуымыз мүмкiн. Ал бiзде қазiр етек алып бара жатқаны – региондық масштабтағы батырлар туралы көркем шығармалар көптеп жазылып жатыр, тарихты қорытудың жолдары мен әрекеттерi болғандықтан, мүмкiн, ол да керек шығар. Қалай болғанда да жазушылар еңбектерiн халықтың табиғи, тарихи арнасында жазса жақсы болар едi.
– Тарихтан шерткен, тағылымы терең сыр-сұхбатыңызға рақмет.
Алашқа айтар датым…
Жалпы, ғалымның соқпағы күрделi, ол тегiс, кедергiсiз жол емес. Әсiресе қазақ тарихындағы күрделi тақырыптарға қалам тарту тарихшыға жеңiл соқпасы анық. Онда ғалым әрқилы ұстанымдарға бетпе-бет келедi. Әрине, сiздiң тарих жазудағы ұстанымыңыз қоғамдағы жалпыға бiрдей ұнай қоймасы даусыз. Бiрақ бiр нәрсенi есте сақтаған абзал. Ол тарихшының мiндетi – шынайы тарих жазуға талпыну. Фактiлiк негiзi бар тұжырымдар жасауға тырысу керек. Бiздiң мемлекеттiлiгiмiз күрделi кезеңдегi даму жағдайында өмiр сүрiп жатыр. Сондай жағдайда бiз әрқашан тарихты ұлттық сана, ұлттық құндылықтар тұрғысында жазуымыз керек. Бiздер қазiр рулық, аймақтық тұрғыдан ой қорытудан өтiп кеттiк. Оны артта қалдыруымыз керек. Ондай ұстанымның болашағы бұлыңғыр. Адамзаттық, мемлекеттiк деңгейде талдаулар жасауымыз, соның аясында халқымыздың өмiрiн түсiндiруге тырысуымыз керек.
Автор: Нұршат ТӨКЕН