Біз «Айқын» газетінде жыл басында-ақ дамуымыздың басты жауы инфляцияны тежеу қажеттігі жайлы ашық жазғанбыз. Оған дейін газетімізде жылдық ішкі жалпы өнімнің өсім көлемі мол болуын Ұлттық банк тежеп отырғанын және дәлелдеп бергенбіз. Қысқасы, атқарушы биліктегі дәл осы саланы басқару тетігіне жауапты мырзалар халық немесе мемлекет мүддесіне қызмет істемей жүргенін ашық айтқанбыз. Біздің сол сынымызға жауап ретінде ме, әйтеуір Үкімет биылғы жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайыз болады дегенді айтып шықты. Қызық, шамасы осы көрсеткіш жөнінде Үкімет пен Ұлттық банк арасында қақтығыс болған сыңайлы. Олай дейтін себебіміз, Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко кейініректе «Ұлттық банк Үкіметке бағынбайды» деп салды. Қош. Жарайды, біздің заңнамалық актілеріміз бойынша ол Үкіметке бағынбайды. Бағынбаса бағынбасын. Бірақ Ұлттық банк мемлекеттің, халықтың мүддесіне бағынуы тиіс. Бұл «тайға таңба басқандай» заңдастырылған ақиқат. Ендеше Ұлттық банк басшылығы елімізде халықаралық валютаға зәрулік мүлде жоқ шақта және экспорттық шикізаттарымыздың барлығының бағасы әлемдік қор биржаларында жоғары деңгейін сақтап тұрған шағында неге доллар-теңге ара-қатынасын 1=150,5 мөлшерінен түсірмей тұр? Егер 150,5 санының орнында бар болғаны 148 саны тұрса, жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі шамамен 8 пайыз болар еді ғой. Мұны Григорий мырза білмей жүрген жоқ. Біледі. Білсе де теңге-доллар бағамын 1=148 шамасына маңайлатқысы келмейді. Неліктен? Марченко бұған өз сылтауын айта жатар, бірақ біз бұл жолы Марченконың «жоламайтын сандарынан» тек қана халықтық қазынаны бауырына басып алған және оларды экспорттаушылар пайда тауып тұрғанын анық білеміз. Дәлелдейік. Мұнай экспорттаушылар жалақы және басқа мемлекеттік міндетті төлемдерді атқару үшін ішкі базардан теңге айырбастап алуға тиіс. Сондайда шикізат экспорттаушыларға 1 миллиард долларды 150,5 миллиард теңгеге айырбастаған пайдалы ма, әлде 148 миллиард теңгеге айырбастаған пайдалы ма? Әрине, алғашқысы пайдалы. Бақандай 2,5 миллиард теңге ұтысқа шығады. Міне, гәп қайда жатыр?! Енді Марченконың кімге қызмет етіп жүргенін оқырман өзі пайымдай берер. Тек оның халыққа, Қазақстан Республикасына қызмет етіп жүрмін дегеніне өз басым ешқашан сене алмаймын. Бұл біз айтатын бірінші ақиқат.
Екінші ақиқат былайша өрнектеледі: инфляциямен күрес Ұлттық банкке, яғни Григорий Марченкоға жүктелген міндет. Ол ешқашан да инфляциямен күреспеген лауазым иесі екенін жоғарыдағы бірінші ақиқат арқылы бір рет дәлелдедік. Дәлелдедік деп батыл айтатын себебіміз теңгені құнсыздықта ұстаудың өзі инфляцияны тежеуші емес қоздырушы екенін саналы адам білуге тиіс. Бұған қоса айтарымыз, бүкіл дүние- жүзі дағдарысты кезең жағдайында өз валюталарын «үстеп қоректендіру» (ставка рефинансирование) мөлшерін азайтқан үстіне азайтып жатыр. АҚШ федералдық қаржы жүйесі долларды үстеп қоректендіру мөлшерлемесін 0,25 пайыз, Еуробанк еуроны «қолдауды» 0,5 пайыз, Жапония иенаға «жәрдемді» 0,75 пайыз мөлшеріне дейін түсірді. Ал бұл көрсеткіш бізде әлі күнге дейін 8 пайыздан төмендемей тұр. Бұл біздің ойымызша тек теңге ырыққа көнбей, шексіз құнсыздануға ұмтылған шақта ғана қолданатын сан.
Ал қазіргідей жағдайда Ұлттық банк ставкасы 4 пайыз мөлшерінде болса да жетіп артылады. Неліктен Ұлттық банк бұл көрсеткішті түсірмей тұр? Бұл да бізге белгілі – оллигархтарды қолдаудың бір жолы осы. Олардың Ұлттық банк депозитаринде ұстаған ақшасына 8 пайыз «сыйақы»беріледі.
Осылайша біз Ұлттық банк және оның басшылығы инфляциямен күресуші емес оны қоздырушы қызметін атқарып жүргенін дәлелдедік қой деймін. Ал енді бізге қалай болғанда да инфляцияны тежеу ауадай қажет. Инфляция ең көп дегенде жылдық ішкі жалпы өнім өсімінің тең жартысынан аспауы керек. Биылғыдай жағдайда ол бар-жоғы 3 пайызбен шектелуге тиіс. Бұлай жасауға бола ма? болады. Ол үшін:
біріншіден, мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің талқысына салсақ та «Ұлттық банк ставкасын» екі есе азайтуға тиіспіз;
екіншіден, Марченконы қайтсек те доллар-теңге арақатынасын 1=148 деңгейіне түсіруге міндеттеуі керек;
үшіншіден, аймақтар мен Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне жылдық инфляцияны 3 пайыздан асырмау міндеттелгені жөн;
төртіншіден, импорт тауардың кеденнен өткендегі және ішкі базардағы бағаларына мониторинг жүргізу басты жұмысымызға айналсын.
Оқырман байқаған шығар, инфляцияны тежеу мүлде қиын шаруа емес. Өкінішке қарай, инфляциямен күрес жүктелген Ұлттық банк басшылығы басты жауымызды тежеумен емес, керісінше оны қоздырумен айналысып келеді. Яғни ұлттық мүддені жалпыхалықтық байлықты бауырларына басып, «ішіп тоймағандардың жалап тою» мүддесіне бағындырып отыр. Солай, айтарын айттық. Не боларын күтейік.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН
http://www.aikyn.kz