АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлтжандылық деген бұл — Ұлы сезім.

Ұлтжандылық деген бұл — Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры — осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман — қатал.

Мен геосаяси жағдайдан хабарым бар адаммын. Қытайдың, Ресейдің қаупі бар. Жаһанданудан қорқудың қажеті жоқ. Жаһандануды бастаған көшпенділер. Өзіміз мықты болып, өзіміздің барымызға ие бола білсек, жаһандануды қайта оң жағынан пайдалануымыз керек. «Жібек жолындағы сұхбаттар» деген семинар ұйымдастырып, қазақ-қырғыз болып кездестік. Биыл өзбек, тәжік, түрікмендер келіп, келелі әңгіме жүргіздік.

Мұндай басқосулар арамызды жақындастырып, араздықты болдырмайды. Сыртқы істер министрлігі, үкіметтегілер бұған онша мән бермейді. Әйтпесе қауіптің үлкені — сол. Қазақтың үлкен кеңістікті билейтін сапасы болуы керек. Ол тек қана білектің күші мен найзаның ұшымен бітетін нәрсе емес, оған ақыл, білім, саясат, дипломатия керек. Біріншіден, біздің зор мүмкін­діктеріміз бар екенін естен шығармауға тиіспіз. Оған ешқандай күмән келтіруге болмайды. Тарихымыз терең, жеріміз бай, кең. Геосаяси жағдайымыз өте жақсы.

Мұның әрқайсысының қарама-қарсы жағы да бар. Мысалы, геосаяси жағда­йы­мыздың екінші қырын алып қарасақ, халқымыз аз, жеріміз кең, соны ұстап тұ­рудың өзі оңай емес. Іргеміздегі Ресей осы күнге дейін империя болғысы келеді. Ішкі жағдайда қазақтың бір-біріне қамқор­лы­ғы керек. Балаларын тастап кету, туыстар­дың бірін-бірі мойындамауы көбейіп келеді. Қазақтар ашаршылық жылдары қиналған жанға қолындағысын бөліп беріп, оны қатарға қосып алған. Бұл — даланың Ұлы заңы. Біз бір-бірімізді сақтап қалуымыз керек.

Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері

 

http://ult.kz/kz/speak/view?id=35