АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ұлы ақынның жұмбақ қырлары

1. АБАЙ АТАДАН АЛТАУ ЕМЕС, ЖЕТЕУ!

“Жүрегiңнiң түбiне терең бойла, мен бiр жұмбақ адаммын оны да ойла” деп жырлаған ұлы ақынымыздың жұмбаққа толы соқ­тықпалы, соқпақсыз өмiрiн толық зерттеп болдық па? Бiздiңше, жоқ. Себебi, Абай – шексiз әлем, түпсiз мұхит тәрiздi мәңгiлiк зерттеудi қажет ететiн ғажайып дүние. Ол өзiнiң атақты “Сегiз аяқ” өлеңiнде “Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерiм жоқ” деп толғанады ғой. Атадан алтау дегенi әкесi Құнанбай қажыдан туған алты ұл. Олар: Тәңiрбердi, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Смағұл, Халел. Бұлардың алғаш­қы төртеуi Ұлжаннан туады. Абайдың “Анадан – төртеу” деуi сондықтан болса керек. Бiрақ, Абай атадан алтау емес, жетеу. Құнанбайдың бiрiншi әйелi, қазақша айтқанда бәйбiшесi Күңкеден Құдайбердi туған. Одан халқымыздың ұлы ақындарының бiрi Шәкәрiм дүниеге келгенi тарихтан белгiлi. Сонда Абай “Сегiз аяғында” атадан – жетеу деп неге айтпады? Әлде ә дегеннен-ақ әнге сұранып тұрған өлеңге бiрыңғай дауысты дыбыстан “Атадан – алтау” деп бастау қажет болды ма екен? Ол жағы Абайдың өз жұмбағы.
2. ҰЛЖАНДЫ ҚҰНАНБАЙ КЕЛIНДЕЙ ЕМЕС, ҚАЛЫҢДЫҚТАЙ АЛҒАН
Ұлы ақынымыздың 1961 жылы жарық көрген толық жинағында Абайдың туған күнiне байланысты мынандай жолдар бар:
“Құнанбай ауылы шарасына толып, емiн-еркiн елдi билеп, бет қаратпай кең жайлау алқа көлде көшiп жүрген бiр күзiнде шүйгiң­дi жер, үлкен қамысты көлдiң жағасы Қасқабұлақта 1845 жылы (ескiше 10 августа) Құнанбайдың Күңкеден кейiнгi екiншi әйелi, келiндей алған тоқалы Ұлжан тағы бiр ұл табады. Алғашқы ұлын Тәңiрбердi (Тәкежан) қойыпты, ал кейiнгi осы туған ұлының атын Ибрагим қояды”.
Сонда Ұлжан Құнанбайдың қай iнiсiнiң әйелi? Қарадан хан шығып, аға сұлтан атанған Құнанбай екiншi әйелдiкке неге жесiр келiнi Ұлжанды таңдады? Қазақтың “Ат биеден, алып анадан туады” деген даналығын берiк ұстан­ған сұңғыла Құнанбай кейiн бұл әйелден Абайдай данышпан туатынын сол кезде аңғарды ма? Әйтпесе, айтқаны жүрiп, атқаны тиiп тұрған Құнанбайға тоқалдыққа да қыз алуға болады ғой.
Абайдың анасы Ұлжан жайлы бiздiң бәрiмiзге ортақ мәлiмет – оның Арғын iшiнде Қаракесектен тарайтын Шаншар ауылының қызы екенi. Шаншарлар қазақы қалжың сөзге өте шебер болған.
“Атамұра” баспасы шығарған “Абай” энциклопедиясының де­регiне сүйенсек, Құнанбай Ұл­жанды келiндей емес, қалыңдықтай алыпты. Құнанбайдың өзiнен кейiнгi iнiсi Құлмұханбетке айттырылған қыз екен. Құлмұханбет бала кезiнде қайтыс болып, Ұлжан Асқар Сүлейменов көке­мiздiң тiлiмен айтқанда, “қыздай жесiр” қалады. Сонда Құнанбай бабамыз Ұлжан анамызды ке­лiндей емес, қалыңдықтай алған.
Сайып келгенде, Абайдың өз жұмбағын былай қойып, оның өскен ортасындағы жұмбақтардың өзi шешуiн таппай жатыр.
Мейрам Оралов, журналист,
Ақсуат ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
http://zhasalash.kz/