Қазір драматургия жоқ дегенді жиі естиміз. Соңғы жылдарда сахналанған кейбір шығармаларды қарап отырып, расымен де солай ма деп қаласың. Қарабайыр публицистика, құрғақ дидактикаға қарық болып-ақ жүрміз. Кейбір пьесалардың мектеп сахнасындағы скетч деңгейінен шықпағанын байқап, соны сахналап отырған ұжымды іштей аяйтының да бар. Осындай жақсы шығарма қат кезеңде М.Әуезов театрында қойылған Төлен Әбдіктің «Ұлы мен ұры» драмасы жылт еткен жақсылықтың нышанындай әсер етті (режиссері Есмұхан Обаев). Неге десеңіз, бұл кезекті плакаттық пьеса емес, шын мәнінде деңгейлі, өрелі, интеллектуалды сипаты басым шығарма.
Басқа ұлттар ондаған ғасырлар сарп қылатын қорлық пен зорлық, адасу мен арылу, тазару жолын кешіп өту үшін бізге бір ғана ХХ ғасыр жеткілікті болыпты. Соншама сұрапылдықты, тас-талқаны шығып жатқан идолдарды, қас-қағым сәтте төңкеріліп жатқан «заманды» тарихтан танып-білетін біздің буын ештеңеге сенбейді енді. Кешегі «Қызыл сұңқарлар» өздері имандай сенген Советтен таяқ жемеді ме? Кешегі Күн көсемдердің айтқанының бәрі алдау болмады ма? Кешегі боздақтардың түбіне жеткендер бүгін сампылдап басқаша сөйлеп отырған жоқ па? Кеше ғана Сталиннің суретін сүйгендер аз уақытта «сол жылдарда қазақтың азаттығын аңсадық» деп шықпап па еді? Шындық қайда, өтірік қайда, патриот қайсы, популист қайсы, айыра алмайтын деңгейге жеттік. Әбден алданып болған халықпыз. Сондықтан қандай идеяны да шынайы қабылдаудан үркіп қалғанбыз. Ал аға буын жастарды кінәлайды… Жетпіс жылдың ішінде бірін-бірі сатып, атып, адамның етін жеуге дейін барған халықтың болашағы қандай болады? Оның бәріне көз жұмуға болады. Бірақ алдымен кешегі күннің қателіктерін мойындап, өткен күннің қылмыстарымен бетпе-бет келу керек сияқты. Кешегі буынның қателіктерін бүгін қалай сараптаймыз? Бүгінгі буын қай тұста мүлт кетіп жатыр? Осы күнге дейін бұл сұрақтардың бәріне қорыта жауап берілген жоқ. Драматургия түгілі, үлкен әдебиетте, прозада ондай талпыныстарды байқаған жоқпыз. Сондықтан Төлен Әбдіктің «Біз бұрын не істедік? Неге олай еттік? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға жауап іздеуі көрермен көңіліндегі күдіктерді дөп басқандай…
Пьеса логикалық үш бөлімнен тұрады. Бауыржан Қаптағай (ұлы немесе ардагер, әке, жазушы) аға буынның жиынтық образы да, Азамат Сатыбалды (бала) орта буынның өкілі. Алға жылжыған сайын кейіпкерлердің образы дами түседі. Сонымен, «бірінші бөлім» – Ұлының Ұрымен (Дулыға Ақмолда) кездесуі. Жалғыздықтан жалыққан қарт жазушы өзін тонауға келген Ұрыға барын тосып, «менің жанымда қалшы» деп өтінеді. Қараусыз қалған, жалғыздықтан жапа шеккені сондай, тіпті ұры болса да көлденең кісіге зар болған қалалық қарттардың мүсәпірлігі ойға оралады. «Сен қысылма, біреудің ойын, сөзін ұрлау да ұрлық, бірақ соған қымсынып жүргендерді көрмедім» дейді Ұлы. Диалог барысында кейіпкердің кісілік келбеті даралана түседі. «Екінші бөлім» – қаламгерден сұхбат алуға келген журналистермен болатын әңгіме. Мұнда кейіпкердің заманға деген базынасын тыңдайсыз. «Бүгінгі күн тамашамен» жүрген жаңғалақ журналистерге ашуы келген ардагер бүгінгі азаттықтың өзіне күмәнмен қарайды. Жалпақ ұранға жоламай, қоғамды, билікті ашық айыптайды. Осы тұста килігетін оның тойшыл досы (Төлеубек Аралбай) да қоғамдағы жағымпаздық, жалтақтық, мақтанқұмарлықтың жарасын тырнауға керек болған. Шай ішіп отырып билікті жамандап алып, камераны қоса қалсаңыз, «Азаттығымыз жасасын» деп лыпып шыға келетін талай «экземплярларды» тани кетесіз… Ескерте кететіні, пьесада әрекет, оқиға жоқ. Ой әрекеті, ой арпалысы, ой динамикасы ғана бар. Осы тұрғыда әсіресе «үшінші бөлім» сәтті шыққан сияқты.
Мұнда жазушы өз баласымен бетпе-бет келеді. Алдымен Азамат Сатыбалдының сомдауындағы бала өзінің ажырасып келгендігін айтады. Әке, әлбетте, ұлын кінәлайды. «Марқұм шешең екеумізді тыңдамай, үйленіп едің, енді неге ие бола алмадың?». Баласы әкесін тыңдағысы келмейді. Осы тоңмойындықтың, бірбеткейліктің арғы жағында не жасырынып жатыр? «Әке, біз мүлде бөлек адамдармыз. Оған көп ақша тапқаным керек, ал мына қоғамда алдамасаң, біреуге жағымпазданбасаң, қайтіп бай боласың? Сен маған олай істеуге болмайды деп үйретпеп пе едің?»… Диалог өрби келе, «Сен маған тәрбие бере алмадың» деп қойып қалады. Ішкіш, отбасынан айырылған орта жастағы ұл – жолы болмаған бейшара емес екен. Ол… біз басында ойлағаннан әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделі тұлға болып шықты. Актер Азамат Сатыбалды осы шығармаға барын салғаны көрініп тұр. Оның алғаш рет адасып кеткендей кіріп келетін сәтінен бастап Онегиннің, Печориннің бойындағы бір салқын биіктіктікті байқайсыз. Азаматтың соншалықты терең образы жеке актерлік өмірбаянанда ғана емес, әкемтеатрдың тарихында да алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. «Ақылдың азабын тартып жүрсең, онда менің кінәм жоқ. Әкені данышпан болғаны үшін жақсы көрмейді, әке болғаны үшін жақсы көреді» дейді Әке. Бір қарасаң, екі адамның диалогы ғана. Бірақ осы әңгіменің динамикалығы сонша, көз алдымызда көптеген жылдар, оқиғалар зулап өтіп жатады. Біртіндеп, баланың образы биіктей береді, Әке бағанағы биігінен құлап бара жатады. «Сен өзің бірнеше кітап арнаған досыңды кім атқызғанын білесің бе? Сол жауыздардың арасынан мен сенің де қолыңды көрдім ғой!» дейді баласы. Жалғыз қалған, бағдарсыз, кумирсіз қалған баланы аяй бастайсың. Сол кезде Әке айтады: «Олардың тәні өлді. Біздің арымыз өлді. Қайсымыздың өліміміз шын өлім? Сондықтан өлгендерді емес, тірі қалғандарды аяу керек». Осы әңгіменің бәріне сырттай ғана куә болып жүрген ұры… кейбір сәттерде мына екеуге қарағанда әлдеқайда бақытты болып елестейді. Өйткені ол көп дүниеге бас қатыра бермейді.
Ал, Әке мен Баланың текетіресінде мейірім жеңеді. «Әкені әке болғаны үшін жақсы көреді» деді емес пе? Өзін бөлектеу салған Бала «Мен қиналған түндер мен күндерде сені ойлап қана медеу таптым» деген Әкенің сөзіне құлайды. Әрине, қойылымнан әркім өзіне керегін алады (мағыналық қабаттары көп-ақ). «Біз өткенімізді бүкіл кемшіліктерімен, қателіктерімен бірге қабылдауымыз керек. Қаншалықты қиын болса да, онсыз рухани саулық болмайды». Біздіңше, автордың айтқысы келгенін осылай түйіндеуге болатын секілді.