Көпшілікке кеңінен танымал, белгілі ғалым-жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың және Күлтегін сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы былтырғы бір сұхбатында: ”ХХI ғасыр бүкіл дүние жүзінде өзін-өзі тану жәнеөзін-өзі түзеу ғасыры болғалы тұр,өйткені экономикалық және рухани дағдарысқа ұшыраған өркениетті саналып жүрген мемлекеттердің өздерінің осыған көзі жетіп отыр.
Жалпы адамзаттық мәдениет болмайды екен, мәдениет тек ұлттық қана болады екен»-деген еді. Осыған орай қазақ ұлтына келетін болсақ Қойшығара аға сол 2012 жылы шыққан, өзінің ұзақ жылдар бойы ізденісінің нәтижесі, түрік халықтарының бастау тарихына қатысты зерттеу еңбектерінің соңғы үш томының »Орта ғасырлық түріктер » атты кітабының кіріспесінде: »Ұлттық сананың қалыптасуы жане оның адамзат өркениетінің талабы деңгейіне сай жетілуі-сол ұлттың өзге ұлттар арасында жоғалып кетпей, өзіндік болмысымен, өз бағыт-бағдарымен болашақ асуларынан сеніммен асуына кепілдік берер негізгі фактор.
Ал ұлттық сананың қалыптасуы, ең алдымен, тарихи сананың дұрыс қалыптасуына тәуелді. Сондықтан 260 жыл бодандық бұғауында булығып, тарихи жадынан жаңылған, ұлттық дәстүрінен айырылуға айналған қазақ елінің бүгінгі ұрпақтарының тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық санасының оянуына жағдай жасау-тәуелсіздіктің басты талабы »- деп атап көрсеткен екен.
Шын мәніндегі ұлтжанды ғалым ағамыздың, жоғары тұжырымдарын бірауыздан қолдай отырып, біздер-республиканың әр түкпірінен бас қосқан қазақ азаматтары, ойласа келіп осы жылдың наурыз айында ұлт мүддесіне қызмет ететін »Ұлытау — ұлт ұясы»атты қоғамдық қор құруға шешім қабылдаған едік. Қор жарғысы 10.04.2013 жылы Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті.
»Ұлытау — ұлт ұясы» қоғамдық қорының Жарғысында төмендегідей негізгі мақсаттары көзделген:
— Қазақ халқының рухани тұтастығын сақтаудың негізі ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін, ұлттық санасын нығайтатын іс-шараларға қолдаушы болады және осы бағыттағы іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруға тікелей атсалысады;
— Қазақстанның тарих ғылымын реформалау, оның ең басты зерттеу объектісін анықтау, тарихшылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұлттық мүддеге сай жүргізілуіне мүмкіндік туғызу мәселелерін қолдайды;
— Қазақстанның қоғамдық ғылымдарын, оның ішінде бірінші кезекте тарих ғылымын реформалау арқылы түбегейлі қайта құру мәселесіне арналған республикалық ғылыми конференция өткізуге бастамашы болады және тікелей атсалысады;
— деректану ғылымын терең меңгерген, кәсібіне шынайы берілген, ұлттық таным-түсінігі мол, жаңаша пайымдауға қабылеті бар ұлттық таным-түсінігі мол, білімді тарихшы мамандарды дайындауға атсалысады.
— қазақ халқының тарихын уақыт талабына сай жаңадан қайта жазу, оқыту және насихаттауды көздейтін бастамашылыққа үлес қосады. Ол үшін ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс жасап, жаңадан жазылатын оқулықтарға пайдаланатын құжаттық материалдарды дайындап, даулы мәселелердің басын ашып, бір жүйеге келтіруге жұмыстанады. Ол жұмысқа тарихшылармен қатар таным-түсінігі мол басқа білім иелерінде қатыстыруды көздейді.
-Республикалық және Халықаралық деңгейде ғылыми теориялық конференциялар өткізуге бастамашылық жасайды және өткізу іс-шараларына үлес қосады.
Біздің қор құрып, осылай істеуімізге жоғарыда айтылған ғалым ағамыздың: «Халқының қамын, ұрпағының ертеңін ойлаған өзге ел өздерінің тарихын былай қойғанда,басқа елдің тарихының өзін тек өз тілдерінде, өз елінің мүддесі тұрғысынан жаздырып, жастарына тек соны ғана оқытатын біле тұрып, біз, ең болмаса, қазақ тарихының қазақ тілінде жазылуын қамтамасыз ете алмай, оны орыс тілінде жаздырып, біреуге ақы төлеп қазақшаға аудартқанға мәз болып отырмыз.Ұят-ақ тірлік!
Ерте ес жиған ұлтжанды ардақ азаматтарымыз жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ«Оян қазақ» деп ұран тастап, «Арғы атам-Ер Түрік,біз Қазақ баласы»-деп ұлт ұланына бағыт-бағдар сілтесе де, біздің әлі күнгі, арада ғасырға жуық уақыт өткеніне қарамастан, еркін оянып , Түрікті тектеп, Қазақты қара шаңырақтың құт иесі ретінде ұрпаққа таныта алмай отырғанымызда осындай тірліктен болса керек”-деп ашына айтқан сөздерінен туындап отырғанынын да ашып айта кетпекпіз. Бұл сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің өткен жиырма екі жылында тарихи санамыздың да ояна бастағанының айқын көрінісі болса керек.
Осы жылдар ішінде өткен арғы ата-бабаларымызды танып, би-батырларымызды түгендеп, олардың өнегелі ісінінен тағылым алып, әруағына тағзым етіп, ескерткіш-кесенелер орнатып, ас беріп, құран бағыштап келер ұрпаққа үлгі боларлық біраз ғибратты істер атқарып та тастадық. Алайда бұл бастапқы шаралардың ру-тайпалық деңгейдің шеңберінде қалып, ұрпақ санасын жетілдіріп, жалпы ұлттық деңгейге жете алмай жатқанымыз да шындық. Ал бұл жағдай, біздің ойымызша, мынау жаҺандану заманында Тәуелсіздігімізге, Елдігімізге елеулі көлеңке түсіріп, ұлттық тұтастығымызға, халықтық бірлігімізге нұқсан келтіретін түрі бар.
Өйткені, тілінен, ділінен, ұлттық болмысынан, тарихи жадынан айырылған халық ұлт болып, мемлекет болып тұра алмайтыны адамзат тарихы дәлелдеген шындық. Сондықтан,ұрпағының келешегін ойлайтын әрбір ел азаматы ұлттық мүддеге, мемлекеттік мүддеге бүгінгі күннен бастап, біріге қызмет қылуы керек деп санаймыз. Ертеңгі күні кеш болары анық.
»Ұлытау — ұлт ұясы» қоғамдық қоры алдына жоғарыдай күрделі де игілікті мақсаттар қойып отыр. Бұл бағытта алда атқарылар іргелі істерінің алғашқы қадамының тұсаукесері ретінде »Ұлытау — ұлт ұясы» қоры Қойшығара Салғараұлының түрік халықтарының бастау тарихын, оның ішінде мыңғұл-татар халықтарының шығу тегін жаңаша танып-білуге, осылар арқылы қазақ тарихын зерттеп, зерделеуге жаңа бағыт-бағдар сілтейтін тың тұжырымдары бар ғылыми-еңбегі: «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс” атты кітабын “Үш қиян”баспасынан шығартып жатыр.
Бұл тек үлкен істің, ауқымды шараның бастамасы ғана, ал қордың негізгі мақсатын ойдағыдай жүзеге асыруы үшін бүкіл қазақ қауымының, оның ішінде қазақтың ұлтжанды беделді азаматтарының, түрлі қоғамдық ұйымдар мен қорлардың, ғылыми орталықтардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қолдауы, көмегі керек екені аян. Ұлт келешегіне бейтарап қарамайтын, осы мақсатта еңбек етіп, иглікті ортақ іске өз үлестерін қосуға ықылас білдіретін жеке және заңды тұлғаларды бірігіп жұмыс жасауға шақырамыз.
Қор мекен жайы:Астана қаласы. Кемеңгерұлы көшесі,7-а үй. Ниет білдірушілердің: 8 (7172) 54-45-88, 8 701 133-98-07 телефондарына және zumagazyesenkeldin@mail.ru электрондық почтаға хабарласуға болады.
»Ұлытау- ұлт ұясы» қоғамдық қорының
директоры: Жақыпов Жұмағазы
http://ult.kz/kz/article/view?id=1361