немесе жастардың әп-сәттегі бүлігінен кейінгі ой
Сан тағдырлар тоғысқан ең ірі мегаполисіміз – ару Алматымыздағы, мәдени астана деп әспеттеп жүрген көрікті қаламыздағы күні кешегі жастардың дүрлігуін (біреулер бүлік деп жатты ғой) – тобырлық санадан, мәдени деңгейдің төмендігінен, әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан көріп жатқандар көп.
Мәселе Қайрат Нұртас деген әншіде емес. Және мәселе айтылмай қалған әнде де емес. Қайрат Нұртас әнін толық айтпады деп жастар дүрлікті, шоуды ұйымдастырған орталықтың есік-терезесін қиратып, бұзақылық істеді, бұл не деген мәдениетсіздік деп қоя салуға да болмайды. Және бұл бүлік Алматыға немесе Алматы жастарына ғана қатысты жағдай дегенмен келіспейміз. Бұл біздің қоғамымыздың тыныштығы, тұрақтылығына түсіп келе жатқан көлеңке болмасын. «Ымырашыл, көнбіс халықпыз» деген сағымды жоққа шығарар мысалдың бір белгісі емес пе деген сұрақты өзімізге қайта айналып қоя береміз. Жоқ, алдын-ала үрей шақырудан, берекені кетіруден аулақпыз. Алайда, осы жағдайды есте сақтап, біздің болашағымыз – жастарымыздың көкірегінде сайрап жатқан не арман, не мұң бар екенін білгіміз, сол арманды ұққымыз, мұңмен бөліскіміз келеді…
Негізінен, үлкендері қалып, жастары жұмыс іздеп тентіреп кеткен ауыл қартая, арман қуалап келген жастар көбейген қала жасара түскен уақытта, қоғамның өзгерісін, мінезін қаладан іздеу керегі түсінікті ғой.
Қаланың іркес-тіркес салына салған, не үй, не лашық деуге келмейтін тамдары жыпырлаған аудандарына келіп тізе бүккен жастар, мейлі Алматы болсын, мейлі Астана болсын, негізінен, сол қала халқына «қызмет» етуге кіріседі. Олар үлкенді-кішілі қара базарларда әке-көкелеп заңды-заңсыз сауда жасайды, терлеп-тепшіп арба сүйрейді, құрылыс алаңдарында шаңға көміліп ең ауыр жұмыстарды атқарады, қыста табанынан сыз, жазда төбесінен күн өтіп көшені асфальттайды, бекеттерде зыр жүгіріп, таласа-тармаса жүк тасиды, «қонағының» қас-қабағына тәуелді күйі даяшы болады, «алты қырдың астынан шыққан даусымен» адам жинап, қоғамдық көліктерде жүреді, т.с.с. Олардың жұмысы күн шықпай басталып, жұлдыздар жыпырлағанда аяқталады. Олардың бәрін ауылға қайтарып көріңіз – қоғамдық көліктер тоқтап, базарлар жұмыс істемей, үйлер салынбай қалар еді. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова елдерінің гастарбайтерлері істейтін жұмысты, Алматы мен Астанада өзіміздің ауыл азаматтары атқарып жүр. Демек, Қазақстанның ішкі мигранттары гастарбайтерлермен тағдырлас. Ендеше, көршілерімізден «көш ілгері» жағдайымызды айтып, танауымызды көкке көтермей-ақ қойдық.
Қош, сонымен, ауылдан келіп, жолы болғаны қала етегінен алақандай жерді иеленіп, «кең сарайдай өз үйін» сала тұрсын.
Қалаға «үміт еткен көзімнің нұры – балам» деген жастар оқу іздеп те келеді. Біразын байқағандай болдық. Шығармашылық байқауда «Бұл мамандықты неге таңдадың?» деген сауалға: «Елбасымыздың 2050 жылға арналған стратегиясы бойынша» деп басталатын жауапты тыңдауға кеткен жүйке туралы әңгіме қозғамай-ақ қоялық. «Маңғаз Маңғыстау», «Шырайлы Шымкент», «Кербез Көкше» деп тізбектеліп кете беретін, өңірінің сәні мен салтанаты туралы айтқанда, тоқтата алмай әуре болатын жас өскінді айтсақ, «елін, жерін сүйетін» не деген отаншыл ұрпақ өсіп келеді деп сүйсінуіңіз бек мүмкін. Сол «отаншыл» ұрпақтан «Туған ауылыңда су мәселесі қандай?», «Жылу бар ма?», «Экологияң ше?» деп сұрап көрсек, 2030-дан бастап, 2050-ден аяқтап, еліміздің алға қойған басты мақсаттары мен міндеттері туралы ұзақ-сонар айдынға түсіп алып, малтығып шыға алмай қалады. Құдды, бәрі мектепті емес, саяси институтты бітіріп қойғандай. Бәрінің арманы «2017 жылы өтетін ЭКСПО-ны сәтті өткізуге үлесін қосып», «Қазақстан-2050 стратегиясын мезгілінен бұрын орындау». Шығармашылық байқаудағы жазған шығармаларынан байқадық. Таңдауға түскен алты тақырыптың экономикалық, саяси бағытын таңдап алған талапкерлердің көптігінен шошығанбыз. Адамгершілікті айтпай-ақ қоялық, жастар махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына бір табан жақын тұратыны қайда? Әуелгіде мұғалімдерге, тұтас білім беру институтына кінә артқымыз келген. Ондай әлеуметтік институттардан да маңызды Отбасы институты бары есімізге түсті. Ол отбасыңыздың біразы «кең сарайдай өз үйін салып», шапқылап жұмыс істеп жүргенін жоғарыда айтып кеттік. Қалған жартысы…
Бүгінгі таңдағы әлеуметтік әртүрлілік – жастардың ғана емес, бүгінгі заман азаматының да басты ерекшелігі. Иә, бұрын да жастар іштей бөлінген: Ауылдық немесе қалалық, оқыған немесе оқымаған секілді топтарға жіктелгенімен, олар бірдей мектептерде, бірдей оқулықтармен білім алып, бірдей БАҚ өнімін пайдаланып, бірдей мәдени өнімді тұтынатын. Және олардың қоғам мен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі де бірдей еді. Қазір ше? Өзгерген мектеп формасы ғана емес. Бүгінгі жастарды ештеме біріктіре алмайды. Олар тіпті, мектеп бағдарламасында оқуға тиіс әдеби шығармалардың өзін әртүрлі қабылдайды. Олар үшін Алдар көсенің өтірігі мен лауазымды тұлғаның өтірігінің айырмасы жоқ. Үлкен өмірдің баспалдағын оң қадамымен аттау – тестен сәтті өту деп қана түсінетін жағдайға жеткен, білімді сіңіруде емес, тест тапсыруда жоғары нәтиже көрсетпесең қоғамның керексіз бір бөлшегі секілді болып қаласың деген сенім көкірегіне ұялаған жастардың бүгінгі жағдайына кім кінәлі болмақ?
«Сіздің әлеуметтік мәртебеңіз қандай?» деген сауалға жауап бере алмайтын жастардың қатары көбейіп келе жатқанына да кімге өкпе артамыз? Бүгінгі жастардың мәселесі бастан асып жатыр: қоғамдық көліктің ақысы неге қымбаттайды, неге жатақханадан орын жетпейді, біз неге пәтерлерде тұруға мәжбүрміз, шәкіртақы неге көтерілмейді, еліміздің экологиялық ахуалы неге нашар деген әлеуметтік әділеттілік құқын қорғап, жастар алаңға мыңдап жиналыпты дегенді естімедік. Есесіне, «ән тыңдамай қалдық» деп жастар мінез көрсетеді. Ендеше, жастардың әлеуметтік әділеттілікті іздемеуіне, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға болады деген сенімінің жоғалуына да кінәліні іздерміз?
Кінәліні қоя тұралықшы, Құдай бетін әрі қылсын, үлкен бүлікшілік басталып кетсе, жастарды кім сабырға шақырады, жастар кімнің сөзін тыңдайды, жастар кімге сенеді деген сауалдың жауабын білесіз бе?
Сорос-Қазақстан қоры қоғамдық мәселелерді сараптау» орталығы ауылдан қалаға келген жастар арасында жүргізген зерттеулерде жастардың жартысынан астамы діни ұйымдарға сенім артатынын айтқан. Олардың үштен бірі ғана үкіметке, төрттен бірі ғана – парламентке, жергілікті атқару органдары мен сотқа сенім білдірген. Респонденттердің жиырма пайызы ғана өзге адамдарға сенуге болады депті. Қалған сексен пайызы ешкімге, ештеңеге сенбейді!
Міне, қоғамнан осыншалықты алшақтау, жастардың маргиналдануы – біздің қоғамдағы басты мәселеге айналғаны кімге болса да жасырын емес. Қала ауыл жастарын құшақ жая қарсы алып отыр деймісіз? Қала тіпті, өз бесігінде өскен жасына лайықты тәрбие берді ме? Үлкен орталықтарға арман арқалап келген жастар ауыр әрі мәртебесі жоқ, жалақысы төмен жұмыс орындарына тәуелді. Олардың үй сатып алу түгілі, пәтер жалдаудағы қиыншылығын тағы қосып қойыңыз. Арманы бөлек, мақсаты басқа жастардың ұмтылар бір биігі, тоқтар бір бастауы, бас иер құндылығы қайда сонда?
Жастардың құндылықтар жүйесін анықтау үшін олардың қандай ортада тәрбие алып, қандай оқиғалардың куәгері болып өскенін бағамдап алсақ жеткілікті.
Айтпақшы, біз жастар дегенде нақты кімді мысалға алып отырмыз? Жастықтың нақты анықтамасы жоқ. Психологиялық, биологиялық тұрғыдан жастықтың шегі тіпті әртүрлі. Біз өз әңгімемізде жастықтың межесін әлеуметтік ғылымдар тұрғысынан және заңдық негізде бөліп алып, қарастырдық. Аса ауыр қылмыс жасаған бала 14 жасынан қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігін 16 жасқа толғанда алады. Осы негізге сүйене отырып, жастықтың төменгі межесі 14 не 16 жас деуге болар. Он алты жасқа толған бала өзіне қатысты мәселелерде таңдау еркіне ие: мамандықты таңдау, ажырасқан ата-анасының қайсысымен бірге тұратынын таңдау құқығы, т.б. Кәмелеттік жас – 18 екені, жастықтың өзі – 18 екені де біз айтпай түсінікті. Әскерге де 18-ге толғандар шақырылады. Дәл осы он сегіз жастан бала заңдық тұлғаға айналады.
Ал жастықтың ең жоғарғы межесі нақты анық емес. Айтқандай, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңында «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары» деген анықтама бар. Жастарға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар да (мәселен, тұрғын үй бағдарламасы) 29 жасқа дейінгі межені негіз етіп алған. Алайда, жастарға берілетін мемлекеттік сыйлықтар («Дарын», «Серпер», «Шабыт», т.б.) 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Және елімізде келісім-шарттық әскери қызметке қабылданатын кандидаттың да жас шамасы 19-35 жас аралығында.
Осы сандарды негіз етіп алып, әңгімеміз еліміздегі 14 пен 35 жас аралығындағы жастар туралы болғанын шамалауға болатын шығар. Енді статистика – елімізде 14 пен 29 жасқа дейінгі жас – 4,7 млн. (2012). Осы бес млн.-ға жуық жастың 718 мыңы жоғары білімді, 306 мың жастың аяқталмаған жоғары білімі бар. Елімізде жастардың мыңнан аса әртүрлі ұйымы бар.
Екінші мәселе, әлеуметтік ғылымда жастардың ең жоғарғы межесі мына төрт жағдайға байланысты анықталады:
1. Экономикалық тәуелсіздік. Яғни өміріне қажетті қаржы-қаражатты өзі тауып, оны ұқсатып ұстау жауапкершілігі.
2. Дербестігі. Яғни өзгенің қамқорлығынсыз, ешқандай шектеусіз өз өміріне қатысты шешімді өзі шығаруы.
3. Өзі тапқан материалдық байлығын өзгенің көмегінсіз басқара алуы. Өзіне қажетті тағам, киім-кешек, жеке дүниелерін ешкімнің көмегінсіз, өзі тапқан қаражатқа сатып ала алуы.
4. Ата-ананың шаңырағынан тыс, өз отанын, ошағын құруы. Өзі құрған отбасына жауапкершілігі.
Әлеуметтік ғылым тұрғысында осы төрт негізгі жағдай бірдей орындалғанда барып адам «жастық» категориясынан көтеріліп, дамудың келесі сатысына өткен болып есептеледі. Әрине, қазіргі күні 17-18 жасында отау көтергендер баршылық. Алайда ұн, шәй, сабын алу үшін әке-шешенің зейнетақысына телміріп отырған уақытта оларды қалай ғана «есейді» дей аласың? 30-35 жастағы, білімі бар, алайда, жұмысы жоқтығынан ата-анасының үйінде тұрып, солардың әперген тамағы мен киіміне тәуелді болып отырған, орда бұзар жастан өтіп, қамал алар жасқа жеткен, алайда, «мәңгі жас» қалпынан танбағандардың «өсуі», «толуы» шынымен де бас ауыртатын жағдай. Әлеуметтік масылдықтың осы жағдайынан арыла алмай жатып, жастар саясаты туралы әңгіме айту да қисыныз секілді көрінеді. Осындай «жастарымыздың» қатары азаймай, біз, әрине, елдің байлығы, бақыты, болашағы туралы әңгіме қозғай алмаймыз.