Режиссер Әмір Байғазиннің тырнақалды «Үндестік сабақтары» көркем фильмі Қазақстанда прокатқа шықты. «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген шығарма шетелде көптеген жүлде алған.
«Үндестік сабақтары» көркем фильмінде басты кейіпкер — Асланның ролін актер Тимур Айдарбеков сомдады.
Қазақстандық көрермен бұл фильмнің премьерасын асыға күтті. «Арман» кинотеатрындағы премьералық көрсетілімге жиналған жұрттан ине шаншар жер болмады. «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры Ермек Аманшаев 63-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде үздік операторлық жұмыс үшін берілген «Күміс аю» жүлдесін режиссер әрі сценарист Әмір Байғазиннің қолына табыстады.
– Бұл – медициналық анализ сияқты ызғарлы фильм. Фильмнің басындағы медициналық тексеру де әдейі ойластырылған сюжет, — деді Әмір Байғазин Азаттық тілшісімен сұхбатында.
1980 ЖЫЛДАР ФУТУРОЛОГТАРЫНА ЖАУАП
1983 жылы өткен республикалық педагогикалық олимпиадаға қатысушылардың көбі «Болашақтың мектебін қандай деп елестетесіз?» деген сұраққа «техникалық тұрғыдан жабдықталған мектеп» деп жауап берген еді. Енді біреулер «21 ғасырда адам туралы ғылым шарықтап дамиды, ал болашақ мектебі гуманитарлық білім саласына бет бұрады» деген болжам жасаған.
Футуристік болжамдардың бірі ғана шындыққа айналып, қазір мектептер компьютер және сабақ оқытудың басқа да озық техникалық құралдарымен жабдықталды. Бірақ қоғамдағы әлеуметтік жік тереңдеп, білім беру саласын да айналып өтпейтінін ол кезде ешкім білген жоқ. Қалың бұқараға арналған қарапайым мектептермен қатар байлардың баласы ғана оқитын ақылы жеке меншік мектептер пайда болады деген де ой тумады.
Оқушылардың ата-аналарынан мектепке «көмек» деп жиналатын алым-салық түрі көбейетінін ешкім болжаған жоқ.
Алғашқы нышандары сол заманда біліне бастаған рэкет сияқты дерттің бірте-бірте мектепті де меңдеп, оқушылар арасында өркен жаятынын ешкім білген жоқ. Әмір Байғазиннің «Үндестік сабақтары» фильмінде дәл осы құбылыс көрсетілген. Фильмді «Болашақтың мектебі қандай болмақ? деген сұраққа қайтарылған жауаптың бір нұсқасы деуге болады.
Неліктен жауаптың нұсқасы ғана деп отырмыз? Өйткені Қазақстан мектептерінде рэкеттің қаншалықты кең таралғаны жөнінде дәйекті ақпарат жоқ. Бірақ кейде ақпарат құралдарында «Қазақстан мектептерінде балалар рэкеті өршіп барады» деген пікірлер жарияланып тұрады.
ТҮРМЕГЕ ҰҚСАС МЕКТЕП
Фильм кейіпкерлері – Алматы облысының бір түкпіріндегі ауыл мектебінің 13-14 жасар оқушылары. Оқушыларды кезекті медициналық тексеруден өткізу кезінде бас кейіпкер Асланды өзімен жасты Болат балалардың көзінше қатты кемсітіп, қорлайды. Ол – Асланның сыныптастарына күш көрсетіп, онымен қарым-қатынас жасауға тыйым салған мектеп «атаманы».
Болат мектептегі өзі құралпы және жасы кіші балалардан ақша бопсалаумен және бағалы заттарын тартып алумен айналысады. Төлегісі келмегендерді ұрып-соғады. Бірақ ол — мектептегі ақша жинау иерархиясының бір буыны ғана. Оқушыларды қорқытып жинап алған ақшаны ол жоғары сыныпта оқитын ағайынды егіздерге өткізеді. Бірақ әлгі екеуден де зор әлдебір «ересектер» (бұрын осы мектепте оқыған балалар болуы мүмкін) бар.
Тағы бір кейіпкер ақша жинаудың бұдан жеңілдеу түрімен айналысады. Оның түрмеде отырғандарға жіберетін «сәлем-сауқатқа» ақша ғана емес, сабын сияқты ұсақ-түйек заттар да жинайды.
Фильмдегі мектеп Болат сияқты «бақылаушы иесі» бар түрмеге ұқсайды. Маңайдағы басқа мектептерде де осындай рэкеттік жүйе барын кейіпкерлердің өзара диалогынан байқауға болады. Қысқасы, фильмде бұл құбылыс мектеп атаулыны жайлаған құбылыс ретінде көрініс тапқан.
ТҰЯҚ СЕРПЕР
Ал Болаттың кесірінен мектепте көз түрткіге айналған Асланның мінезі өзгеріп, іштей тұйықталып алады. Оның бойында кірпияздық деген маниакалдық әдет пайда болады. Мектепте қағажу көрген ол бар өшін тарақандардан алады. Қабілетті әрі сабақ үлгерімі де жақсы Аслан титімдей электр орындығын құрастырып, қолына түскен тарақандарды азаптап, жазалайды.
Егер Аслан мен айналасындағылардың арасындағы шиеленіс шектен шықпағанда оның мүшкіл халі қаншаға созылары белгісіз еді. Болатты Аслан оқитын сыныпқа ауыстырған соң Асланның жағдайы мүлде мүшкілге айналатындай көрінеді. Бірақ ізіне түскен саятшыдан қайда қашып құтыларын білмей аласұрған жыртқыштың қарсы шабатын әдетін аңшылар жақсы біледі. Болаттан кек алуды жоспарлаған Аслан ақыры оны өлтіреді.
Батыстың, әсіресе Голливуд фильмдеріне қанық телекөрерменнің көзқарасы тұрғысынан алғанда, ақыры ізгілік зұлымдықты жеңіп, әділдік орнады деуге болар еді. Бірақ өмірде көбінесе керісінше болады. «Үндестік сабақтары» фильмі түсірілерден екі жыл бұрын Алматы облысында бір мектептің екі оқушысы өздеріне қол салып, мерт болды. Тергеу амалдары ересек балалардың мектепте екеуіне әлімжеттік көрсетіп, кемсітіп, қорлағанын дәлелдеді.
АБАҚТЫДАҒЫ АЗАП
Фильмнің екінші бөлігінде Қазақстан қоғамындағы тағы бір сұмдықтың беті ашылып, қылмысын күшпен мойындату үшін полицейлердің күдікке ілінгендерді азаптау сәттерін көрсетеді.
Тергеушілер азаптаудың түрлі тәсілін бұл жолы кәмелетке толмағандарға қолданады. Асланмен бірге күдікке ілінген жасөспірім Мірсайын да азаптауға ұшырайды. Бірақ екеуі де «кісі өлтірген жоқпыз» деуден танбайды.
Көрермен күдіктінің басына полиэтилен қапшық кигізу, қабырғадағы ілмекке асып қою, резеңке таяқпен табаннан ұру, көгерген таңба түсірмес үшін күдіктінің кеудесіне қойылған кітаптың сыртынан ұру сияқты қылмысты күшпен мойындату әдістерін қолданудың куәсі болады.
Қос жасөспірім екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жас гвардияшылардың ерлігін еске түсіретіндей табандылық көрсетеді. Бірақ екеуінің ешқандай идеялық сенімге негізделмеген жанкешті табандылығы бұл көріністің психологиялық шынайылығына күмән тудырады.
КӨРЕРМЕН ПІКІРІ
«Үндестік сабақтары» фильмі туралы талай мақала жарияланды. Ағылшын, неміс және басқа тілде жарияланған рецензия авторлары фильмнің басындағы 13 жасар Асланның қой бауыздап жатқан сәті түсірілген көрініске ерекше назар аударады. Рецензенттердің көбі «бұл эпизод адам жанын түршіктіреді» деп жазды.
Кинематографияда адам өлтіру сияқты қанды көріністердің жиі кездесетінін ескерсек, қой бауыздау бір қарағанда жан шошырлық көрініс сияқты емес. Бірақ әдеттегі фильмдердегі адам өлтіру жасанды, ал мұндай нағыз қасаптықты жиі көрмейсің. «Әлсізді әлді жеңеді» деген заңдылық осы қой бауыздау көрінісі арқылы бүкіл фильм желісіне тарайды.
Фильмде бұдан басқа ашық жан алу көріністері жоқ. Мектеп атаманы Болаттың
қалай өлтірілгені де көрсетілмейді. Абақты камерасында Асланмен төбелесіп мерт болған Мірсайынның қалай өлгені де көрсетілмейді.
Кейбір шетелдік сыншылардың рецензия авторлары фильмде әлемнің кез келген елінде кездесетін мектеп рэкетінің көрсетілгеніне назар аударады. Бірақ бұл тақырып «Үндестік сабақтары» сияқты толық ашылған фильмдер өте аз.
«Үндестік сабақтарында» мүлде әуен жоқ, ұзаққа созылатын мылқау көріністер өте көп. Режиссер әрі сценарист Әмір Байғазин фильмнің бұл ерекшелігін Азаттық тілшісіне былай түсіндірді:
– Экзистенцияны сақтау үшін, яғни кейіпкердің болмысын тану үшін картинаға музыкалық фон қоспадық. Темпоритм фильмнің бас кейіпкерінің осындай тежелген, дисгармониялық адам екенін көрсетеді.
Үш ай түсірілген фильмде жылдың жаз, күз және қыс маусымының әдемі пейзаждық көріністері қамтылған. Фильм авторлары мұны драмалық сюжетке кереғар әсер беретін контраст ретінде енгізген сияқты.
Фильмді көріп отырған көрерменнің эмоциясы ширығып, кейіпкермен бірге мазасы қашады. Мысалы мақала авторының бойын фильмнің соңы әлдебір жамандықпен, трагедиямен аяқталатындай қорқыныш пен әділетсіздік жазаланар деген үміт сезімі қатар билеп отырды.
МЕКТЕП ПЕН МҰҒАЛІМ РӨЛІ
Кейбір эпизодтар мысқыл шақырады. Мысалы, оқушы қызды хиджаб қимеуге үгіттеген мұғалима мектепті «зайырлы мекеме» деп атайды. Ал енді бір эпизодта әлгі мұғалима айтқанға көнбеген әлгі оқушыға «Сен мұсылман емессің бе!» деп ұрсады. Кезінде совет мектебінде оқыған жандар осы тектес «Сен комсомол емессің бе!» деген сөздермен жақсы таныс.
Полицейлердің бірінің жасөспірімдерді ұрып-соғып тергеуден кейін қолын жуып жатып айтатын «Бұлар кінәлі емес болып шықса ше? Бұдан да тарих пәнінен сабақ беріп жүргенім жақсы еді» деген сөздері де мысқыл сияқты естіледі.
«Үндестік сабақтары» фильміндегі түрме заңы орнаған мектеп тағы бір жайсыз қырынан көрінеді. Яғни, «оқушылар сабақтан тыс уақытта немен айналысады?» деген ой фильмдегі мұғалімдерді мүлде мазаламайды. Олар «мұғалімнің жалғыз міндеті — оқушыға білім беру ғана» деп ойлайтын сияқты. Фильм авторлары оқу мекемесінің бала тәрбиесіндегі рөлінің төмендеп кетуі сияқты қазіргі заман мектебінің тағы бір өзекті проблемасын көтереді.