«Ел болашағы – дені сау ұрпақ» дейміз. Алайда қазіргі балалардың денсаулығы дәрігерлерді қатты алаңдатып отыр.
Өйткені мектеп қабырғасындағы 2,5 миллион оқушының әрбір екіншісінде гастрит пен асқазанның ойық жарасы кездессе, 57 пайызында қан айналым жүйесінің жұмысы бұзылған. Жылдан-жылға балалар әлжуазданып барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері осылай дейді. Бұдан он жыл бұрын денсаулығы өте жақсы қыздардың қатары 30 пайыз болса, қазір олардың саны 10 пайызға да жетпейді. Ұлдардың денсаулығы оңып тұрған жоқ. Ел бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесінде, 16-17 жастағы жеткіншектердің бестен бір бөлігінде әртүрлі ауру кездескен.
Балалардың денсаулығы неге соншалықты нашар? Мамандар «салауатты өмір салтын ұстамау, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттерге үйір болу» деп басты үш себебін айтады. Оған нашар экологияны, қоршаған ортаның ластануын қосып қойыңыз. Салауатты өмір салты дегеніміз – спортпен айналысу, дене шынықтыру. Алайда соңғы уақытта дене шынықтыру пәніне ең жеңіл, аса қажетті емес пән ретінде қарайтын көзқарас қалыптасты. Соның салдары болар, жоғары сынып оқушыларының тек 3-5 пайызы ғана «президенттік тесттен» өтіп, ең жоғары физикалық дайындықты көрсеткен. Тек Елбасының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасынан кейін ғана бұл саланың бойына қан жүгіре бастағандай. Дегенмен ақылы спорт үйірмелерін қарашаның қалтасы көтере бермейді. Отбасында 3-4 баласы бар ата-ана үшін ұл-қызын түрлі спорттық секцияға беру үлкен салмақ түсіреді. Дегенмен жер-жерде бастамашыл адамдардың арқасында аулалық спорт үйірмелері құрылып, Қазақстанда көше спорты серпін алып келеді. «Street workout» аталатын спорт түрі үшін қымбат құрал-жабдық, үлкен фитнес-клуб қажет емес. Ауладағы белтемірде ұршықша үйірілетін жастардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Өткен жылы елімізде көше спортының федерациясы құрылған болатын. Осы федерация өкілдерінің айтуынша, көше спортымен айналысатын жастардың саны 15 мыңнан асып жығылады. Көше жаттығулары Қазақстанда спорт түрі ретінде мойындалған. Спорт үйірмелерін қалтасы көтермейтіндер баласын жастайынан көше спортына әуестендірсе, бүгінгі көрсеткіш аздап түзелер ме еді? Түрлі жаттығуға тұратын көше спорты дене шынықтырумен қатар зиянды әдеттерден аулақ болуға ықпал етеді.
Айта кетейік, қазіргі балалардың 7-8 пайызы жастайынан темекіге әуес болса, бестен бір бөлігі энергетикалық сусынды тұрақты ішеді. Жасөспірімдердің 20 пайызы арақ-шараптың дәмін татып үлгерген. Ал жас ағзаға күш-қуатты бір сәтке ғана еселейтін энергетикалық сусынның қажеті қанша? Энергетикалық сусынды көп ішкен баланың бауыры іріп, жүйке жүйесі құриды.
Қазақ тағамтану академиясының мамандары энергетикалық сусындардың зияндылығын айтып, мектеп оқушылары дұрыс тамақтанбайды деп дабыл қаққалы қашан?! Сол сарапшылар оқушылар дұрыс тамақтанбаудың, газдалған сусын мен тез дайындалатын астың кесірінен семіздік дертіне шалдығып жатыр дейді. Өйткені «бала күні бойы аш жүрмесін» деп ақша беретін ата-ана көбіне оны қайда жұмсағанын қадағаламайды. Бүгінде бірінші сынып оқушысының қалтасында кем дегенде 100 теңге жүреді. Олар тәтті су мен чипсы алып жемегенде қайтеді?! Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі газдалған және энергетикалық сусындарды мектеп қабырғасында, орта және жоғары оқу орындарында сатуға тыйым салатын қаулы шығарған еді. Алайда мектептен 100 қадам жерде дүкен тұр емес пе?! Мектеп буфетінде сатылмаса, көшедегі дүкеннен ала салады. Сондықтан энергетикалық сусынды тек мектеп қабырғасында ғана емес, кәмелетке толмағандарға барлық сауда орындарында сатуға заңмен тыйым салатын кез жеткендей…
Үмітжан ЖАПАР
http://www.aikyn.kz/