Жуырда Парламент Мәжілісінде «Балалардың денсаулығы мен оның дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланды. Бұл заң жобасының өмірге келуіне Алдан Смайыл, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Светлана Бычкова, Гүлмира Исімбаева сынды халық қалаулылары бастамашылық жасаған болатын. Аталмыш заң жобасын талқылауға Мәжіліс депутаттары, еліміздің Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Қаржы, Әділет Сыртқы және Ішкі істер министрліктері, Жоғарғы Сот және бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдері қатысқан таныстырылымы болып өтті. Осы Заң жобасы туралы Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл мырза газетіміздің тілшісіне сұқбат берген еді.
Алдан СМАЙЫЛ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаты
– Алдан Зейноллаұлы, балаларды зиянды ақпараттардан қорғауға қатысты заң жобасын әзірлеуге не себеп болды? Әлем елдерінде осы мәселелерді реттейтін заңдар барма екен?
– Бұл көптен көкейімізде жүрген ой еді. Аталған жоба Қазақстан Республикасында балаларды БАҚ арқылы таралатын залалды ақпараттан заң жүзінде қорғау мақсатын көздейді. ТМД елдері мен әлемдік қауымдастық бұл орайда бізден көш ілгері. Көптеген мемлекеттерде БҰҰ-ның балаларды қорғау туралы 1989 жылғы Конвенциясына сәйкестендірілген заңдар бар. Біз соларды, атап айтқанда, Еуропа одағының «Компьютерлік қылмыстар туралы», «Электронды бұқаралық-ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсету туралы» заңдық күші бар Декларацияларын, ТМД елдеріне арналған «Балалардың мемлекеттегі құқықтарының негізгі кепілдіктері туралы» үлгі заңын терең зерттедік. Сонымен бірге АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Норвегия, Италия, Жапония және басқа дамыған елдердің осы тектес заңдарын сараладық. Олардағы балаларды адамгершілік сезімнен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, бір сөзбен айтқанда, жеткіншектерді рухани аздыратын ақпараттан қорғауға арналған құқықтық шаралар ескерілді.
Осы ізденістер кезінде біздің, яғни, қазақ қоғамының аталған салада кеш қалғанын аңғардық. АҚШ-та балаларды интернет зардаптарынан сақтандырудың жолдары бұдан он төрт жыл бұрын қарастырылыпты. 1998 жылы «Кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы акт» қабылданып, 13 жастан төменгі балалар үшін web-ресурстарды міндетті түрде классификациялау нормасы енгізілген. Бұл заң бойынша 16 жасқа дейінгілердің басқа интернет-ресурстарға ене алмайтын жеке интернет-адресі болады. Ал балалардың рухани тазалығы үшін интернет-компаниялар мен провайдерлер жауап береді. Бұл талапты Еуроодақтың 30 әлемдік ауқымдағы интернет-компаниялары құптаған.
– Ал ТМД елдеріндегі жағдай қалай екен?
– Атап айтсақ, «Кәмелетке толмағандарды теріс ықпалдан қорғау туралы» заң Гүржістанда 2001 жылы қолданысқа енгізілген. Өткен жылы Ресейде «Балаларды денсаулығы мен дамуына кеселін тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң қабылданды.
Біз осы тәжірибелерді қарастыра келе, Қазақстанда балалардың ақпараттық қауіпсіздігі туралы дара заң қажет екендігіне әбден көз жеткіздік. Жоба осылай дүниеге келді. Онда әлемдік тәжірибе Қазақстандағы ақпараттық ахуалға барынша сәйкестендірілген және елдегі заң айналымында жоқ кейбір құқықтық ұғымдар енгізілген.
– Қандай жаңа құқықтық ұғымдар бар?
– Мысалы, «Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас сыныптамасы» және «жас санаттары» ұғымдары бар. Таратып айтсақ, заң жобасы бойынша балаларға арналған ақпараттық өнімдерге жас сыныптамасы бойынша сараптама жүргізіледі. Сараптама ақпараттық өнімнің жанрын, тақырыбын, мазмұны мен безендірілуін, ақпараттық өнімді ұсынудың тәсілін, балаларға жасырын әсер ететін арнаулы әдістердің бар-жоғын, баланың ақпараттық өнімді бірнеше рет көру мүмкіндігін айқындап береді. Мұндай сараптама ақпараттық өнім еліміздің аумағына таратылғанға дейін жүргізіледі және ол сол өнімді өндірушіге жүктеледі.
Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас санаттары заң жобасында мынадай категорияларға жіктелген. Атап айтқанда, «6 жасқа дейінгі», «6 жастан бастап», «12 жастан бастап», «16 жастан бастап» деп бөлінеді. Бұлардың бәріне нақты талаптар қойылған және эфирде, экранда тарату мерзімдері, бала үшін қолайлы уақыттары атап көрсетілген.
Жобада еліміздің заңнама тарихында алғаш рет компьютерлік және өзге де электронды ойындарды таратушылардың міндеттері сараланып отыр. Біз осы ойындарда балаларға ұсынуға тыйым салынған ақпараттық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивті күш көрсетуге және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттерге арандататын сюжеттер кездеспеуге тиіс. Компьютер арқылы баланың виртуальды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу әрекеттерін қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Интернет-ресурстар, ұялы радиотелефон байланыс желілері қызметтерінің провайдерлері, интернет-ресурстарға ұжымдық қол жеткізу пункттерінің иелері мен құрылтайшылары заң жобасындағы осы және басқа қағидаларды орындауға міндеттеледі.
– Бұл өте орынды заң нормалары екен. Балалардың компьютер арқылы виртуальды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу әрекеттерін көруі халықты да алаңдатып отырған мәселенің бірі еді. Тағы да қандай жаңа талаптар енгізілді?
– Мұнымен қатар балаларға арналған баспа өнімінде, дыбыс, кино және бейне өнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат болмауы тиіс. Білім беру мекемелерінде балаларды оқытуға арналған ақпараттық өнімнің мазмұны осы Заңның талаптарына сәйкес келуі шарт. Шәкірттерге арналған дәптерлерді, күнделіктерді, кітап тыстарын, кітап белгілерін, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пайдаланылатын өзге де полиграфиялық өнімдерді безендіру жас сыныптамасы категорияларына лайық болуы тиіс.
Бәрімізге белгілі, телекоммуникациялық желілердің трансшекаралық сипат алуы балаларды зиянды ақпараттардан қорғау шараларын халықаралық ауқымда ұйымдастыруды қажет етеді. Бұл мәселе жобаның «Баланы оның денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық» тарауында берілген. Онда ынтымақтастықтың негіздері, мемлекеттердің құзыретті органдары, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестірудің бағыттары айқындалған.
– Заң жобасы несімен ерекшеленеді?
– Біріншіден, балалардың дамуы мен денсаулығына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалуын айтар едім.
Сонымен қатар заң жүзінде зардапты ақпараттардың анықтамалары беріледі, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетіліп отыр. Телерадио, кино өнімдерін көрсетудің балаларға қолайлы уақыттары белгіленуі тиіс. Жаппай қолданыстағы интернет, ұялы телефон желілері арқылы балаларды рухани аздыратын ақпараттық өнімдердің таратылуына тосқауыл қоюдың жолдары ойластырылуымен ерекшеленеді.
Компьютерлік, электрондық ойындарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі туады. Ақпараттық өнімдерге сараптама жасаудың және жасалған сараптама қорытындыларын жүзеге асырудың заңды тетіктері айқындалмақ.
Мемлекеттік атқару органдарының балаларды зиянды ақпараттық өнімдерден қорғаудағы өкілеттіктері сараланады. Сондай-ақ заң жобасында сараланған міндеттерді қоғамдық қадағалаудың тетіктері белгіленеді.
Бұл заң жоба балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарламалардың туындауына ықпал етуі тиіс. Қазіргі кездің өзінде «Ұлағатты жанұя», «Қазақстан интернет ассоциациясы», «Әділ сөз» халықаралық қоры секілді қоғамдық құрылымдар заң қабылданған жағдайда оны жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық жобалар ұсына алатындықтарын білдіруде.
Демократия деген құндылықты түрліше түсінген, оны қоғам мен халықтың игілігі тұрғысынан емес, өзінің жеке, кей ретте қылмысқа пара-пар әрекеттері үшін пайдаланушылар ақпарат әлемін жаулай бастағаны рас десек, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау – ұлттық парыз. Сондықтан да бұл мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина Парламенттері мен ТМД Парламентаралық Ассамблеясы айрықша мән беруде. Қазақстан Парламенті де балаларды заңмен қорғау ісінде тысқары қала алмайтыны анық. Егер осы Заң жобасын белгіленген мерзімде қабылдайтын болсақ, жас ұрпақтың толыққанды дамуына айрықша ықпал ететін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен:
Айдын БӘЙМЕН,
«Президент және Халық»