Бүгінде жүрдек деген пойыздың өзі Астанадан Алматыға жарты тәулік жүретіні белгілі. Осы уақытты 4-5 есеге қысқартуға болады екен. Қарағандылық өнертапқыштар осындай жоба ұсынып отыр. «Бүркіт» деп аталатын заманауи отарбаның жобасы жақында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен инновациялық кластерді дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысында таныстырылды.
– Ел Президенті инновацияны дамыту міндеттерін алдымызға қойып отыр. Біздің облысымыздың зияткерлік әлеуеті өте жоғары. Бұл инновациялық жобаларды нақты жүзеге асыруға, оның ішінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынылатын ұтқыр жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі кеңесте. Осыған орай аймақтық пәрменді инновациялық жүйе құрылуы тиіс. Міне, ғылыми-техникалық кеңестің бар күш-жігері дәл осы мақсатқа жұмылдырылатын болады. Оның құрамына белгілі ғалымдар, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, өңірлік даму институттарының, салалық басқармалардың, кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері енгізілді. Ғылыми-техникалық кеңестің жұмыс органы болып «Сарыарқа» технопаркі» ЖШС бекітілді. Ғылыми-техникалық кеңестің қызметі мен облыс экономикасының базалық салаларындағы инновациялық кластерді дамыту мәселелері жөнінде «Сарыарқа» технопаркі» ЖШС директоры Алексей Цой баяндама жасады. Осыдан кейін сәулеттік бюро директоры Семен Болотниктің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ұсынған үш жобасының тұжырымдамасы талқыланды. Солардың бірі Астана мен Алматыны жалғауды көздейтін «Бүркіт» пойызы жүретін жылдам теміржол құрылысы. Тұжырымдама авторының айтуынша, бұл пойыз ірі қалалар арасындағы барыс-келістi арттырып, туристердің көбеюіне септігін тигізбекші. Жылдамдығы сағатына 400 шақырымнан асады деп болжануда. Сондай-ақ, бұл теміржол құрылысы өзіне қажетті энергияны күн және жел генераторлары арқылы алатындықтан, экологиялық таза жоба болмақшы. «Бүркіт» пойызы Астанадан Алматыға дейін жолаушысын 157 минутта жеткізуді көздейді. Уақыттың кемуіне біріншіден заманауи отарбаның жылдамдығының арттырылуы, екіншіден жолдың қысқаруы себеп болмақшы. Жолды Балқаш көлі арқылы өтетін көпір үстінен салу көзделгендіктен, арақашықтық 180 шақырымға қысқармақшы. Теміржолдың әкелетін пайдасы алғашқы жылдың өзінде шамамен 200 млрд теңгені құрайтын болады, дейді жоба авторы. Кеңес мүшелері жобаны жан-жақты қарастыра келіп, әлі де болса оның экономикалық, технологиялық жағын есептеу қажеттігін айтты. Жалпы тың идеяға қолдау танытты. Бұдан кейін ұсынылған екі жоба электр энергиясының балама көздеріне қатысты болды. Ғылыми-техникалық кеңес мүшелері «Тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік ғимараттардың саңылаулы іргетасы» жобасы мен «Экологиялық таза гидродинамикалық жылытқыштарды сериялық өндіру үшін техникалық құжаттаманы дайындау» жобалары да кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. «Саңылаулы іргетас» – Қарағандыда Гүлдер шағын ауданында эксперимент ретінде тұрғызылған үйлерде сынақтан өткен жоба. Мамандардың айтуынша, үш үйге қолданылған осындай іргетас өзінің тиімділігін көрсеткен. «Әдеттегі іргетастардай емес, мызғымай тұр және жылу үнемдеуге де тиімді екенін көрсетті», – дейді жоба жетекшілері. Кеңес мүшелерін қызықтырған жобалардың тағы бірі – «Пальма электр стансасы». Жоба авторларының айтуынша, бұл құрылғы арқылы жел энергиясын кәдеге жарату көзделген. Сәтін салса, бұл туынды «ЭКСПО – 2017» көрмесіне жол тартуы мүмкін. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі ғылыми-техникалық кеңестің одан арғы қызметіне қатысты тапсырмалар берді. Сондай-ақ инновациялық жобаларды дамыту қорын құру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу жағын қарастыруды тапсырды. Қамбар АХМЕТОВ |