АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Үшінші қазақ жігіті ғарышқа ұшатын болды

скачанные файлы (1)АЛМАТЫ. 2 маусым. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Ресей Халықаралық ғарыш стансасына қазақ ғарышкерін жіберу туралы түпкілікті шешімге келгені туралы жариялады. Байқоңыр ғарыш айлағының 60 жылдығына орай сөйлеген сөзінде вице-премьер осылай деді. Бұл туралы ИА «Новости-Қазақстан» хабарлады. Қазақстан мен Ресей президенттерінің өзара келісімі арқасында таяу арада «Байқоңырдан» үшінші қазақ жігіті ғарышқа аттанады. «Роскосмос» өкілінің мәлімдеуінше үміткер екі ғарышкердің аты-жөні әзірге нақты белгіленген жоқ. Дегенмен, «Қазғарыш» агенттігі таяуда таратқан мәлімдемесінде Халықаралық ғарыш стансасына ұшудан бас тартқан британ әншісі Сара Брайтманның орнына қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің ұшуы мүмкін екенін хабарлап қойған. Бұған дейін ғарышта екі қазақ ғарышкерінің болғаны белгілі. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышкер-зерттеуші болып ұшса, Талғат Мұсабаев 1994 жылы бортинженер, 1998 және 2001 жылдары ғарыш кемесінің командирі ретінде «Мир» орбиталық стансасында және Халықаралық ғарыш стансасында болған. Олардан бөлек, тағы екі қазақ ғарышкерінің Халықаралық ғарыш стансасына ұшуға дайын екені бұған дейін бірнеше рет хабарланды. Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов есімді қазақ ғарышкерлері 2007 жылы Гагарин атындағы Ресей мемлекеттік ғарышкерлерді дайындау орталығын ойдағыдай бітіргені есімізде.

Талғат Сүйінбай.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/06/02/64934