АЛТЫНОРДА
Новости

Ұстаз–бала – ата-ана арасындағы тәрбиелік байланысты нығайту үшін не істеу керек?

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

– Ұстаз бен ата-ана арасындағы байланыс бала тәрбиесіндегі өзекті мәселе болып тұр. Елбасының тәрбие мен педагогиканы түбегейлі өзгертіп, ұлттық педагогиканы дамыту қажеттігіне көңіл аударғаны қуанарлық жағдай. Тәрбие болған жерде білім, өнеге сөзсіз қалыптасады. Ал тәрбие қайдан келеді? Ең бірінші – отбасынан, қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс өте тығыз болуы керек.

Ауылдық жерлерде, бір жақсысы, сынып жетекшісі, баланың үйіне барып, қандай жағдайда тұрып жатқанын, баланың көңіл күйіне әсер ететін жақсы-жаман жақтарын көріп, көңіліне түйіп алуына мүмкіндік мол. Ал қала деңгейінде бұл жұмыс қиындау, дегенмен, сынып жетекшісі әрбір баланың қандай ауамен де­малып, қандай жанұяда өсіп жатқанын білмейінше, тәрбие дұрыс жүрмейді деп ойлаймын. әйкесінше, ата-ана да баласының қандай ортада өсіп жатқанын, қандай балалармен оқитынын білуге мүдделі болуы шарт. Тәрбие саласындағы олқылықтың орнын толтыру үшін ынтымақтастық педагогикасын жаңғыртуымыз керек. Мұғалімдердің ескертпелеріне ата-ана құлақ асып, екі жақ бір-бірін тыңдай алғанда ғана бір нәтижеге қол жеткіземіз.

Image

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, «DA-Қазақстан» журналының Бас редакторы:

– Ұрпақ тәрбиесі отбасының болашағы, мемлекеттің тағдыры, қоғамның келешегіне байланысты. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен 7 жасқа дейінгі алған тәрбиесі, көрген-білгені, санасына сіңгені тұтас тағдырының алтын арқауы болмақ. Ал жеті
жастан 70 жасқа дейін алатын білімі, оқығаны, түйгені – оның тек білімді болып қалыптасуының негізі. Ал жеті жасқа дейінгі жауапкершілік алдымен ата-анаға, одан кейін балабақша тәр­биешісі мен мектепалды даярлығының мұғалімдеріне түседі.
Осы жерде ата-ана өз тіршілігімен айналысып, бала тәрбиесі назардан тыс қалып, тек «киімі көк, тамағы тоқ болса, болды» деу жеткіліксіз. Заттық дүниелер қажет болғанымен, адам болып қалыптасуы үшін оның санасы мен жүрегіне әсер ету керек.
Ұстаз да өз кезегінде айлық алып, баланы аман-есен әке-шешесінің қолына тап­сыр­сам дейтін болса, ол да баланың тәрбиесіне кері әсер етеді. Екі тараптың да жауапкер­ші­лікті сезінуі бір  нәтиже бермек. Құрғақ сөзден гөрі, ата-ана мен ұстаздың бойын­дағы жақсы қасиеттер балаға үлкен әсер етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзден гөрі, амалға көп мән берген. Сондықтан тәрбие де, өнеге де нақты істерден жұғады. Сондықтан екі тараптың байланысы өз міндетіне жауапкершіліктен туындайды.

Image

Әсемхан Өмірбекова, ата-ана:

– Бала тәрбиесіне, шыны керек, кейінгі кезде көп көңіл бөлінбей, жауапкершілікті мектепке жүктеу белең алып кетті. Ұстаз бен ата-ананың арасында тығыз байланыстың болмауы да бала тәрбиесіне кері әсер етіп жатыр. Өйткені кейде «мектепке кетті» деп алаңсыз жүрген ата-ана баласының расымен мектепке бар­ған-бармағанынан хабарсыз болып жатады. Сондықтан ұстаз – бала – ата-ана арасындағы байланысты нығайту үшін, жауапкершіліктің алдыңғы қатарға шыққаны абзал. Өйткені ата-ана ең бірінші саналы ұрпақ тәрбиелеуге міндетті. Тәрбиеден кеткен кемшілік болса, оны өзгеден іздемей, өзінен табуға тырысуы керек. Шақырған кезде ата-ана жиналы­сынан қалмай, әркез үй тапсырмасын қадағалап, баланың көңіл күйі, өзін-өзі ұстауы жөнінде ұстаздармен пікірлесіп отырғаннан ешкім ұтылмайды.

Сауалнаманы жүргізген – Үмітжан ЖАПАР

http://www.aikyn.kz