Астана. 10 желтоқсан. Baq.kz – Бүгін Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Қазақтілді интернет-сайттардың ұлттық сыйлығы» байқауын қортындылап, үзік шыққан электронды бұқаралық ақпарат құралдарын 5 номинация бойынша марапаттады.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәукеевтің айтуынша, байқауға қатысуға бас-аяғы 12 өтініш келіп түскен. Қазылар алқасының мүшелері ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилиянов, «Еуразия» бірінші арнасы» бас директорының бірінші орынбасары Мұхтар Ерман, жазушы, журналист Болат Жүнісбеков және белгілі диктор Юлия Кушнарева бәйгеде оза шапқан сайттарды іріктеп алған.
Баспасөз-мәслихатында сөз алған Мемлекеттік дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің мүшесі Нұртай Сәбилиянов бүгінгі таңда қазақтілді сайттардың қарқынды түрде дамып келе жатқанын, қазақ журналистері қоғамдағы түйіткілді мәселелерді дер кезінде көтеріп жүргенін тілге тиек етіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ана тілімізді одан әрі кең көлемде насихаттауға және халық қалаулыларымен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Сонымен, «Өткір тіл» аталымына мемлекеттік тіл және ұлттық құндылықтар турасында қалам тартып жүрген «Ұлт. kz» сайты лайық деп танылса, «Рухани азық» аталымы «Мәссаған» сайтына бұйырды. «Терең ізденіс», «Шынайы өмір» номинацияларын «Абай. kz» және «Мінбер» сайттары жеңіп алса, «Спорт тынысы» аталымы «Алашарена» спорт сайтының еншісіне тиді.
Байқау жеңімпаздарына бас демеуші «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан 150 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық пен әр аталым бойынша әзірленген статуэтка табыс етілді.