АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Халқымыздан қалдығымыз көп

Қазақстан қазбаға қаншалықты бай болса, улы қалдыққа да соншалықты бай. Жердің асты-үстінің астаң-кестеңін шығардық. Ауа қабатына ауыз салдық. Нәтижесінде 17 миллион халық 22 миллиард тонна қоқыстың үстінде жүр. Яғни жан басына шаққанда 1 400 тоннадан келіп тұр. Бұл туралы кезінде қоршаған ортаны қорғау министрі болған, бүгінгі мәжілісмен Нұрғали Әшімов жалпақ жұртқа жария еткен болатын

Содан бері жағдай күрделене түспесе, жақ­сар­мағаны айдан анық. Бұрынғы Одақтың «мұ­расы» Се­мей, Капустин Яр, Тайсойған мен Азғыр атом по­лигондарының радиоактивті қалдығы ашық аспан ас­тында жатыр. Ядролық сынақтан қалған қазан­шұңқырға ауылдың адамы шомылып, малы су ішіп отыр. Ауыр металдар мен тұздардың топырақты лас­тауы шамадан тыс. «Арал теңізіндегі Воз­рож­дение аралына 24 вагонмен әкелінген арнайы ыдыс­тарға құйылған бактериологиялық қару сы­намасы сыртқа шығып кетер болса, алапат апат бо­лады», – деп отыр мамандар. Ұлттың саулығына қа­тер төнген уақытта тағы да «қаржы жоқ» деп ауыз­ды қу шөппен сүрткеніміз қайткеніміз?!

Қазіргі өндірістің қарқыны да қалдықсыз деуге кел­мейді. Тау-кен өндірісінің зиянды заттарын шы­ғаруда Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қос­танай, Павлодар мен Алматы облыстары көш бас­тады. Мысалы, бүкіл республикадағы зиянды зат­тардың 27 пайызы «Қазақмыс» пен «Арселор Мит­тал Теміртау» компанияларына тиесілі. Екі­бастұз ГРЭС-інің бір өзі 1,5 млрд тонна қалдықты үйіп тастапты. Батыс Қазақстан, Атырау мен Маң­ғыс­тау өңірі мұнай қалдығынан зардап шегуде. «Кө­мірсутек шикізатын өңдеген кезде міндетті түрде бөлінетін күкіртті қайда жібереміз?» деген сауалға нақты жауап әлі табылған жоқ.

Батыста – мұнай шламы, оңтүстікте – хлор қалдығы

Ен байлыққа қызыққан шетелдік инвестор ең ал­дымен, біздің экологияны емес, өзінің қалтасын қампайтуды ойлайтыны түсінікті. Қоршаған ортаны қор­­ғауға да самарқау. Неге? Себебі қаржы жұмсап, жа­ңа қондырғы сатып алғанша, экологиялық айып­пұлды төлеп тастаған әлдеқайда арзанға түседі. Төл та­биғатқа осындай өгей көзқарастың салдарынан соң­ғы бір ғасырда қарт Каспийдегі итбалықтар саны 90 пайызға кеміп, БҚО-ның 200 мың гектар жері мұ­най қалдығынан жарамсыз болып қалған. Таяуда осы облыстың Январцево ауылы маңынан аумағы 816 тек­ше метр улы өнеркәсіп қалдығы та­былды. Қалдық көметін жерге жеткізілмей, орта жол­да далаға төгіле салынған мұнай шламынан та­биғатқа келген зиян мөлшері 119 миллион теңге ша­масында. Мұндай көрініс Дарьинск және Ру­беж­ка елді мекендерінде де бірнеше рет қай­таланған. Об­лыстық прокуратура қылмыстық іс қоз­ғап, кінә­ліл­ерді іздестіруде.

 

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

 

Республиканың батысындағы халық улы мұнай шламынан зардап шегіп отырса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тельман ауылы тұрғындары түгелдей ауруға шалдыққан. Химиялық тыңайтқыш қал­дық­тары көмілген аумақтан берілген жер теліміне бас­па­на көтерген тельмандықтарға «мына жерде ден­сау­лықтарыңа зиянды заттар бар» деп ешкім айт­паған.

Адамдар жаппай ауыра бас­та­ған­нан кейін жүргізілген зерттеулер бұл жердің топырақ құрамындағы хлор­дың мөлшері 150 есе жоғары екендігін анық­тапты. Алты жылдан бері айтылып, жа­зылып келе жатса да, ауыл әлі сол орнында тұр. Улы қалдықты сақтайтын полигон салуға бюджетте қаржы жоқ көрінеді. Ма­ман­дардың есебінше, полигон құры­лысына 16 миллион теңге керек, былайша көп дүние емес. Тұтас ауылдың тағдыры енді облыстық мәслихат депутаттарының қолында.

Қалдықты әуелі сақтап, сосын өңдеуіміз керек

Улы заттар өмірімізге енгеннен кейін олар­мен бәрібір «тіл табысу» қажеттігі туындайды. Соған сай бүгінде «Қал­дық­тарды басқару» дейтін заманауи термин пай­да болды. Экология министрлігінің құ­рамында Қалдықтармен жұмыс істеуді реттеу басқармасы бар. 2010-2020 жыл­дар­ға арналған «Қазақстан экологиясы» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарламаға сәйкес, әуелі жер-жерде қалдық сақтайтын қоймалар құрылысын жүргізу, сосын полигондарда қал­дықтарды қайта өңдеу, одан әрі залал­сыз­дандыру шаралары жүйелі атқарылуы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде қалдық сақ­тайтын полигондар құрылысы Қа­зақстанның қай облысын алсаңыз да ақсап тұр. Барының өзінде күл-қоқыс аузы-мұр­нынан асып жатыр.

Мә­селен, Тараздың дәл осындай поли­го­нында – 150, Шымкентте – 220, Қара­ған­дыда – 250, Алматыда 1 900 мыңға жуық қатты қалдық жинаулы тұр. Бір сөз­бен айтқанда, жағдай өте күрделі. Тіпті ұлт­тық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретіндей мөл­­шерде. Осы орайда ҚР қор­ша­ған ор­таны қор­ғау министрі Нұр­лан Қаппаровтың ау­зы­нан үміт отын үрле­ген жаңалық ес­ті­дік. Оның хабар­лауынша, 2014 жылға қарай Қазақстанның 27 мо­ноқаласында қалдық сақ­тай­тын полигондар құрылысы бас­тал­­мақ­шы. Сондай-ақ қал­дық­ты өңдеуге айрық­ша мән берілетін кө­рінеді. «Қалдық өң­деу – бұл «Жасыл эко­но­миканың» аса ма­ңыз­­ды элементтерінің бірі. Ал­дағы екі жылда қалдық өңдейтін тоғыз зауыт салу жоспа­ры­мызда бар. Оған отан­дық және шетелдік ин­вес­торлар қатысатын бо­лады. Ал жалпы 10-15 жыл ішінде елде қоқыс өңдейтін 41 за­уыт­ті іске қоспақпыз», – деді министр.

Қалдықты өңдеу мәселесінің аса ма­ңыз­­дылығын белгілі ға­лым­дар да қуаттап отыр. Эко­номика ғылымының докторы Рах­ман Алшановтың айтуынша: «Өндірістік қалдықтарды өңдеу алдыңғы қатарлы технологияға байланысты. Еліміздің өнді­рі­сінде жүрген шетелдік ком­па­ниялар қалдықтарды қайта өңдеуге шығын шығармай, қазба байлықтың тек қаймағын қалқып алуды көздейді. Ал қазіргі кезде дамыған елдер заманауи технологияның тиімділігін пайдаланып, қалдықты қайта өңдеуге қатты мән беруде. Мәселен, Қы­тай­да сирек кездесетін металдарды өңдеп өнім шығаруды мықтап қолға алып отыр. Гер­мания қағаздың 50 пайызын ма­ку­ла­турадан өндіреді. Ал біздің елімізде 400 мың тоннадай макулатура бар. Бірақ со­ның 80-100 мың тоннадайы ғана өңделеді де, қалғанын лақтырып жатырмыз. Ке­рі­сін­ше жылына дәретхана қағазының 29 мың тоннасын сырттан тасимыз. Осыны өзі­мізде өндіруге болады. Сол секілді тозған авторезиналар кез келген жерде ша­шылып жатыр. Шет мемлекеттер осы­ның өзін қайта өңдеп шығарады. Бір жағы эко­логияны таза ұстайсың, екіншіден, ақшаға үнем. Сондықтан өндіріс орын­да­рына талапты күшейткен жөн».

Күні бүгін елімізде қалдық заттардың 10 пайызы ғана өңделіп, қалған 90 па­йы­зы ашық аспан астында іріп-шіріп жатыр екен. Олардың құрамына талдау жасаған ма­мандар бір текше метр қалдықта 22 па­йыз қағаз, 38 пайыз тағам қалдығы, 6 па­йыз тоқыма-тігін бұйымдары, 4 пайыз ме­талл, 4 пайыз шыны, 18 пайыз пласт­мас­са және полимер өнімі бар екендігін анық­таған. Ендеше, осы байлықты қайталап кә­деге жарату – кезек күттірмейтін міндет.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Алаш айнасы газетiнен алынды