Қазіргі уақытта ұлттық қолөнершілерге жасалатын қамқорлықтың ең үлкені көрмелер өткізумен, сырттан келген қонаққа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсетумен ғана шектелетін сыңайлы. Қалған уақыттың барлығында балды бармақ шеберлер өз қазанында өзі қайнауға мәжбүр. Рас, үлкен деңгейде шаралар өткізгенде шеберханаларға шам алып кіріп, алтын қол иелерінің асты-үстіне түсіп, әке-үке дейміз, шара біткесін олар шарасыздық күйіне қайта түседі…
Елімізде Қазақстанның Қолөнершілер одағының құрылғанына бар-жоғы бір ғана жыл болды. Оған дейін қолөнершілердің жоғын жоқтаған ешкім болған жоқ. Бірақ оған да шүкір дейік. Бірінші жылы етек-жеңін жинаса, алдағы уақытта одақ мүшелері төрт құбыласын түгендеп алуға барын салмақ ниетте.
Болат АТЫРАУБАЕВ, зергер, Қолөнершілер одағының өкілі:
— Былтыр Our Herіtage қоғамдық қоры һәм Орта Азияның Еуразия қорының қолдауымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент пен Өскемен қалаларының бірнеше қолөнершісі бірігіп, Қолөнершілер одағын құрдық. Алғашқыда құрамында барлығы жеті адам болды. Одақты құрудағы мақсат — ешкімнен қолдау таппай отырған шеберлерді насихаттау, оларды түрлі деңгейдегі көрмелерге алып шығу, басқа шеберлермен арада тәжірибе алмасуына ықпал ету. 2009 жылдан бері елімізде «Шеврон» компаниясының қаржыландыруымен 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстандағы қолөнер мен дәстүрлі кәсіпті қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында төрт рет «Шебер» республикалық байқауы өткізілді. Одан жеңімпаз болған қолөнершілерге алғашқыда ақшалай сыйлықтар берілді, кейін Өзбекстанға, Үндістан мен Малайзия елінде өткен халықаралық көрмелерге қатысып, сол елдегі қолөнершілермен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады.
Биыл қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» конкурсы бесінші рет өткізілмек. Қазір іріктеу туры өткізіліп жатыр, нақты қорытындысы маусым айында шығатын болады.
Әрине, көрме өткізген жақсы. Бірақ ол қолөнершілердің еңсесін көтеріп, етегін жабуына толық деңгейде ықпал ете алмайды. Оларға бұдан да қомақты, кешенді қолдау қажет. Шеберлерді қолдау мәселесі басқа шетелдерде жақсы жолға қойылған. Мысалы, Өзбекстанда халық шеберлері жүз пайыз салықтан босатылған. Біздегі сауда орындарындағы Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келіп жатқан қолдан жасалған бұйымдардан ол жақта өнімді экспортқа шығарудың жүйелі жолға қойылғандығын байқаймыз. Жапонияда қолөнер бағытында жұмыс жасап, салт-дәстүрді сақтап келе жатқан адамдарға мемлекет қаржылай қолдау да көрсетеді. Бізде олай емес. Мемлекет ешбір шеберге шеберхана ашып беріп, құрал-жабдықтарын алдына салып беріп отырған жоқ. Рас, мемлекет маған ештеңе істемеді деп оны күстаналауға ешкімнің қақы жоқ. Нарықтық сана деген тағы бар. Алайда барлық шебердің, барлық қолөнершінің менеджер, керемет ұйымдастырушы болуына мүмкіндігі жоқтығын да ескеру керек. Барлығы бірдей жеке кәсіпкер атана алмайды. Себебі қолөнер деген күнде табыс әкеліп отырған кәсіп емес: сұраныс бір күн бар, екінші күні жоқ.
— Құзырлы органдар тарапынан ешқандай кешенді көмек жоқ екені рас. Бірақ ауызды қу шөппен тағы да сүрте алмайсыз. Себебі көрмелердің өзіне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді… Оның өзі үлкен олжа дейік. Бірақ бізде неге Өзбекстандағыдай жағдай жасалмайды?
Тым болмаса, қолөнершілерді 100 пайыз болмаса да 50 пайыз салықтан босатуға болмас па екен? Қазақстанның экономикасы бұдан аса зардап шегіп қалмас деп ойлаймын. Өзбектер аса бай халық та емес, бірақ олар ұлттық құндылықтарын ұлықтауда бізден оқ бойы озық тұр. Бұл бағытта басқа елдерден артта қалып келе жатқанымыз ақиқат, — дейді Болат Атыраубаев.
Тағы бір түйткіл, бүгінгі шеберлердің көбі — жасы ұлғайған адамдар. Жастардың дені қолөнерді еңбегі еш, тұзы сор кәсіп деп санайды. Сондықтан оған басын тыға қоймайды. Қазір ауылдарда текемет басып, алаша тоқып жатқан ешкімді көрмейсіз. Зергерлер сіркелеу әдісі жойылып барады деп зар қақсайды. Мүйіз тарақ жасайтын аталарымыз, алаботадан шекер қайнататын әжелеріміз жоқ бүгінде. Далада өсіп тұрған шиді ешкім жинамайды. Ауылдарда жүн мен тері іріп-шіріп жатыр. Бұрын басқасын тастаса да, көрігін тастамаған аталарымыздың бұл құралы шаң-шаң болып сарайларда жатыр. Қазақтың келіншектері қазір тіпті жүн түтіп, ұршық иіруді де ұмытып бара жатқандай. Телесериал қарап отырып, тоқып тастайтын жүн шұлықты базардан сатып алатын жағдайға жеттік. Ілкіде бір қытайлардың «осы қазақтар қызық, денсаулыққа өте пайдалы киіздерінен сүйретпе аяқ киім жасап алудың орнына қытайдың экспортқа шығаратын сасық аяқ киімдерін сатып алады» – деген өтірік-шыны аралас әңгімесін естідік. Олар айтпады дегеннің өзінде, бұл – шындық екені рас. Оны былай қойғанда, қазір екінің бірін орнынан тұрғызбай тастап жатқан омыртқа ауруына ұшыраған адамның астына киіз төсеп жатса, үлкен ем екенін біле бермейміз.
…Малайзияға барып келген шеберлер көзін жұмып, аузын ашып қайтыпты: ол жақта қолөнер кәсібіне зор мән беріледі екен. Қолөнершілердің арнайы орталықтары бар көрінеді. Мұнда қолөнер шеберлерінің дүниелерін жұртқа таныстыруға, сатылымға шығаруға, шеберлер арасында байланыс орнатуға барлық жағдай жасалған деседі. Қырғыздардың шетелдік қонақтарға ұсынатын сувенирлерін сыртқа экспортқа шығаруына мемлекеттің өзі қолғабыс етіп отыр дейді білетіндер. Б.Атыраубаевтің айтуынша, қазір олардың заттарын саудалайтын орындар тіпті Америка, Англия, Жапония секілді мемлекеттерде де бар көрінеді. Өзбекстанда «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатына ие болған халық шеберін ақ киізге көтермегенмен, оны дүрілдетіп, даңқын шығарып, мемлекеттік тапсырыс беріп, кәсібін жүргізуге көмектеседі екен. Бізде ше?..
Өткен жылдың қараша айында Иранның Тегеран қаласында ЮНЕСКО-ның қолөнер саласы бойынша халықаралық қазылар алқасы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Түрікменстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шеберлері ұсынған қолөнер бұйымдарын саралап, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісіне» лайық өнімдерді іріктеді. Оған берілген 407 жұмыстың ішінде 188-і сапа белгісі сертификатына ие болды. Оның ішінде 12 қазақстандық қолөнершінің бұйымдары жоғары бағаланды. Мұндай зор бағаға Ақтөбе облысы бойынша тұңғыш рет қолөнер шебері Ерқосай Әбілев те ие болған-ды.
Ерқосай ӘБІЛЕВ, қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатының иегері:
— Мен малдың сүйегінен бесікке салатын шүмек жасаған болатынмын. Бұл еңбегімді халықаралық деңгейдегі қазылар алқасы жоғары бағалады. Бұл жеңісім туралы облыстық мәдениет басқармасын өзім хабардар еттім.
Жалпы, елімізде болып жататын көрмелерге, байқауларға қатысып тұруға тырысамын. Алматыда өткен халықаралық «Ортеке» байқауында менің туындыларым жоғары бағаланды. Алайда кейбір көрмелер ізсіз өтеді. Мысалы, өткен жылы Астанада «Ел іші — өнер кеніші» атты көрмеге туындыларым қойылды, алайда қатысқанымыз жөнінде ешбір сертификат, құжат берілмеді. Ізсіз, нәтижесіз өтетін көрмелердің шеберлерге қандай пайдасы бар? Оның үстіне көрме ұйымдастырушылары оған келетін аудиторияны да зерттеуге тиіс дер едім. Себебі қолдан шыққан бұйымдар қымбат болады, оны көшеде кетіп бара жатып көрмеге кіре шығайыншы деген адамдардың барлығы бірдей сатып ала алмайды. Яғни шебер заттарын көтеріп апарып, қайтадан алып қайтады.
Шебер өз кәсібіне шынайы берілсе ғана, одан пайда болады. Бізде оған мүмкіндік жоқ. Себебі шеберлердің барлығының дерлік негізгі табыс тауып отырған жұмысы бар, яғни оның қолөнері екінші, қосымша жұмысы болып отыр. Мен осы кәсіппен айналысқаныма 25 жыл болды, қазіргі кәсібім де, нәсібім де – осы.
Біздің үлкен мақтанышымыз — 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне әлемнің бірнеше елінен миллиондаған турист келеді. Туристі осы елдің егесі де, қожасы да — қазақ деген ұлт қандай ұлт, ол қалай өмір сүреді, қандай киім киеді, қалай сөйлейді, қалай тұрады, қандай тамақ жейді, қандай ауамен демалады деген нәрселердің бәрі қызықтырары сөзсіз. Олардың арасында сүйсініп те, сынап та қарайтындар болады… Көрмені көргендері көрмегендеріне айтады, біздің елден бір-бір естеліктер ала кетеді. Ол естелік қазақ ұлтының тұтас болмысын көрсете алатын кішкентай құндылық болуы керек. Бұл тұрғыда біздің шеберлердің туындылары бірінші орынға шығуы керек!
P.S.
ЭКСПО-–2017 көрмесі кәсіпкерлермен қатар ұлттық қолөнершілердің де жұмысына серпін берері сөзсіз. Себебі туризмнің дамуы — қолөнердің тынысын ашуына септігін тигізеді. Алайда бір реттік емес, тұрақты мемлекеттік қолдауға бәрібір ештеңе жетпейді. Қолөнершілер «жыламайды». Ал қазақта «жыламайтын» бала «сүтсіз» қалатыны тағы бар. Сондықтан қазақ қолөнерінің мәйегі суалып, тамыры қиылмасын десек, қолы – алтын, бірақ қысқа қолөнершілерге қолдау көрсететін заң шықса да артықтық етпес еді… Себебі қазір біздің қолөнершілерге қолдау көрсеттік деп жүрген кейбір шетелдік компаниялардан гөрі бұл шеберлер ұлтқа, мемлекетке қажет-ақ…
Автор: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
http://alashainasy.kz/culture/40206/