АЛТЫНОРДА
Новости

Халықтың саулығы – мемлекеттің байлығы

к44Астана. 3 маусым. Baq.kz-Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтiк саясаттың негiзгi мақсаты — медициналық қызметтiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын құру жолымен медициналық қызметтiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету негiзiнде тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту болып табылады.

Республикада тұрғындардың денсаулық көрсеткiшi анағұрлым жақсарды. Ана мен бала өлiмi, туберкулезбен ауру және құрт ауруынан болатын адам өлiмi көрсеткiштерi төмендеді. Десек те, әлi де әрбiр қазақстандық үшiн басты құндылық — өзiнiң денсаулығы екенiн түсiну кемшiн соғып жатады. Сондықтан саламатты өмiр салтын ұстанып, елдi мекендерде, мекемелер мен ұйымдарда, еңбек ұжымдарында бұқаралық спортты дамыту қажет. Адамдардың белсендi демалысын ұйымдастыру, оқу орындарында спорт секцияларын көптеп ашу да кезек күттiрмейтiн мiндет болып табылады.
Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық тапсырмасында «Өзiнiң жеке басының денсаулығын адамның өзi ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиiмдi шығар едi»,– деуi де тегiн емес. Қаншама емдеу мекемелерiн iске қосып, саланы дамытуға қыруар қаржы бөлгенмен, оның қайтарымды болуы адамдардың өз денсаулығын күтуге деген шынайы көзқарасына тәуелдi екенi рас. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытумен бiрге адамдардың да осы бағыттағы белсендiлiгiн арттыру керек-ақ.
Елбасы өз сөзiнде әлеуметтiк жаңғыртудың барлық қырларын қолға ұстатқандай айқындап бердi. Ендi Үкiмет пен салалық министрлiктер, жергiлiктi билiк буындары осы тапсырмаларды орындаудың белгiленген жолдарын бағдарға алып, кешендi iстердi жүзеге асыруға кiрiсуi қажет. Бұл мемлекетiмiз үшiн, барша қазақстандықтар үшiн қажет iс. Әлеуметтiк iлгерiлеуге iз ашатын ауқымды жұмыстарға негiзделген тапсырмаларды орындау арқылы бiз өз өмiрiмiздi мәндi етiп, дамудың жаңа сатысына көтерiлемiз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбiшұлы алға қойған 20 тапсырманы әлеуметтiк салаға серпiн беретiн 20 қуат көзi деп қабылдауға болады.

http://www.baq.kz/kk/news/29565