АЛТЫНОРДА
Новости

 Халюк Ипек: Нұрсұлтан Назарбаевтың пікіріне әлемдік державалар құлақ салатын жағдайға жетті

Түркияда Төлебаев жылының ашылуымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Түркия Рес­публикасы арасындағы парламентаралық және мә­дени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және тереңдету мақсатындағы кездесулер де өтті. 11-12 наурызда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен және қолдауымен Қазақстан Пар­ламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрағасы Ахан Бижановтың жетек­шілігіндегі қазақстандық делегация Анкара қаласына келіс­сөздер жүргізді.

 

11 наурыз күні қазақстандық сенатор Қазақстан – Түркия достығы парламенттік тобының төрағасы, Түркия Республикасының биліктегі Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Халюк Ипекпен жүздесті.

Ахан Бижановтың Халюк Ипекпен кездесуі кезінде қазақстандық делегация басшысы түрік парламентариін Қазақстанның ішкі саясатындағы өзекті мәселелермен хабардар етіп, еліміздің эко­номикалық және әлеуметтік салаларындағы бір­келкі даму барысымен таныстырды. Экономикадағы табыстарды және Қазақстанның экономикалық саясаты әлеуметтік сипатта екендігін атап өтті. Тіпті дағдарыстың өршіп тұрған кезеңінде де мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел Үкіметін Қазақстан халқының әлеуметтік жақтан қорғалмаған бөлігін демеу курсын өзгертпеуге бағыттағанына ай­рықша мән берді. «Бұл саясат Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын құрудың арқасында мүмкін болды. Қорда жинақталған қаржы сыртқы факторлар мен әлемдік бағалар конъюнктурасының жағымсыз ықпалын төмендете отырып, дағдарыс кезеңінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және беріп келеді. Бұған қоса, Ұлттық қорды құру әлемдік экономи­кадағы қазіргі сәттегі жағымсыз үдерістерге орайласа әрекет ету үшін құрылып қана қойған жоқ, Қордың стратегиялық мақсаты болашақ қазақстандық буын үшін қаржы жинақтау болып табылады» деді, сенатор. Ахан Бижанов, сонымен қатар Елбасының «Қазақстан – 2050 стратегиясы» Жолдауында аталып өткен стратегиялық бағдарламасы туралы ақпарат берді. Әлеуметтік және экономикалық мәселелер Жолдаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын және Қазақстан алдына әлем­нің алғашқы қатардағы 30 экономикасы қатарына кіру мақсаты қойылғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту Жолдаудағы басымдықтарға кіргендіктен, Түркияның осы саланы өркендету тәжірибелеріне қатысты қызығушылығын білдірді.

Ал Халюк Ипек қазақстандық делегацияны 10 жылдан астам уақыт бойы билікте тұрған Әділет және даму партиясы үкіметінің экономикалық және әлеуметтік саясаты турасында әңгіме өрбітті. «Экономика және әлеуметтік салаларда ұқсас міндеттер біздің партияның 2023 жылға дейінгі бағдарламасында да қойылған. Бұйыртса, Түркия Республикасының 100 жылдық торқалы тойы келе жатыр. Түркияның Ұйымдасқан өндіріс аймақ­тарына ұқсас Қазақ-түрік өндірістік аймақтарын Қазақстан Республикасының барлық облыстарында құру үшін Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев мақсатты түрде жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастырылған өндірістік аймақтар мемлекеттің қолдауымен шағын және орта кәсіп­керлікті дамытудың нақты көрінісі болып табылады. Түркия тәжірибесі аймақ бойынша көрші елдер үшін ғана емес, дамыған еуропалық мемлекеттер үшін де ерен үлгі.

Бәрінен де таңғаларлығы, аз ғана тарихи мерзім ішінде Н.Назарбаевтың пікіріне әлемдік державалар құлақ салатын жағдайға жетті. Бауырлас Қазақстан­ның қарқынды дамуы арнайы зерттеуді қажет ететін феномен» деп ой қорытты, түрік саясаткері.

Тараптар парламентаралық және партияаралық байланыстарды дамыту мен тереңдету, екі туыс мем­лекеттің одан ары саяси және экономикалық дами түсуі жолында еңбек ету турасында ортақ бай­ламға келді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,  Алматы – Ыстамбұл – Анкара – Алматы

http://www.aikyn.kz