Ескендір Хасанғалиев әнші Қайрат Нұртастың “Ауырмайды жүрек” әнін орындауына не түрткі болғанын айтты.
“Бұл бір қызық оқиға болды. Өткен жылдың соңында “Қазақстан” арнасы жаңа жылдық хабардың түсіріліміне шақырды. Әзіл-оспағын, қалжың-қалтасын араластырып, көрермендерге мерекелік тарту дайындамақ екен. Сценарий бойынша жастар аға буынның әндерін, ал аға буын өкілдері жас орындаушылардың әндерін орындауға тиіс болды. Ұйымдастырушылар Қайрат балаңыз орындап жүрген “Ауырмайды жүрек” деген әнді орындап беріңіз деп қолқа салды”, – дейді ол.
Әнші-композитор келісім бергенін айтты. Сондай-ақ осыдан 40 жыл бұрын жұбайы Дарикоға арнап жазылған “Әдемі-ауды” ұйымдастырушылар Қайратқа орындатқызбақ болған.
“Алдын-ала дайындалу үшін қағазға түсірілген әнді қолыма ұстатты. Бірақ мен әнді өз даусыма ыңғайлап, романсқа ұқсатып айттым. Көңілімнен шықты. Ал Қайраттың “Әдемі-ауды” орындаған-орындамағанын білмеймін. Өз құлағыммен естіген жоқпын”, – деді Ескендір мырза.
Сонымен қатар ол Қайрат жайлы ойымен де бөлісті.
“Қайраттың жеке басына келсек, өте талантты жігіт. Бір басына жетерлік қызбалығы да бар. Бәріне бірден қол жеткізуге ұмтылады”, – дейді Хасанғалиев.
Еске сала кетсек, Қайрат Нұртастың орындауындағы “Ауырмайды жүрек” әні 2011 жылы шыққан хит әндердің бірі.