АЛТЫНОРДА
Новости

Хиджаб кию мәселесі қиюын қашан табады?

Ïåðâàÿ Ìîñêîâñêàÿ ìåæäóíàðîäíàÿ âûñòàâêà ÕàëÿëüБүгінде жер-жерде мұсылмандыққа бет бұрған қазақ жастарының арасында киім киюдің бұрын-соңды кездеспеген жаңа бір үлгісі өрістеп бара жатқандығын аңғару қиын емес. 
Әрине, шариғат бойынша тақуалыққа ден қойған жан баласы әуретті жерлерін жауып, таза әрі сыпайы киінуі қажеттігі айтпаса да түсінікті. Десек те, «Бояушы бояушы дегенде сақалын бояпты», — дегендей, жыл он екі ай бастарын бет-ауыздарымен қоса қара матамен тұмшалап алатын қыз-келіншектер мен жастары 15, 16-ға жаңа толған жас бозбалалардың сәждеге бастарын қоя салысымен балақтарын кесіп, сақал қойып алатындар да бар. Дәстүрлі дініміздің Ханафи мәзхабы сақал қою мен балақ кесуді міндеттемесе де, бұлай кейінбегенше шын мұсылман бола алмайды дейтіндер де бар.

Сақал қою, балақ кесу, бетті тұмшалау мұсылмандықтың басты шарты ма?

Ардақ Ділдәбекқызы, компания менеджері, Алматы қаласының тұрғыны: «Менің туған дінімізді қабылдап, намазға жығылғаныма биыл 9 жыл болды. Мен де қандай орында да ұятты жерлерді жауып тұратын киімдерді киюге тырысамын, бірақ бет-ауызды тұмшалау, балақ кесу дегенге түбегейлі қарсымын. Меніңше, қазіргі көптеген жастар намазға иілу мен мұсылмандық дәстүрде киінуді өзінше бір көзге түсетін ерекшелік деп түсінетін секілді. Егер паранжамен бүркеніп, балақтарын кесіп жүргендердің дені ең алдымен Ислам дінінің ішкі иірімдерін жете түсініп, өздерінің рухани жан дүниелерін тазартып алса, ешқашан мұндай әрекетке бармаған болар еді. «Намаз оқитын жандар міндетті түрде бет-жүзін көрсетпеу керек» деген заң жоқ. Қазіргі қыз-келіншектердің көбі бет-ауыздарын неге тұмшалап жүргендерін өздері де білмейді. Оның құрық бойлатпайтын еш құпиясы жоқ. Ертеде шығыс елдеріндегі әйел заты шөлді жерлердегі қатты соққан ыстық желмен бірге көтерілген құм топырақ көздеріне түспеу үшін паранжамен бет-ауыздарын бүркемелеуге мәжбүр болған. Мұның мұсылмандық киім үлгілеріне еш қатысы жоқ. Дінге бет бұрудың басты атрибуты бет-ауызды тұмшалау мен балақ кесуде емес».

…Күнделікті өмірде бет-ауыздарын тұмшалаған бойжеткендерді көргенде, оларды тоқтатып, «Неге көзіңізді ғана ашық қалдырып, бетіңізді тұмшалап, жауып алдыңыз?» — деген сауалды қойғың-ақ келеді. Бірақ «Талғамға талас жоқ» дегендей, олардың да «Тақуалық жолды таңдаған бізді сынап-мінегенше, алдымен кіндіктерін ашып, қысқа юбка киіп, сандарын жалтыратып, жартылай жалаңаш жүрген бикештерді жөнге салып алмайсыңдар ма?» — деген қарымта сауал қоятындары да белгілі ғой. Жалпы, мұсылман ағайындардың киімін жүріп-тұруға ыңғайлы, көпшілік орындарда сәнді әрі көзге жағымды көрінетіндей сипатта жасап шығару мен оны сауда орындарында қолжетімді бағаға сату мәселесі — соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген мәселе. Талқыға түскен бұл тақырып аясында отандық сән дизайнерлері мен тігіншілер де біраз еңбектенді. Сөзіміздің жарқын мысалы, өткен жылы экс-мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің бастамасымен Алматы қаласында еліміздегі сән үйлерінің дизайнерлерінің арасында осы мұсылмандық киім үлгісі бойынша «Әсем киім — әйел көркі» атты өткізілген байқау. Осы байқау барысында мұсылман қыздардың киім үлгілерінің шариғат заңы мен қазақы көзқарасымызға сай келуі тұрғысында Әбсаттар қажы өз ойын былайша жеткізген болатын: «Бүгінде әр адам өзінің өмірлік ұстанымына, дүниетанымына, наным-сеніміне, білім деңгейі мен қызметіне, заман талабына сай әртүрлі киінеді. Алайда бұлардың бәрінен де бөлек бір көзқарас бар. Ол – Алла тағаланың бұйырғанындай етіп киіну. Демек, киім киюдің сеніммен, иманмен астасқан жағы да бар. Қазақ халқы сан ғасырдан бері ұстанып келген Ханафи мәзһабында да осылай. Осы тұста басын ашып кететін бір мәселе, қап-қара түсті матадан тігілген және тек екі көзді ғана ашық қалдыратын ниқап кию шариғатымызда парыз емес. Қандай түсті қаласа да, қандай сән үлгісін таңдаса да, киіміне нендей нақыштар мен ою-өрнектер саламын десе де, мұсылман қыз-келіншектердің өз еркінде. Тек шариғат талаптарынан шалыс кетпесе болғаны. Енді не істеу керек? Біздіңше, бұдан шығатын жол – қыз-келіншектерге шариғатқа да сай, ұлттық санамызға да жат емес әрі күнделікті киіп жүруге ыңғайлы заманауи талғамға сәйкес киім үлгілерін жасап, ұсыну».

Хиджаб дауы қайта өршіді

Иман атаулының тәні намаз, жүрегі Құран, сөзі Аллаһқа тілек, жемісі ораза екенін ескерсек, таза мұсылман болудың ең басты шарты да осыған саятыны белгілі. Және басты мәселе сыртқы көріністе емес, пенденің Жаратушыға деген ішкі сенімінің беріктігінде екені де дау тудыра қоймас. «Бүгінгі күні еліміздегі мұсылмандардың киім киісі көңілден шыға ма?» — деген сауалға жауап таба алмай дал болып жүргенде, мектеп пен жоғары оқу орындарына хиджаб киіп келушілерге қатысты әңгіме жаңа серпін алды. Оған басты себеп, жақында ғана сайланған Бас мүфти Ержан Маямеровтің кезекті бір сұхбатында осы хиджаб мәселесіне қатысты айтқан ашық мәлімдемесі. Осы күндері барша БАҚ жарыса хабарлап жатқан аталмыш мәлімдемеде Ержан қажы: «Мектеп пен оқу орындарына хиджаб киіп келушілерге тыйым салу олардың діни сеніміне тосқауыл қоюмен бірдей», — дегенді алға тартады. Ашығын айту керек, оның бұл пікіріне ҚР Білім және ғылым министрлігі мамандары түбегейлі қарсылық білдіруде. Тәлімгер–ұстаздар білім беру ісі мен діни нанымды шатастыруға болмайды, екеуі екі сала, сондықтан оқушылар мектепке сай арнайы формамен жүруі тиіс деген уәж айтады. Балиғат жасына жеткен оқушы қыздар мен студенттердің мұсылмандық жолдағы ресми киімі саналатын хиджабқа қатысты бұл мәселеге нақты нүкте қойылмаса да, көзі қарақты қауым бұған селқос қарамайды екен. Оған біз мына сауалнамада көз жеткіздік.

Еркін Әбілханұлы, құрылысшы-инженер, Астана қаласының тұрғыны:«Сандаған жылдардан бері дауға айналған «Хиджаб» мәселесі қалай дегенде де бір шешімін табуы тиіс деп ойлаймын. Мұсылмандық киімді ешкім еріккендіктен немесе елден ерекшеленейін деген ниетпен кимейді. Бұл имандылыққа бой ұсынған жанның діни сенімінің айғағы. Ал, адами көзқарас тұрғысынан алар болсақ, бұл әр адамның жеке басының ісі. Мектепте де, институттарда да бастарына орамал тартып, хиджаб киіп, бүркеніп жүру кейбіреулер ойлағандай өмір көшінен қалу немесе кемістік емес. Мен хиджаб кигендерді де, кимегендерді де жазғырып, сөгуден аулақпын».

Бақытбек Манап, кәсіпкер, Алматы қаласының тұрғыны: «Біздің зайырлы мемлекет болуымызға, діни сауаттылығымызға хиджаб еш кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Керісінше, мұсылмандық жолға түскен қыздарымыздың жасынан жабық киім – хиджаб киіп, әуретті жерлерін жауып жүруі, имандылық тұрғысында да, медициналық тұрғыда да өте дұрыс деп есептеймін. Исламды қабылдау тілімізді кәлимаға келтірумен ғана шектелмейтіндігін ескерсек, шариғат жолының бір тұтқасы саналатын – мұсылмандық киім үлгісі екенін де естен шығармауымыз керек. Қыздардың хиджаб киюіне тыйым салу тұтастай дінге, пенденің ішкі сеніміне кедергі келтіру деп түсінемін».

… «Хиджаб» сөзінің тікелей аудармасы «жабық киім» деген ұғымды білдіреді. Аты айтып тұрғандай, бұл «жабық киім» иісі мұсылман қауымның тақуалық жолдағы басты киімі болып саналады. Бірақ бұған қазіргі заман адамдары мен үкіметтік ұйымдардың көзқарастары да әрқилы. Жалпы, үнемі хиджаб киіп жүретін жоғары білімді қыз-келіншектердің қолдарында білектей дипломдары бола тұра өздері қалаған қызметке орналаса алмауы да әр басшының осындай жеке көзқарасы мен ұстанымына саяды. Сол секілді мектеп жасындағы қыздардың өзі оқитын білім ұясына орамал тағып келуі де олардың құрдастарының ғана емес, білім ордасы басшылары мен педагогикалық ұжымның пікіріне байланысты. Осыған орай жастайынан балаларын имандылыққа баулыған ата-ана мен ұстаздар қауымының арасында түсінбеушілік орын алып, арты жанжалға ұласып кететін жәйттер де орын алып жататыны жасырын емес.

Роза Байғабыл, Шымкент қаласы № 75 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:«Соңғы 2-3 жыл аралығында біздің мектеп-гимназияда да жоғары сынып оқушылары арасында дін жолына түсіп, хиджаб киіп келетіндер болды. Бірақ біздің оқу орнының әкімшілігі оған дер кезінде тойтарыс бердік. Өйткені әлі оң-солын танымаған оқушы қыздар арасында өзін мұсылманмын дей жүріп, жасырын басқа діннің шылауын көтеріп, жасырын «Иегово» секілді секталарға барып жүргендер де анықталды. Бұл өте қауіпті. Ондай «мұсылман қыздар» басқа діндерді насихаттайтын әдебиеттер әкеліп, құрбыларын үгіттеп, оқушыларды тұтастай Ислам дініне деген пайым-түсініктерінен ажырата бастады. Сол себепті де қазіргі уақытта біздің мектеп-гимназияда оқушы қыздардың хиджаб киіп келуіне қатаң тыйым салынған. Оған себеп: Біріншіден, паранжа біздің халқымызға тән киім емес, екіншіден ҚР Білім министрлігінің тарапынан бекітілген барлық шәкірттерді бір-бірінен бөліп-жарып қарауға мәжбүрлемейтін мектептің арнайы киім үлгісі бар. Дін мен білім беру саласын біртұтас дүние ретінде қарауға болмайды. Қалай дегенде де әр нәрсе өз орнымен, өз уақытымен болғаны дұрыс деп ойлаймын».

Хиджаб жайлы Елбасы осыдан бір жарым жыл бұрын Түркістан қаласына барған сапарында «Шығыс әйелдері ешқашан бүркеніп жүрмеген, өзіміздің салт-дәстүрімізге сай киінген. Білім ордаларында қыздардың орамал тағып, хиджабпен жүруі санаға сыймайды», — деп ашық мәлімдеген болатын. Бұл тұрғыда дін өкілдерінің де айтар өз уәждері бар:

Кенжеәлі Қажы Мырзабай, Алматы қаласы, «Тастақ» мешітінің бас имамы: «Адам баласы көбінесе рухани сауатсыздықтан, рухани жұтаңдықтан адасып, өз жолын таба алмай жатады. Бетті паранжамен тұмшалау біздің қазақ қыздарына тән емес, бұл араб мемлекетіндегі шөлді климатта, құмы көп аймақта өмір сүретін әйел адамдардың қорғану мақсатында жабынатын киімі болып табылады. Ислам дінінің қағидасы бойынша әйел заты көпшілік орында да, намазда сәждеге бас қойған кезде де әуретті жерлерін жауып жүруі тиіс. Бүгінгі таңда еліміздегі орта мектептер мен институттарда білім алатын қыздарымыздың бастарына орамал тағуына тыйым салу, ол олардың діни сеніміне тосқауыл қойып, олардың Аллаһ ризашылығы жолында жасайтын ізгі амалдарын аяқ асты етумен бірдей. Меніңше, бүгінгі күні білім беру орындарында хиджаб кигендерден гөрі кіндіктерін ашып, жартылай жалаңаш жүргендерден қорқуымыз керек. Ислам дінінің қағидасы мұсылман әйел затына әуретті жерлерін жауып жүру қажеттігін ескертеді, бірақ, басқаның діні мен салт-дәстүрін ұстан деп мәжбүрлемейді. Әрине, қазақ қыздарына міндетті түрде сәукеле киіңдер деп айтудан аулақпыз, бірақ болашақта төл ұлтымыздың аруларына лайықты бас киім үлгісін ойлап табу бүгінгі дизайнерлердің ең басты міндеттері болуы тиіс. Ислам дінін қабылдаған қазақ қыздары қандай жерде де орамал тартып немесе өзіне жарасымды бас киім киіп жүрсе, оның еш айыбы жоқ».

Пікірлер:

Асанәлі Әшімов, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

«Ұлтымызға тән киім үлгілері ғажап. Өзіме қазақтың әрбір ұлттық киімі жасандылықтан ада, табиғи дүние секілді болып көрінеді. Бұл қазақтың табиғат сырларын терең ұғынғанынан шығар. «Қыз Жібек» фильмінде ойнағанда, ұлттық киімде жүріп тұру дегеннің не екенін әбден түсіндік қой».

Өмірзақ Айтбайұлы, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, академик:

«Шариғат дегенде, қазақ халқы еш уақытта жалаңаш денесін жұртқа көрсетіп жүрмеген. Бірақ сонымен бірге ешқашан бетін тұмшалап, тек көзін ғана ашық қалдырып, қалған жеріне қап-қара киім кимеген. Сондықтан ашық түсті, қазақы әшекейлеріміз салынған киім үлгілерін жасап шығару келешегіміз үшін өте маңызды».

Түйін:

…Сонымен, бүгінгі таңда Әбу Ханифа мазһабын ұстанушы мұсылман қауымының ғана емес, тұтастай қалың жұртшылықтың көкейіндегі басты сұрақ — «Оқушылар өздерінің төл формаларымен жүруі тиіс пе, әлде алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан имандылықты ескерген арнайы бір шешім қабылдана ма? Бұған бірден кесіп жауап беру қиын әрі ол қалай дегенде де уақыттың еншісіндегі іс. Көршілеріміз өзбектің тақиясы мен қырғыздың айыр қалпағы осы халықтардың ұлттық бас киімдеріне айналды. Бәлкім, біздің сәнгерлердің де мұсылмандық жолды ұстанған қазақ бойжеткендерінің ғана емес, жалпы барша қаракөздердің көпшілік орындарда еш қысылмай киіп жүре алатын бас киімі мен тақуалардың жазғы, қысқы сыртқы киімдерінің ұлттық нақыштағы, замануи үлгідегі жобасын ұсынатын кезі келіп жеткен шығар…

 АРАЙ САХАРИЕВА ,

http://www.kazakzaman.kz/