АЛТЫНОРДА
Новости

Ходорковский Швейцарияға барды

Михаил Ходорковский әке-шешесі Марина және Бориспен, ұлы Павелмен, бұрынғы жұбайы Еленамен бірге тұр. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.Ресейдің бұрынғы олигархы Михаил Ходорковский Берлиннен Швейцарияға барды. Ходорковскийдің өкілі Кристиан Ханненің хабарлауынша, бұрынғы олигарх Швейцарияға әйелі және екі баласымен бірге пойызбен барған. Ходорковскийдің балалары Швейцариядағы мектептердің бірінде оқиды.
Михаил Ходорковский әке-шешесі Марина және Бориспен, ұлы Павелмен, бұрынғы жұбайы Еленамен бірге тұр. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Осыдан бір апта бұрын Швейцария билігі Ходорковскийге үш айға виза берген еді. Бұл туралы Швейцарияның Германиядағы елшілігі 2013 жылы 30 желтоқсан күні хабарлады. Елшіліктің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Ходорковскийге виза үш ай мерзімге берілген. Виза оған Еуропаның Шенген аймағына кіретін мемлекеттері арасында еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Шенген аймағына Швейцария да кіреді.

Ходорковскийдің ұлы Швейцарияда оқиды және онда өзінің де жұмыстары бар.

50 жастағы Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген.  Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.

2013 жылдың жылы 20 желтоқсанда рақымшылықпен босатылған Ходорковский өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мойындамаған.

Батыс елдері Кремль Ходорковскийді ол оппозицияға қолдау көрсеткені үшін қуғындады деп біледі. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды.

Ходорковский түрмеден шығысымен, 2013 жылы 20 желтоқсан күні Берлинге кеткен. Германия үкіметі оған бір жылға виза берді.

Ол Берлинге барған соң баспасөз мәслихатын өткізіп, саяси тұтқындар құқығы үшін күресетінін айтқан.

Одан бұрын шағын журналистер тобымен кездесуде Ходорковский бизнеске және саяси билік үшін күреске қатыспайтынын айтқан еді. Бірақ қоғамдық қызметтен шеттемейтінін сездірді. Сонымен бірге ол Ресейге оралатын болса өзін ол елден қайтадан шығаратындығына күмәнданатынын айтқан.

«Менде ондай мүмкіндік болуы үшін Жоғарғы сот ЮКОС компаниясының бірінші ісі бойынша менен және досым Платон Лебедевтен 500 миллион доллар өндіріп алу туралы талаптың күшін жою туралы Еуропалық адам құқығы жөніндегі соттың шығарған шешімін мақұлдауы тиіс. Олай болмайынша, мен Ресейге барсам, қайтадан шығуға рұқсат ала алмауым ықтимал» деді Ходорковский.

Бұған қоса ол ЮКОС ісі бойынша осы кезге дейін шығарылған айыптау үкімдеріне шағым беру жұмыстары жалғасатынын айтты.

Ресей үкіметі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының шешімін орындап, ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы, түрмеден шыққан Михаил Ходорковскийге өтемақы төлейтінін хабарлады.

2013 жылы шілде айында Страсбург соты Ресей сотының Ходорковский мен ЮКОС-тың тағы бір бұрынғы басшысы Платон Лебедевтің алғашқы ісі бойынша шешімі меншік құқығын қорғауға кепілдік беретін Еуропа конвенциясының талаптарына қайшы келеді деп танып, Ходорковскийге 10 мың еуро көлемінде өтемақы төлеуге шешім шығарған еді.

http://www.azattyq.org