Ел экономикасындағы проблемаларға байланысты қоғамда наразылық күшейіп отырған Хорватияда президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр.
Бүгін таңертең жергілікті уақытпен таңертегі сағат жетіде басталған дауыс беру кешкі сағат жетіге дейін жалғасады. Сайлаудың екінші кезеңіне елдің қазіргі президенті Иво Йосипович пен оның бәсекелесі, консерваторлар өкілі Колинда Грабар-Китарович шыққан еді.
Социал-демократиялық партияның мүшесі Йосипович алғашқы турда берліген дауыстардың 38,5 пайызын жинап алға озған еді. Грабар-Китарович одан бір пайыз кем дауыс жинаған болатын.
Биыл парламент сайлауын өтетін Хорватиядағы бұл президент сайлауы Йосиповичті қолдайтын солшыл центристік коалиция үшін де сынақ болмақ. Қазіргі президенттің экономикадағы дағдарыспен күрес әдістері сынға қалып отыр.
Бұрынғы сыртқы істер министрі, «Хорватия демократиялық ынтымақтастығы» оппозициялық партиясының өкілі Грабар-Китарович 2011 жылдан 2014 жылға дейін НАТО бас хатшысының бұқаралық дипломатия жөніндегі көмекшісі болып істеген.
Жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат жетіде дауыс беру учаскелері жабылған соң бюллетеньдерді санау басталады. Сайлаудың алдын ала ресми нәтижесі шамамен сағат 22-нің кезінде жариялануы мүмкін.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html